Есепке жүйрік жастар жарысты
Осы аптаның басынан бері Қарағандыда Халықаралық математикалық олимпиада – «Қазақстан 51-Халықаралық математикалық олимпиаданы қарсы алады» онкүндігі өтуде.
Соңғы уақыттарда қазақстандық жас математиктер көптеген ерекшеліктерімен көзге түсіп, тіпті шетелдік мамандарды да таңғалдырып келеді. Өткен жылы республика бойынша бастау алған математикалық онкүндіктер бұл жолы Қарағандыға да келіп жетті.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының айтуынша, жастарға арналған осындай интеллектуалдық шараны өткізуді дәстүрге айналдырып, алдағы уақытта мұндай шаралардың ауқымын бұдан ары кеңейте түсу қажет. Қарағандыдағы онкүндік сәуірдің 21-іне дейін жалғасады.
Онкүндік бағдарламасы аясында 7-8-сынып оқушылары үшін математикалық сайыс, Сібір мемлекеттік индустриялық университетімен (Новокузнецк қаласы) бірлескен аймақтық олимпиада, төменгі сынып оқушылары арасында математикадан «Бастау» байқауы, «Жоғары математика және мектеп» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция, математика мұғалімдерінің таңдаулы кәсіби жобасының облыстық конкурсы және басқа да шаралар өтеді. Бұдан кейін халықаралық математика олимпиадасының жалауы Астанаға жеткізіледі. Онда өтетін 51-Халықаралық математикалық олимпиадаға 600-ден астам адам, 300-ден астам команда жетекшілері мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ әлемнің 110 елінен байқаушылар қатысады деп күтілуде.