Бұған дейін Талдықорған қаласында өткізіліп келген аудан-қалалардың мәдени күндері қазір әр аудан орталықтарында және үш ауданнан бірігіп өткізілуде. Бұл жаңашылдық дәстүрлі шараға тың серпін беріп отыр.
Жуырда Қарасай, Талғар, Жамбыл аудандарының жұртшылығы Алатаудың баурайындағы «Ақбұлақ» спорт кешенінің аумағында ақ шаңқан киіз үйлерін тігіп, өнерлерін ортаға салды. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында қанатын кеңге жайған бұл айтулы шарада осы өңірлерден шыққан спорт саңлақтары, ақын-жазушылар, өнер иелері бас қосты.
Қаламгерлер кездесуінде журналист-жазушы, «Егемен Қазақстан» газеті Алматы бөлімшесінің жетекшісі Қорғанбек Аманжолдың «Алапа» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Талғарлық ақын Мұса Жанәділов кітаптың тұсауын кесіп, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Әбубәкір Қайран авторға арнау өлеңін оқыды. Аталған аудандарда кіндік қаны тамған ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы кеңінен сөз болып, олардың сөзіне жазылған әндер шырқалды.
Жалпы, Алматы облысында мәдениетке ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, осы салаға өткен жылы 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Қаламгерлерді қолдау алғаш қолға алынған 2006 жылдан бері 175 жергілікті ақын-жазушының кітабы жарық көріпті. Ал биылғы жылдың бірінші жартысында 29 жинақ басылып шықпақшы.
Бұл күні қалың жұртшылыққа қылқалам шеберлері, қолөнершілер, әнші-бишілердің өнерімен қатар, өңірлердің экономикалық дамуын қамтамасыз етіп отырған барлық саланың жетістіктері паш етілді.
Серік МҰҚАНОВ, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
– «Ағайын араласпаса жат болады» дегендей, сегіз жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл игі дәстүрдің мақсаты – аудан тұрғындарын бір-бірімен жақын араластырып, оларды өнердегі жетістіктерімен және ауылдардың өркендеуімен жан-жақты таныстыру. Сонымен қатар ұлтаралық келісім мен бірлікті одан әрі нығайтудағы рөлін көтеру болып табылады. Ең бастысы, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, ұлттық құндылықтарды, сүйіспеншілікті сіңіру, сондай-ақ өнерге қадам басқан жаңа есімдерді анықтап, оларды кеңінен насихаттау.
Мәдени күндердің мазмұны бөлек
Последние статьи автора