Кедейлік психологиясынан арылмай, қазақ қалай байысын?!
Арамтамақ! Қиянатшыл! Қалтасы бар, түбі жоқ! Қанаушы! Сұмдық-ай, қазақ неге бай десе бірден осылай тітіркенеді де қалады? Әйтеуір әл-ауқаттыларымыз жайлы жақсы сөзге сараңбыз, есесіне еңселі үйі мен оған кіріп-шыққан көліктерін көрген сайын көзімізге бәле көрінгендей, «осылар не жеп байиды екен?!.» деп жыбыр ете қалатындарымыз аз емес. Сонда деймін-ау, кедейдің кедей болғанына бай жазықты ма? Яғни, байығанның бәрі жемқор ма? Санамызға бай жайлы, байлық жайлы осынша өшпенділік отын кім жақты екен?
Бізді құртқан кеңестік саясат...
Бай деген қарны жуан, құлқыны терең, қара бастың қамын ғана күйттеген, алдындағы малын санаудан ғана ләззат алатын ашкөз біреу... Бай туралы шығармалардың барлығы оқырман санасында осындай жиіркенішті бейне қалыптастырып келді. Қарабай сондай: қызы Баянды Қозы Көрпештей сүйгеніне қимады, себебі ол – кедей. Сәбит Мұқанов та «Ботагөзінде» байды соншалықты өшпенділікпен суреттеді. Тіпті кешегі саясат Мұқаңның да «Абай жолын» Құнанбай үшін талай цензураға іліп, ақыры Абайды шығару үшін Әуезов әкесін одан сәл әлсіздеу тип етіп көрсетуге мәжбүр болды. Ал, шын мәнінде, Құнанбай текті болмаса, Абай қайдан туар еді?» Яғни, бүгінгі ұрпақ шындықтың бетіне осылай тура қарай алады? Заманында қажылыққа барып, Меккеде тәкия салдырған Құнанбай сынды қажының адамгершілігіне жат мінездерді теліген сол бай атаулыға қарсы саясат. Ол саясат қазақтың малынан бұрын санасын, жандүниесін тонады емес пе? Біз бәрінен бұрын осыны айтудың орнына, бәлен мал қырылды, бәлен дүние тәркіленді деген есептен арыға бара алмай жүрміз. Санамыз тоналмаса, ойлау жүйеміз 180 градусқа төңкеріліп түспесе, нағыз қазақ қоғамында Бай деген басқаша мағынаға ие болғанын білер едік қой? «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қарабайдың 90 мың жылқысы болғандығы анық айтылады. Ал Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырда Ақтайлақ деген байдың 17 мың, ал Орталық Қазақстандағы Алда мен Жұман деген байлардың 24 мың жылқысы, Сапақ, Азынабай деген байлардың 18 мың жылқысы болғанын жазған. Қазақта «бай болсаң, Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» деген сөз бар. Хан Кененің әскерін жасақтаған – халқымыздың осындай жылқылы байлары. Сондай-ақ «Байдың тасуы» деген дәстүр болыпты қазақта. Дәулеті тасыған бай соны берген Жаратқанға алғыс ретінде бір жеті, кейде тіпті он күн елге мал таратқан. Одан алушылар да тек «пайдаға кенелсем» не «тегін малға қарқ болсам» деп емес, теберік ретінде үлес алып, сондай құрметті дәрежеге көтерілсем деп ырымдайды екен, ең бірінші.
Кезінде қазақ даласына келіп, осындай жағдайды көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы Бай дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан Бай деп мойындамаған» деп жазған. Расында, қазақ ешқашан малға байды нағыз Бай санамаған. Себебі ұлтымыздың ұғымындағы Бай – арнайы статус. Ол – тектіліктің баламасы. Сондықтан да оның қоғамда атқаратын өзіндік функциясы болған. Ол қандай?
Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы:
– Ру болу үшін қазақта үш нәрсе болуы керек болған: бірінші – бағатын Байы, екінші – жаудан қорғайтын батыры, үшінші – топқа түсетін Биі. Осы негізгі үш элементі болғанда ғана «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп, ту бие сойып, жаңа рудың шаңырағын көтерген. Сондықтан да қазақтың Байлары қазіргідей өзіне бәлен үй салып алып, түген мәшине мініп, жеке бас мүддесін күйттеп кеткен емес, бүгінгідей зейнетақы қоры, сақтандыру секілді дүниелер жоқ жалпақ жұртты сол әр рудың байлары асыраған: рудың соғымға соятын малы бар ма, жарлының баласы отау құра алмай жүрсе, тағы сол сияқты материалдық қажеттіліктің бәрін бай өз мойнына алып отырған. Қазақ қоғамының ең басты ерекшелігі де сонда, яғни орыс не Еуропа қоғамындағыдай бай мен кедейдің арасында өшпенділік болған емес. Бұл жай біздің құр кеуде соғу, мақтануымыз емес, барлығы да белгілі орыс, түркі ғалымдарының кезінде жазып кеткен ғылыми деректеріне сүйеніп айтылған дерек.
Алашты айтып, «Атымтайын» ұмыт қалдырғанымыз қалай?
Мемлекет тарихы институтының қызметкері Еркін Рахметуллиннің еңбегінде жазылғандай, қазақ байларының Алаш мұраты жолындағы ерен еңбегі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының Ресей империясының және әлемнің жоғары оқу орындарында білім алуына жәрдемдесуі еді. Басқасы басқа, бірақ бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға тарихи негіз салып кеткен Алаш арыстарының пайда болуына тікелей ықпал еткен қазақ байлары жайлы айтпау күнә. Өкініштісі, бүгінгі қазақ баласы Әлиханды, Ахметті, Мұстафа мен Міржақыпты жақсы танығанымен, Қаражан Үкібаевтың, Медеу Оразбаевтың, Хасен Ақаевтың, ағайынды Бекметовтердің, Ыбырай Ақбаевтың, Маман байдың, Иса Көпжасаровтың, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың және Тобанияз Әлниязовтардың кім екенін біле бермейді. Мәселен, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Сондай-ақ 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда Қаражан Үкібаев оны шығарып алу үшін кепілдікке 2500 рубль төлепті. Ал Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль берген. Әлихан Бөкейхановтың 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғаны белгілі. Сол кезде оны ауырды деп естіген тобықты Оразбайдың баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір бағлан сойып апарып, мәжіліс құрып отырған екен.
Яғни қазақ байы – жомарттық иесі, яғни меценат. Ал ол жомарттық терең сана мен ұлтқа деген сүйіспеншілікпен, асқан парасаттылықпен астасып жатты. Соның тағы бір биік белесі – қазақ баспасөзінің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасағаны. 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына және ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтар. Мәселен, осы газеттің 1915 жылғы санында «Ауқатты Алаш азаматтарына» атты мақала жарық көруі мұң екен, Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсене жәрдем беруге көшкен. Ал біз бүгін арыстарымызды ақтауын ақтағанмен, осындай байларымызды «феодал» деген айыптан айықтыруға мән бермей жүр екенбіз...
Қазақ кімге қарап баюы керек?
Биыл 19-мәрте әлем байларының көшін бастаушы Билл Гейтс те емес, болмаса туған елі кедейліктен қалтырап отырғанда қарақан басы 37 миллиард долларды бөксесіне басқан испандық Амансио Ортега да емес, тарихта аты қалған қазақтың өз байлары бар. Соның бірі – Қаражан Үкібаев. Мәскеуден Бірінші гильдиялы көпес атағын алып келген Алаш азаматы Қазан төңкерісіне дейін қалтасы аса қалың, мыңды айдаған миллионер болған. Қаражан байға қатысты мәліметтерді зерттеп, ол жайында мақала жазған семейлік журналист Сайлау Төлеуов келтірген деректерге жүгінсек, Қаражанға 11 мың бас жылқы біткен. Мұндағы басты назарда ұстау керектігі – осыншама байлықты Қаражан байдың қара бастың қамына жұмсамай, ұлтқа пайдасын келтірер ұлағатты істерге шашқандығы. Мысалға, 1918 жылы Мұхтар Әуезов «Абай» журналын шығаруға Қаражаннан қаржы сұрап барғанда, алпауыт бай қыңқ деместен ұлы жазушының жұмысына бар жағдайды жасаған екен. Бұл – бір, екіншіден, елімізде өндіріс ісін де алғашқы өрістеткендердің бірі осы – Қаражан бай болса керек. «Қант қызылшасын өңдейтін зауыт пен бір өзіне 27 өзен мен бұлақ келіп құятын Марқакөлден тек жалғыз ғана ағып шығатын Қалжыр секілді арынды тау өзенінде ГЭС салу идеясы да осы Қаражан байдан шыққан екен. Бұл шамамен 1909 жылдар болса керек. Қаражан терең-терең шатқалдардың бір жағынан екінші жағына тездетіп шығу үшін мөлшері 200 метр биіктікте темір тростан аспалы көпір салғызады. Жас зерттеуші, гуманитарлық ғылымдардың магистрі Еркін Рахметуллиннің айтуынша, Қаражан 1906 жылы Семейде 100 нөмірлік телефон стансысын өз қаржысына сатып алып, орнатқан. Алыс жатқан Зайсан уезіне дейін бағаналар тартқызып, байланысты жеңілдеткен. Осылай, жұртқа жақсылық жасап, қалың қазаққа қыруар пайдасын тигізген Қаражан 1921 жылы толық тәркіленіп, зұлым биліктің құрбанына айналды.
