Балаларға жол қозғалысы ережесін насихаттау мен қала көшелерінде қауіпсіздік дағдыларын үйрету, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, Мақтаарал ауданында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соның бірі аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары полиция аға лейтенанты Думанжан Тұрсынбай мен полиция лейтенанты Иса Қалмомын, «Мақтажан», «Береке», «Бірлік» жалпы орта мектептерінің 4-сынып оқушыларына жол ережелері бойынша арнайы сабақтар өткізді.
Сонымен қатар жоғарыда аталған бастауыш сынып оқушыларымен «Менің қаламдағы қауіпсіз жол қозғалысы» тақырыбында суреттер салынды. Барлық белсенділік танытып, сабақтың қызықты өтуіне ат салысқан оқушыларға полиция қызметкерлері тарапынан тәттілер таратылды.
Өз кезегінде мектеп оқушылары тәртіп сақшыларының маңызы зор дәрістері үшін алғыстарын білдірді. Алдағы уақытта жолда жүргенде ережеге сай жүріп-тұрып, тәртіпті де білімді ұрпақ болуға уәде берді.
Жалпы бұл шара ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес «Бала және бағдаршам» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі