Ежелгі түркілер келбетін көргіңіз келсе
Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Ежелгі түркілер келбеті» атты тарихи тақырыптық фотокөрме ашылды.
«Шежіре» галереяны ұйымдастырып отырған бұл жобаның авторы – физика-математика ғылымының кандидаты, Хакасия тарихын зерттеуші Сергей Нарылков. Ол ұйымдастырған «Ежелгі түркілер келбеті» атты фотокөрме 2009 жылы Новосібірдің Рерих, Омбының Врубель, Красноярскінің Суриков және Иркутск, Қазан мұражайларында, Финляндияда, Татарстан мен Башқұртстанда зор табыспен көрсетілген болатын.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған көрменің ерекшелігі – оның осыдан кемінде 2 мың жыл бұрын ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың бет-бейнесі бедерленген суреттерден тұрады. Көне түркілер бейнеленген суреттер мен бедерлі бетперделер 1883 жылдан бастап осы уақытқа дейін Оңтүстік Сібір археологтарының ғылыми экспедицияларының арқасында сағаналар мен обалардан қазылып алынған. Қазіргі уақытта бұл бірегей тарихи құндылықтар Ресейдегі Эрмитаждың, Мемлекеттік тарихи мұражайдың, Шығыс халықтары мұражайының, Хакасия мұражайларының қорында сақтаулы.
Таштық мәдениетіне тиесілі бейнелерден еуропалықтың да, моңғол тектестің де, тіпті аралас антропологиялық типті де байқауға болады. Бұл таштық қоғамындағы этникалық жағдайдың өте күрделі болғанын көрсетеді.
Қазіргі Хакасия жеріндегі археологиялық экспедициялар 1883 жылы А.Андрионовтың бастамасымен алғаш рет қолға алынып, қазіргі уақытқа дейін бүкіл әлем ғалымдарының назарын өзіне аударып отыр. Көрме алдағы аптаның соңына дейін жалғасады.