«Мак – 2012» – маңызды шешім
Нашақорлық бүгінгі таңда басты заман кеселіне айналғаны ақиқат. Сондықтан онымен аяусыз күрес тәртіп сақшыларымен қатар, барлық қоғам алдындағы үлкен міндет деп білген ләзім. Жақында Қостанай полицейлері «Мак – 2012» шарасы нәтижесінде 23 есірткі қылмысын анықтап, кінәлі азаматтарды темір торға тоғытты.
Есірткі бизнесінің заңсыз айналымына тосқауыл қойып, нашақорлықтың тамырына балта шабуға бағытталған бұл операцияға Қостанай полицейлері сақадай-сай әзірлік танытты. Күн-түн демей есірткі сатуға құныққан жандардың соңынан шырақ алып іздеген олардың жұмысы ақыры күткен нәтижесін де беріп үлгерді.
Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рудный қаласының есірткі бизнесімен күрес бойынша полиция қызметкерлері ірі көлемде нашақор сатумен айналысқан екі адамды қолға түсірді. Мұнымен қоса, есірткіні іш киіміне тығып сатқан әйел адам да ұсталып, заң алдында жауапқа тартылды.
Аталмыш шара облыс аумағында қоңыр күзге дейін жалғасын табады деп күтілуде.