Киік қырғанға тыйым салатын заң керек
Сахараның сұлу кербезі – киіктің бүгінгі күйі кімді болса да күйзелтпей қоймас. Бір кездері қазақ даласында сан мыңдап өріп жүрген киікті атып, мүйізін сыртқа сатып, пайда табуды кәсіпке айналдырдық. Сөйте-сөйте бір кездегі сансыз киіктен бүгінде санаулы ғана қалды. Киік мүйізіне деген сұраныстың артуы, Қытай елінде мүйіз бағасының қымбат болуы сахара сұлуына сор болып жармасты.
Мамандардың айтуына қарағанда, көп жағдайда қаскөйлер киікті тек мүйізі үшін ғана атады екен. Өйткені, бейресми деректерге қарағанда, аспанасты елінде киік мүйізінің бір келісін 4-8 мың АҚШ доллары аралығында сатуға болатын көрінеді. Соған орай елімізде де киік мүйізінің бір келісі 200 мың теңгеге дейін барады екен. Ең қызығы, біздің елде киік мүйізімен қолға түскен адамға нақты жауапкершілік те қарастырылмапты. Тек киік атып қолға түссеңіз ғана бір бас киік үшін 200 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейсіз. Ал мүйіздің ақшасына масайғандар үшін бұл сома – шақа ғана.
Қайырбек МҰСАБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
– Браконьерлердің көбі киікті атып өлтіріп, мүйіздерін қырқып алады да, денелерін тастап кетеді. Қытай елінде киік мүйізі Тибет медицинасында қолданылады. Ол елде киік мүйізінің бағасы жоғары. Сондықтан да Қытайға заңсыз апарып мүйіз сату тоқтамай тұр. Қазір бұл мәселе қаралып жатқанымен, нақты шешімін таба қойған жоқ. Заң бойынша киік атқаны үшін ғана жаза қолданылады, ал мүйізге жаза жоқ.
«Арнайы заңның жоқтығы мүйіз саудасын ашық жүргізуге жол ашып отыр» дейді мамандар. Бұған көз жеткізу де қиын емес. «Киік мүйізін қымбатқа сатып аламын» деген жарнаманы Қызылорда қаласының кез келген жерінен кездестіре аласыз. Мұндай жарнамалар интернет сайттарында да өріп жүр. Мүйіз саудасына қатысты заң болмағандықтан, жарнама берушіге қатысты заңдық тұрғыдан қандай да бір шара қолдану да мүмкін болмай тұр.
Тибет медицинасы жылына 8 тонна киік мүйізін қажет етеді екен. Яғни сұраныс мол. Сұраныс бар жерде ұсыныс болатыны өз-өзінен белгілі. Сондықтан да пайданы көздеген «қара» кәсіпкерлер Қытай асып, қара базар саудасын қыздырып, қалтасын қампитуға тырысады. Өйткені сол Қытай еліне мүйіз алып өтемін деп шекарада қолға түсе қалса, бір мүйізі үшін екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (3024 теңге) айыппұл төлейді де, жөніне жүре береді. Яғни бір келі мүйіз үшін айыппұл – шамамен 100 доллар. Ал бір келі мүйізді 4 мың АҚШ долларына сататын саудагердің мұндай тиын-тебенге шәпкесі қисаймайтыны да түсінікті.
Тасбай СИМАМБАЕВ, Сенат депутаты:
– Миллиондаған жыл қазақ даласының киесі болып келе жатқан киікті мүйізі үшін ататындар қатары көбейіп кетті. Өйткені киік мүйізін Қытайға қымбат бағаға өткізеді. Ал сол мүйіз сатушыларға заң тосқауыл болмай тұр, себебі біздің бүгінгі қолданыстағы заңымыз жұмсақ болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, заңды қатайту қажет. Мүйіз саудалайтындарға салынатын айыппұл мөлшері өте жоғары болуы тиіс. Екіншіден, шекараны мықтылау керек. Өйткені шекарамызда әлі де саңылаулар бар. Сол саңылаулар арқылы «қара» саудагерлер қара ниеттерін амалға асырып отыр. Кедендегі саңылауға сына қағып, сыбайластықтың жолын кесіп, бақылауды күшейту ләзім. Кеден қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру керек. Киік мүйізінің саудасын тоқтатудың тағы бір жолы – кейбір елдердегі сияқты, мемлекеттік шаруашылық мамандары киік мүйізін қырқып алып, далаға қайта жіберіп отыруына болады. Сонда мүйізсіз киікті ешкім де атпайды. Өйткені браконьерлер киікті қырып салып, мүйізін қырқып алады да, етін далаға лақтырады. Бұл қоршаған ортаға да зиянын тигізбей қоймайды. Егер бүгін киік басын сақтап қалуды қолға алмасақ, ертең ен даламыз бос қалып, табиғи тепе-теңдік бұзылады. Мұндай шараны мемлекет қолға алуы тиіс.
Мамандардың айтуына қарағанда, кейде киікті ермек үшін ататын ел ағалары, жылы бөлмеде, жұмсақ орындықта отыратын шекпенділер де кезігеді екен.
Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:
– Мен Елбасына, Үкімет басшысына, Сенатқа, Мәжіліске елімізде аңшылық жасауға бес жыл мораторий жариялау жайлы үндеу жолдадым. Осы үндеуге үн қатқандардың 90-95 пайызы мені қолдады. Өкінішке қарай, бұл ұсыныс жоғары жақтан қолдау таппай отыр. Мен мұны бас пайдам үшін жасап отырған жоқпын, мен мұны даланың көркі болып келе жатқан аң-құстың аяусыз қырылуына бейжай қарай алмағандықтан айтып отырмын. «Киік мүйізін қымбатқа сатып аламын» деген жарнамадан қазір аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл адамдарды киік атуға шақыру ғой. Ал бұған тыйым салатын заң болмай тұр. «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» деген қазақта сөз бар. Ал қазір Арқада сол айтылған аяз да, арқар да жоқ. Себебі аяусыз қырып тауыстық. Ең сорақысы, қолында билігі барлардың тікұшақ мініп, автоматты қарумен аңшылық жасап, аң-құсты аяусыз қыруына тосқауыл болар адам да, орган да болмай тұр.
Қыс азығын жазда қамдап үйренген қытайлар «қазақ даласында киік қалмай қалады-ау» деп алаңдады ма, әйтеуір бүгінде мүйіз қорын 80 тоннаға жеткізіп, сақтап отырған көрінеді.
Қытайдың мүйізге алаңдауы түсінікті, ал біздің киіктің киесінен қорықпай, азаюына алаңдамай отырғанымыз түсініксіз.
«Мүйіз үшін киік ату – сахара сұлуының табиғи өсіміне тежеу болып отыр», – дейді мамандар. Мүйізі үшін текелерді жаппай қыру ене киіктердің қысыр қалуына әкеліп соқтыруда, нәтижесінде табиғи өсім азайып, жыл санап киік саны кеміп келеді.
Жоғарыда киікті сақтап қалу туралы мамандардың айтқан ұсыныстарын ескеріп, бүгін нақты шара қолданбасақ, араға уақыт салып, сан соғып қалуымыз ғажап емес.