Көлеңкедегі көшет секілді күй кешкенімен, тапқан табысы қыруар көлеңкелі бизнестің бүгінде айдарынан жел есіп тұр. Қаржы полициясы ініне су құйған суырдай індетіп жүріп іздеп тауып, сыбағасын беріп жатқанның өзінде әзірге айылын жимай келеді. Заңнан жасырып, тиындап емес, миллиардтап қаржыға кенелген көлеңкедегі олардың кесірі экономиканың нақты секторындағы отандық өндірушілерге тиіп-ақ отыр. Заты бар да, аты жоқ көлеңкелі бизнес бүгінде «басқа шауып, төске өрлеп тұр»...
Жалған кәсіпкерлікпен қарнын тойдырып, қалтасын қампайтқандарға құрылған тұзақ-тұсау құрлы болмай тұр. Контрабандалық тауарлардан бастап, салық төлеуден жалтару, жалған кәсіпкерлікпен айналысу сынды көлеңкедегі бизнестің «көптүрлілігі» жыланды қырық жерден кессеңіз де, кесірткедей қауқары калатынын көрсетіп бақты.
Табанынан таусыла жұмыс іздеген пақырды жұмысқа қабылдап, содан соң кемі 10-20 күн, көбі 1 ай тегін жұмыс істетіп, «жарамайсың!» деп шығарып жібере салу да – жалған кәсіпкерліктегі алаяқтардың әрекеті. Бұл да ешкімге таңсық емес. Жұмыс күшін тегін пайдаланып, салықтан да, айлық төлеуден де оңай құтылатын көлкеңкедегі кәсіпкерлік елдің еңбегін жеп жатыр. Бұл – бер жағы. Бұлар – шабақтар. Ал шортандарының ауға түскені аз.
Бұрын жария етілген мәліметтер бұл «бейдауа» бизнес арқылы жекелеген мүдденің «мұратына» кететін ақша көлемі әлемдік жалпы ішкі өнімнің 2-5 пайызын құрайды дейді. Ал еліміз бойынша ұсталып, ашылғаны кейінгі жылдарда 3 мың 127 қылмысты құрапты. Олар 112 миллиард теңге зиян келтіріпті. Оның тең жарымы ғана мемлекетке қайтарылған болса, жарымы, аллауахбар, жоқ.
Жалған кәсіпкерлік дегенде, көз алдымызға күн сайын ашылып жатқан зауыт-фабрикалар қаз-қатар тұра қалатыны несі екен? Арам ақшамен халықтың адал асын асап, онысы жұмырына жұқ болмай тұрған көлеңкелі бизнестің араны неткен үлкен еді?
Бүгінде еліміздегі көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімнің 30-40 процентін құрайды. Еуропаның өркениетті елдерінде көлеңкелі экономиканың үлесі жалпы ішкі өнімнің 12 процентіне жетеді. Ал Еуропалық одаққа кіретін орташа даму деңгейіндегі елдерде бұл шамамен 20 процентке жуық. Дамушы елдерде 30-40 процентті құрайды. Ал ҚР статистика жөніндегі агенттігінің мәліметіне сәйкес, еліміздегі бақылау аясына ілікпеген экономиканың ауқымы жалпы ішкі өнімнің 22 пайызына тең. Бірақ әр жерде бұл дерек әртүрлі айтылады. Десек те, көлеңкелі бизнестің елімізде етек жайғаны аян. Бірақ оның қашан көлеңкеден көп алдына шығары тағы белгісіз...
Шөп-шалам сатқан тұтылып, зауыт ұрлаған құтылған бизнес
Бұлай демеске амал жоқ. Көптеген зауыт, фабрикаларға миллиардтаған қаржы құйылып, ақыр соңында қаңтарылып қалғанын көріп те жүрміз. Жобалық қуатына шықпақ түгіл, бір тауарын ұсына алмай отырғандары да бар. Ал есесіне көшенің қалтарыс-бұлтарысында шөп-шалам, шемішке, кәкір-шүкірін сатқан әже мен кедей-кепшіктерді қуып әлек құзырлы орындар. Өздерінше тапқан «көлеңкелі бизнесі» баяғы.
Кей деректер бұл бизнестің бұған дейін жыл сайын 20-30 пайызға өсіп отырғандығын айтады. Баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттарға жүгінсек, 2008 жылы 360 жалған кәсіпкерлік тіркелсе, 2009 жылы – 560, 2010 жылы 889-ы тіркелген. 2011 жылы ол 443-ке азайған. Ал бір ғана 2011 жылдың өзінде мемлекетке келген зиян 33,7 миллиард теңге болыпты.
