Ең алғашқы коньки Еуропа мен Ресейде емес, Қазақстанда табылған. Тарихшылардың айтуынша, б.з.д. ХІІ ғасырда, яғни үш мың жыл бұрын Көкшетау өңірін мекендеген тайпалар коньки тебе білген. Спорттың қадірін ерте түсінген қола дәуiрінің адамдары сол кездің өзінде өркениетке қадам басқан сыңайлы.
Бұл ғаламдық сенсация еуропалықтардың осы уақытқа дейінгі қалыптасқан түсінігін жоққа шығармақ. Себебі Британия бастаған Скандинавия елдері "конькиді біз ойлап таптық" деп жар салса, Голландия өзін конькидің отанымыз деп жариялаған болатын. Орыс ғалымдары да өз зерттеулерін жүргізіп, коньки одан бұрын Одессада жасалды деген тоқтамға келген еді. Ал қазақ ғалымдары бұны баяғыда-ақ дәлелдеп тастапты.
Әбдіманап Оразбаев өз қазбаларында 1964 жылы Ғылым академиясының экспедициясына жетекшілік ете жүріп, Көкшетау облысы, Красноармейская ауданы, Октябрь селосы жанындағы Шағалалы өзенінің жағасынан қола дәуір қоныстарын қазып, еңбек құралдарымен бірге сүйек конькиді тапқан болатын.
Әбдіманап Медеуұлы тапқан жаңалығын сол кезде шетелдерге арнап Мәскеуден шығатын "Совет лайф" журналында жариялайды. Сөйтіп, қазақ жерінде коньки тебілгенін әлемге паш етеді. Іле-шала бұл сенсацияны естіген еуропалықтардан ғалымның атына хаттар келе бастайды. Ал археологтың «өз жұрты» жаңалықтан күні бүгінге дейін бейхабар қала берген. Егер спорттың бұл түрін елімізде кеңінен насихаттағымыз келсе, келер жылы өтетін қысқы Азияда ойындары қарсаңында осы жаңалықты көпшілікке паш еткеніміз жөн болар.
Бұл жаңалық осыдан жарты ғасыр бұрын жасалғанымен, әлі күнге дейін көпшілікке кеңінен жарияланбапты. Ұстазының жолын жалғастырған ғалым Ұлан Үмітқалиев ғаламдық сенсация ғалымдардың өз ортасынан аса алмай қалғанына өкінеді.
Ұлан ҮМІТҚАЛИЕВ, тарихшы, археолог:
– Сүйек коньки жылқының жілік сүйегінен жасалған. Дөңгелек сүйекті қақ жарып, астын жылтыратып өңдеген. Аяққа байлауға арналған тесігі де бар. Табылған заттардың ішінде балалар конькиі де кездеседі.