Қазақ тарихында тағы бір осындай есім иесі – Паң Нұрмағамбет. Шын тегі Сағынайұлы болып келетін Нұрмағамбет байды халық тек байлығы үшін емес, ұлты үшін ұлы сөз сөйлеп, билігін жүзеге асыра алғандығы үшін «Жарты патша» атандырса керек. Осы бір тұлға жайлы зерттеп, жарыққа шығарушы қаламгер Мақсұтбек Сүлейменнің айтуынша, ол – Ақмола өңірінде асылтұқымды жылқы шаруашылығын алғашқы дамытушылардың бірі. Нұрмағамбет – ұлт үшін де ұлағатты істер тындырып, байлығын сол жолда сарп еткен ерлердің бірі. Мысалға, оның Алаш көсемдерімен үндес болып, оларға демеушілік жасағаны жайындағы мәліметтер мұрағаттарда сақтаулы. Алайда Паң Нұрмағанбет ел есінде әкесі Сағынайға берген асымен қалған. 1886 жылы берілген сол асқа 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілем ілінген, 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды. 10 мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 100 жылқы сойылды. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Арқада өткен Сағынайдың асына кеткен шығынның атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болғандығы жазылады. Әттең, кезінде Гиннесстің рекордтар кітабына енбей қалғаны өкінішті...
Сананы тұрмыс емес, дұрысы – тұрмысты санаға билету
Бүгінде біздерді осындай халықтың ұрпағы деп кім айтады? Бай көрсек, бәле көргендей жиырылып шығуымыз сол кеңестік саясаттан. Байды қырып, «шолақ белсенді» етіп, кедей деген әлеуметтік топтың әлеуетін күшейту арқылы қазақтың психологиясына төңкеріс жасады. Содан не керек, «ауруын жасырған өледі» демекші, ашығын айтуымыз керек, бүгін біз Тәуелсіз ел болсақ та, әлі сол кедейлік психологиясынан арыла алмай отырмыз. Бізге бәрін біреу беру керектей: мәселен, жұмыс беруші жалақысын жоғарылатуы керек, мемлекет үй беруге тиіс, бағалар төмен болуы шарт, сондай-ақ көптеген қызмет тегін болуы тиіс! Ең арзан киім, арзан тамақ, әйтеуір арзан атаулыны іздеп, кейде әлдебір затты сәл арзандау алу үшін сағаттап кезек күтуге бармыз. Таныс психология ма? Көбіміздің осылай ойлайтынымыз өтірік емес қой? Аталған қасиеттердің барлығы кедейлік психологиясына тән белгілер екен. Ал одан гөрі ақша табудың қосымша жолын қарастырып, әлгіндей кезекке кеткен уақытын одан да сол екінші жұмысқа кетірсе қайтер еді? Солай ете алса ғой шіркін, «кедейлік психологиясынан» құлан-таза айығып кетер еді-ау!.. Қазақтың бай қуатты болуына ең бірінші кедергі болып отырған – осы мәселе.