Ирактағы бітімгершілік миссияға 290 қазақстандық қатысты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің инженерлік жасақтарында 2003 жылдың 19 тамызынан бастап, "Ирак бостандығы" операциясы шеңберінде қолбасшылық тапсырмаларын орындап, сапер жауынгерлер абыройын биік ұстаған бітімгерші жауынгерлер қызмет атқарып жүр. "Біз Иракқа 2003 жылдың 19 тамызында бардық. Қазақстан жасағының қызметтері жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін миналар мен жарылғыш заттардан сақтау, ауызсуды тазартуға көмектесу және медициналық көмек көрсету болды", - дейді инженерлік-саперлік батальонының командирі Мұқанов.
2003 жылдың 22 мамырында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ирак халқына елді қалпына келтіруге көмектесуге шақырған резолюция қабылдаған болатын. Соған байланысты және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, Қазақстан ел Парламентінің қаулысымен Ирактағы тұрақтандыру күштерінің құрамында бітімгершілік қызметке қатысу үшін "Қазбат" бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік бөлімшесін аттандырды.
Миссияның басынан бері ҚР Қарулы Күштерінің өкілдері 4 миллионнан астам жарылғыш затты жойды, 6718 текше метр ауызсуды тазартты. Қазақстан Қарулы Күштерінің нұсқаушылары 2005 жылдан бастап, тәжірибе алмасу шеңберінде Ирак Әскери академиясының 572 курсантын сапер ісі мамандығына оқытты. Бұған қоса, Қазақстанның әскери дәрігерлері Американың "Дельта" базасының медицина тобына жұмылдырылып тұрды, онда жергілікті халық пен коалицияның лаңкестік әрекеттерден зардап шеккен 5000-нан астам өкіліне медициналық көмек көрсетілді.
Айта кетейік, Қазақстан келешекте де әлемдегі әскери жанжалдар аймағына өз бітімгершілерін жібере алатын болды. Елімізде бітімгершілік қызмет туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.