Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартына бір жыл болды
Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне бір жыл толуына орай (ЯҚТСШ, 2022 жылғы 22 қаңтар) Қазақстан Республикасы ядролық сынақтардың гуманитарлық және экологиялық салдарын бастан кешірген ядролық қарусызданудың белсенді жақтаушысы ретінде әлемнің барлық мемлекеттерін ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу үшін ЯҚТСШ-ға қосылуға шақырады.
"Әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқан және өз аумағында ядролық сынақ полигонын жапқан тұңғыш мемлекет ретінде, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрудың бастамашыларының бірі бола отырып, Қазақстан ЯҚТСШ мәтінін әзірлеуге белсенді ат салысты. Бүгін біздің еліміз Австрияның төрағалығымен Шарттың басқа да қатысушыларымен бірлесіп, Венада жоспарланған ЯҚТСШ-ға қатысушы-мемлекеттердің Бірінші кездесуіне дайындық жүргізуде. Осы жұмыс шеңберінде Қазақстан Кирибатимен бірлесіп ядролық сынақтардан кейін радиациялық залалдануға ұшыраған халықты және қоршаған ортаны оңалту жөніндегі шараларды көздейтін ЯҚТСШ-ның жағымды міндеттемелері бойынша жұмыс құжатын дайындады",- делінген СІМ хабарламасында.
ЯҚТСШ-ның қабылдануы әлем мемлекеттерінің ядролық қауіпке қарсы нақты іс-қимыл жасауға дайындығын көрсететін маңызды қадам болды. Шарт Ядролық қаруды таратпау туралы шартың режимі (ЯҚТШ) төңірегінде және оны қолдау мақсатында әзірленді.
Соңғы уақытқа дейін жаппай қырып–жою қарудың үш түрі болып саналатын – ядролық, химиялық және биологиялық қарудан - тек ядролық қаруды иеленуге заңды тыйым салынған жоқ. ЯҚТСШ халықаралық-құқықтық саладағы осы заңнамалық ақтаңдақты жоюға, ядролық қарусыздану процесін ынталандыруға және адамзатты ядролық қарудан толық арылту жолындағы алғашқы қадам болуға бағытталған.