Көлік қақтығыстары тоғыз адамды опат қылды
Еліміздің автокөлік жолдарында – тағы да ірі апат. Алматы облысының Ұйғыр ауданында жеңіл және жүк көліктері соқтығысып, алты адамның өмірін қиды. Бірнеше адам қатты жарақат алып, ауруханаға түсті. Кеше Алматыда тағы екі көлік түйісіп қалып, үш адам опат болды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының хабарлауынша, көлік апаты Ақсай – Шонжы – Қалжат автокөлік жолының 47,8-шақырымында болды. Mitsubishi автокөлігі МАN жүк көлігімен бетпе-бет түйіскен. Алдыңғысында 1958 жылғы жүргізуші А.Валиевпен бірге сегіз жолаушы болған. Олардың алтауы сол жерде жан тапсырды. Қайтыс болғандардың төртеуі әйел адам. Осы көлікте болған Г.Жұмашева, А.Лукин деген жолаушылар аман, түрлі жарақат алғандықтан ауруханаға жөнелтілді. Кеше Алматы қаласы аумағында тағы бір ірі көлік апаты тіркелді. Медеу ауданы аумағындағы шығыс айналма жолында Honda және Mercedes жеңіл автокөліктері түйісіп қалды. Апат орнында 30-дар шамасындағы үш әйел қайтыс болды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында бір жасқа толмаған сәби де бар.