Қаржылық қадағалау агенттігі мен зейнетақы қорлары, басқарушы компаниялар өкілдері кірген жұмысшы топ консервативті портфель әдісін мерзімінен бұрын енгізу мәселесін талқылады. Ұжымдық инвестиция жасау мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңда екі түрлі инвестициялық портфель принципін 2012 жылдан енгізу қарастырылған.
Бұдан бұрын айтылып жүрген агрессивті портфель дағдарысқа байланысты қолданылмайтын сыңайлы.
Есімін атамауды өтінген сенімді ақпарат көзі: «Консервативті портфель саясатын енгізуге ірі зейнетақы қорлары мүдделі болып отыр», – дейді. «Әзірге салымшы қаржысының бір бөлігі міндетті түрде консервативті портфельде ұсталуы керек пе, бұған зейнетақы жинағының қандай мөлшері аударылады» деген сауалдарға жауап жоқ. Өйткені жұмысшы топ алғаш рет кездескендіктен, тараптардың ыңғайы мен емеуріні ғана ортаға салынған.
Қаржылық қадағалау агенттігі қыркүйек айынан бері зейнетақы қорларының инвестициялық тактикасына бақылауды күшейтті. Осы уақытқа дейін зейнетақы жинақтарын басқарушы компаниялар бір кәсіпорын құнды қағаздарына инвестиция мөлшерін 10 пайыздан асырмау қағидасын ғана басшылыққа алған еді. Енді осы құнды қағазды не мақсатпен сатып алатыны, оның тәуекелі туралы реттеуші органға көлемді есеп тапсырулары керек.Бұл талапты орындау үшін бірқатар зейнетақы қорлары қосымша штат ашып, талдау бөлімін ашқалы отыр.