Мәскеудегі Қазақстан елшілігіне жақын жерде жарылыс болды
Наурыздың соңғы аптасы Мәскеу үшін қайғылы оқиғамен басталды. Дүйсенбі күні ел астанасында болған екі бірдей жарылыс жазықсыз жандарға жапа шектірумен аяқталды. Нақтылай айтсақ, Мәскеу қаласындағы метрода болған қос жарылыстан 37 адам қаза болып, 65 адам жараланған.
Мәскеулік құқық қорғау орындары дүйсенбіде болған дүрбелеңді бірден лаңкестер қолымен жасалған терактіге жатқызды. Жарылыстың біріншісі сағат 7:56-да «Лубянка» метросында, екіншісі «Парк культуры» метросындағы «Улица Подбельского» станcысына бара жатқан пойызда болған. Мәскеу прокуроры Юрий Семиннің БАҚ-та жарияланған мәліметтеріне сүйенсек, «Лубянка» стансысындағы жарылыс «Юго-Западная» стансысына бара жатқан пойызда орын алған. Көлік жолаушыларды түсіріп болып, «Чистые пруды» стансысына бет алған сәтінде жарылғыш іске қосылған. Ал сол маңға жақын жерге Ресейдегі Қазақстан елшілігі орналасқанын айта кетейік. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Аптаның алғашқы күні Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Ілияс Омаров жарылыс құрбандарының қатарында Қазақстан азаматтарының жоқ екенін айтты. «Қазақстан елшілігі Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдады. Олардың берген мәліметі бойынша жапа шеккендер арасында біздің елдің азаматтары жоқ. Ал Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені қатаң бақылауда ұстайтын болады», – деді І.Омаров. Сондай ақ ол ЕҚЫҰ төрағасы, Мемлекеттік хатшы — сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың аталмыш лаңкестік әрекетті қатаң айыптайтынын жеткізді. Қ.Саудабаев қайтыс болғандардың отбасылары мен Ресей халқына және Үкіметіне көңіл айтқан. Ал оқиғаға сай, Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Александр Бортниковтің жариялаған сараптама нәтижесі бойынша, лаңкестер қопарғыш зат ретінде гексогенді пайдаланған. «Лубянка» метросында қуаттылығы 4 келі мөлшеріндегі тротил қопарғыш заты жарылған болса, «Парк культуры» метросындағы жарылысқа 1,5-2 келідей тротил пайдаланылған», – дейді ол.
Қазір метродағы лаңкестік әрекеттер бойынша қылмыстық іс қозғалып, оны РФ бас прокуроры Сергей Чайка өз бақылауына алды.