Бір басылым бетінде Гүлжан Қарағұсова «Адамзат баласының тарихына қарасақ, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен «көлеңкедегі бизнесті» түп-тамырымен жойған мемлекет те, қоғам да жоқ. Бұл екі жегіқұртты жеңу мүмкін емес. Сондықтан Жер шарындағы елдердің барлығы олардың деңгейін төмендетуге, яғни қылмыстық деңгейге жеткізуге күш-жігерін аямай жұмсайды. Мысалға, «көлеңкедегі экономика» мен сыбайласқан жемқорлық бар-жоғы 3-5 пайызды құрайтын Скандинавия түбегіндегі дамыған мемлекеттерді (Финляндия, Норвегия, Дания және т.б.) алайық. Оларда мұндай жалған бизнестің айы оңынан туып тұрған жоқ. Яғни көлеңкедегі экономика, жалпы алғанда, ел экономикасының 10 пайызынан аспайтын болса, онда бұл іс жүзінде қатардағы қылмыс болып саналады. Қылмыстық әрекеттермен күресудің сан алуан тәсілдері бар. Скандинавия елдері сондай тәсілдерді жүзеге асыруда.
Біздің еліміз де «көлеңкелі бизнестің» деңгейін төмендету үшін бар ерік-жігерін салып бағуда. Заңнамалық жүйемізді халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жатырмыз. Қаржы министрлігінің жанында заңсыз айналыммен және ақшаның ізін жасырумен күресетін арнайы комитет бар. Сол комитет қандай да бір ақшаның бөлігі банктік құрылымдар арқылы шетелдерге кететін болса, екі арадағы мәміленің заңды немесе заңсыздығын тексереді. Яғни мұндай механизмдер бар. Алайда бума-бума ақшаны үлкен шабаданға салып әкететіндер де жоқ емес. Өкініштісі сол, мұндай жағдайда ешкім кедергі келтіре алмайды. Жарайды делік. Ондай алаяқтар еліміздің шекарасынан өтіп кетеді. Бірақ басқа елге барып, тағы да шекарадан өтпей ме?.. Ондай жағдайда алаяқтықтың құйрығы бір-ақ тұтам екеніне көздері жетіп, бармақтарын шайнайды. Жалған кәсіпкерлік қанатын кеңге жаюда. Шетелдерде бұл ұғымды «кір жуғыш компаниялар» деп атайды. Яғни бұл кәдімгі арам ақшаның ізін жасыратын жерлер. Онда заңсыз жолмен табылған арам ақшаларды жасырып, артынан заңдастырады» деп ашына айтқаны бар.
«Кір жуғыш компания» кімнің мүддесін көксейді?
Көлеңкелі экономикамен күресті жеделдетуді Елбасының өзі де баса тапсырғаны мәлім. Ендеше, бұл күресте итжығыс болмауы тиіс. Өйткені, былтыр жария етілген деректерге сүйенсек, көлеңкелі экономиканың еліміздегі үлесі 30 миллиард доллардан асып кетіпті.
«Қаржы полициясының мәліметі бойынша, көлеңкелі экономикадағы ақша айналымы 30 миллиард доллардан асып отыр. Жалпы ұлттық өнімнің көлемі 2011 жылы 27 триллион теңгені құрады. Бұл – көлеңкелі экономиканың жалпы экономикадағы көлемі 16 пайыз деген сөз. Оны заңға сәйкес жұмыс істейтін секторға шығару үшін ең алдымен бизнес жүргізу тетіктерін оңтайландыру қажет», – деп мәлімдеген болатын былтырғы жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғабит Лесбеков.
Сонда әлемде «кір жуғыш машина» аталған жалған кәсіпкерлік кімнің мүддесін көксеп отыр? Және бұл жалған кәсіпкерліктің түп тамырында кімдер тұр? Мәселе сонда. Әрі-беріден соң қатардағы қарапайым адамның миллиардтаған қаржыны қажет ететін компания ашуға шамасы да, шарқы да жетпейді. Сондықтан жалған компаниялардың иелерін анықтап, көлеңкелі бизнеспен күрескен жөн. Ал сол бизнесін «көлеңкесімен» жауып отырғандарды қайтпекпіз?
Көлеңкелі бизнес кімнің көлеңкесінде отыр?
Последние статьи автора