Шымкент қаласы әкімдігінің кезекті мәжілісінде шаһардағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы сөз болды. Бүгінгі таңда статистикалық деректер бойынша қаламызда 14-29 жас аралығында 240 мыңнан астам жас азаматтар тұрады, олар қала халқының 30 пайызын құрап отыр. Оған қоса 90 мыңнан астам студент жастар жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында білім алуда. Қазіргі таңда қалада 10 жоғары, 36 орта арнаулы оқу орындары бар. Сондықтан, миллионға жуық тұрғыны бар шымқала үшін жастар мәселесі ең өзекті тақырыптың бірі болып отыр, - деп хабарлайды "Алаш айнасы" қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдік жиынында шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың алдында қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Сарсеева мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады. Өз кезегінде Ғабидолла Рахматоллаұлы жастар арасында тек шоу концерттер ұйымдастыру, жалаң үгіт-нәсихат жұмыстарымен шектелмей жұмыссыздық мәселесін болдырмау үшін оларға қысқа мерзімдіқ жұмыс орындарын ұсынып, материялдық базасын нығайту керектігін айтып өтті. Ол үшін арнаулы жастар ұйымдары арқылы еңбек нарығы биржасын құрып, студент жастардың дәрістен тыс уақыттарына сай сағаттық, күндік жұмыс ұсынылса деген жаңалығын ортаға салды.
Сонымен қатар қала әкімі жоғары, орта, арнаулы оқу орындарын бітірмеген жастар үшін алаңдайтындығын айта келе, жауапты бөлімдерге оларға кәсіптік білім беру, қайта даярлау (түрлі семинар-тренингтер) курстарына баруына көмектесіп, қоғамнан өз еншісін алуға ықпал етуін талап етті.
Ғ.Әбдірахымов: жастар саясатын жүргізуде білімге, жұмыссыздықпен күреске және спортқа ерекше көңіл бөлу керек
Последние статьи автора