Елордада түнде ата-анасының және заңды өкілінің қарауынсыз жүрген 130-дан астам бала ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың ешқайсысы кәмелет жасына толмаған. 14 жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Өз міндетін орындамаған 16 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, соңғы кездері түнгі уақытта жалғыз жүретін жеткіншектер жиі кездесетін болған.
Күн сайын түнгі уақытта тұрғын үй кешендерінің ауласы, саябақтар және көшелер үнемі бақыланады. Жастар көп жүретін жердің барлығын назарда ұстаймыз. Ата-ананың жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеуінен ересектерге арналған көңіл көтеру орындарында кәмелет жасқа толмағандар жиі кездесіп жатады. Осы ретте түнгі уақытта ата-аналар баланы қадағалауды естен шығармаған жөн, – дейді қалалық ПД Ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нелля Дощанова.