«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында әрі қарай қызмет өткеру үшін әскери бөлімдер мен бөлімшелерге келген Ш. Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігі Кадет корпусының түлектері, 60 сержантқа арналған он күндік оқу жиындары өтуде.
Әскерлердің тыныс-тіршілігіндегі жауапты және маңызды кезең әскери оқу орындарын тәмамдағаннан кейін жаңа қызмет орнына келетін жас сержанттарды қабылдау болып табылады.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында тәлімгерлік айрықша дәстүрге айналған. Әрбір жас сержантқа лауазымды және қызметтік міндеттерді меңгеруде бір және одан да көп жылдар бойы оған көмек көрсететін дайындалған және тәжірибелі сержантты бекітіп береді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында күтіп алу, орналастыру, жайғастыру және бейімделуге көмек көрсету, жас сержанттардың әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешуде қолбасшылық пен лауазымды адамдардың жұмыс жүйесі пысықталған және жеткілікті деңгейде тиімді әрекет етеді. Көптеген жылдар бойы ол жүйелі сипатқа ие болып отыр. Әрбір әскери бөлімде командирдің бұйрығымен бітірушілерді сапқа дайындау және тұрғызуды ұйымдастыру мен жетекшілік ету үшін комиссия тағайындалды.
Ш. Уәлиханов атындағы ҚР ҚК Кадет корпусы – бүгінгі таңда кіші командалық құрамдағы әскери кадрларды даярлауды жүзеге асыратын Қазақстандағы бірден-бір оқу орны екенін айта кетейік. Білім ошағы мотоатқыш, танкті, әуе-десанттық әскерлер мамандықтары бойынша кадрларды дайындайды. Жалпы оқу мерзімі 1 жыл 10 айды құрайды. Бұл уақыт ішінде кадеттер ҚР ҚК-нің әскери бөлімдерінде теория және іс жүзінде әскери ғылымның қыр-сырын игереді. Оқу аяқталысымен барлық кадеттер ҚР ҚК-нің әскери бөлімдеріне бөлінеді. Әрқайсысымен 10 күнтізбелік жыл мерзіміне келісімшарт жасалады. Биылғы жылы Кадет корпусы 185 кадетті түлетіп ұшырды. Өзінің іргетасы қаланған сәттен бастап 20 жыл ішінде оқу орны әскерлерде қызметтерін ойдағыдай атқарып жүрген 2 500-ден аса сержантты дайындап шығарды.