Елордадағы сауда орталығында «Зорлық-зомбылықсыз үй» акциясы өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында және отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін бұзудың жолын кесу бойынша елордалық Полиция департаментінің қызметкерлері «Қауіпсіз квартал» жедел алдын алу іс-шарасы аясында «Зорлық-зомбылықсыз үй» акциясын өткізді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара аясында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері «Mega Silk Way» СОО-да қала тұрғындары мен қонақтары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, олар неке мен отбасын сақтау, сондай-ақ ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастарды түзету және кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-ана міндеттерін тиісінше орындау мәселелерінде құқықтық, психологиялық көмек көрсетті.
Азаматтарға әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық және кемсітушілік мәселелері бойынша және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының іс-қимыл алгоритмін түсіндіру бойынша брошюралар мен буклеттер таратылды.
«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті «Зорлық-зомбылықсыз үй» атты акциясын өткізіп жатыр. Бұл акцияның мақсаты отбасылық құндылықтарды насихаттау және адам құқықтарын құрметтеу болып саналады. Отбасы — қоғамның ұяшығы. Ал бақытты отбасы — бақытты ел. Құрметті әйелдер қауымы, егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған болсаңыз, бұл туралы дереу «102» арнасына немесе Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшесінің сенім телефонына 71 60 63 хабарлауыңызды сұраймыз. Сізге тиісті көмек көрсетіледі», — деп атап өтті Полиция департаментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры Гүлмира Шырахметова.