«Киік төлдеген кезде қасқырдың тісі қақсайды». Инспектор киіктің киесі жайлы айтып берді

«Киік төлдеген кезде қасқырдың тісі қақсайды». Инспектор киіктің киесі жайлы айтып берді

13 мамырда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті БАҚ өкілдерін жинап, Бетбақдаладағы киіктер популациясы, оларды қорғаумен айналысып жүрген инспекторлардың жұмысы, Қызыл кітапқа енген дала жануарының төлдеу маусымымен таныстырды.

Таңғы сағат 8-де басталған сапарды «Охотзоопромның» бас инспекторы Достай Балғабекұлы бастап барды. Жол талғамайтын көлікпен киіктер мекендейтін Ақмола облысындағы Жақсы ауданы, Тайкеткен деген елдімекеніне Нұр-Сұлтаннан шыққан жолаушылар түскі 13:00-ден өте жетті.

Мамандар көліктерді киіктер жаппай төлдеп жатқан аумақтан 3-4 шақырым алыс жерге қойып, ары қарай тілшілерді жаяу ерітіп апарды. Себебі, киіктер көлік шуынан шошынса, ол аумаққа қайта жоламайтын көрінеді.

«Бүгін киіктер төлдеп жатыр. Қазірдің өзінде осы жерде 70 мың бас киік бар, оның 10 мыңы - аталық теке, 60 мыңы - аналық киік. Жақында ғана киік санағы жүрді. Жыл сайын өсім бар екені байқалады. Солтүстікте Ақмола, Баянауыл, орталықта Қарағанды, Қостанай облыстарында да киіктер бар. Біз тұрған Тайкеткен елдімекенінде биыл шамамен 60 мың киік төлдейді. Әр киік екі лақтан туады, бір ғана лақтың туылуы сирек кездесетін жағдай. Киіктердің төлдеу маусымы 5-10 күне ғана созылады. Дәл осы уақыт табиғатта «Құралайдың салқыны» деп аталған құбылыс басталады. «Құралайдың салқыны» киік лақтарының суықтан денесін тез жинап, орнынан тұруына, жас төлдің үстінің кебуі мен кіндігінің түсуіне әсер етеді. Байқағандарыңыздай, киіктер төлдеп кете береді, ал лақтарды аналықтардың бәрі кезек-кезегімен емізеді. Жаңа туған лақтары 2 сағаттан кейін адамға жеткізбейтіндей шауып кетеді», - деді инспектор.

Біз киіктердің төлдеу маусымының екінші күніне тап келіппіз. Инспекторлар «перзентхана» деп атайтын аумақта жаңа туған құралайлар күнге қыздырынып, желмен жарыса ойнақ салып жүр.  Аталықтары мен аналықтарын жақын маңнан көруге мүмкіндік болмады, ал, жас төлдерін инспекторлардың нұсқауымен, барлық қауіпсізідк шараларын сақтай отырып, фотоға түсіріп, қолға алып көрдік.

Киіктердің алаңсыз төлдеуіне жағдай жасап жүрген инспекторлар биыл броконьерлер тарапынан ешқандай шабуыл болмағанын айтты. Негізі, киік мүйізін сатушылар дәл осы төлдеу маусымында киіктердің аталықтарын аулайды екен. Оның өзіндік себебі де бар.

«Біздің қызметіміз киік төлдейтін уақытта оларды броканьерлерден қорғау. Киіктер өздігінен лақтағанымен, төлдеу мерзімінде олардың аталықтары үйірінен бөлек кетеді. Броконьерлер де осы сәтті пайдаланып, олардың текелерін аңдуға шығады. Себебі, киіктің ұрғашысында мүйіз болмайды. Теке мүйізінен бөлек, олар көліктерімен жаңа туған лақтарды басып, аналықтарын үркітіп тастауы әбден мүмкін. Сосын тағы бір ескеретін жәйт, табиғаттың тепе-теңдігі дейміз бе, киіктердің қасиеті дейміз бе, дәл осы кезде жыртқыштардың тісі ауырып, шабуыл жасай алмайды. Құралайдың салқынынан соң, жаңбыр жауады. Оны «Құралайдың артын жуар» деп атайды. Міне, осылайша табиғат ана киіктердің аман-сау төлдеуіне жағдай жасаса, инспекторларымыз осы аумақты адамдардың шабуылынан күзетеді. Жаппай төлдеу 3-4 күнге созылады. Он шақты күн өткен соң қалғандары төлдейді», - деді Достай Балғабекұлы.

Тайкеткендегі 70 мың киікті броконьерлерден қорғап жүрген 12 инспектор бар. Олардың барлығы жол талғамайтын көлік, қару-жарақ, байланыс телефонымен (спутник) жабдықталған.  Мамандардың жатын орны мен тамақ ішетін жері - жылжымалы камаз буткалар. 15 тәулік үй бетін көрмей далада жүрген инспекторлардың айлығы орта есеппен 80 мың теңгені құрайды. Одан бөлек, іссапар төлемі, броконьерлерді ұстаған жағдайда айлыққа қосылатын 150% үстемақы бар.

«Биылдыққа броканьерлердің шабуылы тіркелмеді. Өткен жылы 8 қылмыстық іс қозғалды. Осында жүрген жігіттердің көпшілігі 25-27 жас аралығында. Олар аз ғана айлыққа басын қауіпке тігіп, амал жоқтан жұмыс істеп жүрген жоқ. Олардың әрқайсы табиғатқа жанашырлықпен қарайды, өз ісінің маманы. «15 тәулік далада жай жүріп ақша аламын» деп келген талай инспекторды жұмыстан шығардық. Бұл жұмыс қырағылықты, батылдықты талап етеді. Елімізде броконьерлерге қатысты заңның күшейтіліп жатқаны қуантады. Бүгінде қаскөйлер 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, киік - киесі бар аң. Киікке қатысты көзімізбен көрген аңызға бергісіз оқиғалар бар. Бір түсінгенім, киік атқан адамдардың ешқайсысы түбі жақсы болмайды. Олардың я өзі, я бала-шағасы жамандыққа ұшырайды», - деді Достай Балғабекұлы.

Айта кететін бір жайт, киіктер төлдеген соң оңтүстік өңірге қарай көшеді. Ал, қараша айында ұйығуға қайта жиналады. Ақбөкеннің саны бір ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет күрт азайып, кейін қайта көбейген. 2015 жылы Қазақстанда індет салдарынан бірнеше апта ішінде 200 мыңға жуық киік (әлемдегі санының 62%-ы) қырылған. Кеше ғана Батыс Қазақстан облысында белгісіз себептермен 372 киік қырылды.

Айжан Қалиева, Ақмола облысы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста