Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан», «Хабар»,
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Құрметті отандастар, кеш жарық! Сіздермен теледидар арқылы кездескеніме өте қуаныштымын. Мұндай кездесулер бізде дәстүрге айналып отыр. Көкейкесті мәселелерді сөйлесуге уақыт болады. Дегенмен эфирдің уақыты аз болғанымен, сұрақтар көп болғанымен, олардың барлығын топтастырып, ең негізгілеріне жауап беруге мүмкіншілік бар. Биылғы жыл оңай болған жоқ. Бүкіл дүниеде үлкен дағдарыс болып жатыр. Бүкіл дүниежүзі экономикасын шарпыған дағдарысқа қарсы 12 триллион долларға бара-бар қаржы жұмсалды. Ойлап қараңыздар қандай әсері болғанын. 230 миллиондай адам жұмыссыз қалды. Дүниенің ең алпауыт мекемелерінің 50 пайызы қиындыққа ұшырап, 30 пайызы өздерінің акцияларын сатуға мәжбүр болды. Қазақстан да осындай жағдайда жұмыс істеді. Мемлекет күшінің, Үкіметтің қолданған шараларының арқасында Қазақстанның халқы дағдарыстың салқынын аса сезіне қойған жоқ. Себебі мен еліміздің барлық өңірлерінде болдым, халықпен тілдестім, жағдайды білемін.
Жүргізуші Федор Курепин Елбасыға қалың жұртшылықтың атынан дағдарыс кезінде маңызды рөл атқарған «Жол картасы» бағдарламасы алдағы уақытта жалғасын таба ма» деген алғашқы сауалды қойды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Менің Үкіметке жүктеген тапсырмам бойынша жүзеге асып жатқан «Жол картасына» Ұлттық қордан бөлінген 1,5 млрд доллар жұмсалды. Бұл ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы өндірістің қысқаруына қарсы жауап болды. Сіздер білесіздер, дағдарыс салдарынан біз экспорттың 50 пайызын жоғалттық. Бұл Соколов-Сарыбай комбинаты, біздің хромды кәсіпорындарымыз, Өскемен, Павлодар, Теміртау кәсіпорындарының өнімі болып отыр. Осының өзі жұмыс орындарының қысқаруына қауіп болды. Бірақ біз инвесторлармен еңбеккерлерді жұмыстан босатпау туралы келісімшарттар жасастық. Бұл өте маңызды шара болды. Адам жұмыссыз қалмауы керек. Мен оны білемін. Сондықтан да біз бұған жол берген жоқпыз, бұған қарсы «Жол картасын» жүзеге асырдық. Осы «Жол картасы» аясында мемлекеттік бюджеттен және бұған қоса жергілікті бюджеттен 140 млрд теңге жұмсалып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұның нәтижесінде 320 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл – Қазақстан үшін ауқымды шара. Осы бағдарлама арқасында 93 мың қазақстандық тегін, мемлекет есебінен екінші мамандық алды. Бұл бағдарламаның нәтижесінде 2 мың 900 шақырым жолдар жөнделді. Бұл – жай ғана жолдар емес, ауылдағы, аудандар арасындағы, ауылдар арасындағы жолдар. Мұндай ауқымды шара бұрын-соңды болған емес. 2 мың 300 аурухана мен мектеп жөндеуден өтті. Халық мұндай игі шараларға ризашылығын білдіріп жатыр. Сондықтан біз бұл бағдарламаны тоқтатпаймыз. Келесі жылғы бюджеттен 100 млрд теңге осы бағдарламаны жалғастыруға бағытталады. Жергілікті органдар бұған қоса 50 млрд теңге бөледі. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Ендігі күні бұл бағдарламаның негізгі басымдығын да аздап өзгерту қажет. Бұл қаражат «Жол картасы» аясындағы қаражаттар, тұрақты жұмыс орындары үшін жұмсалуы тиіс. Яғни ауылдарда, аудан орталықтарында шағын, кішігірім өндірістер ашылуы тиіс. Бұл мәңгіге қалады. Әрине, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік нысандар бойынша бастаған іс жалғасады. Бірақ негізгі басымдық өндірістерді ашуға жұмсалады. Сондықтан баршамыздың көңілімізден шыққан «Жол картасы» жалғасын табады.
Әділ ӘМІРОВ, алматылық кәсіпкер: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Еліміздегі жетекші банктердің сыртқы үлкен қарызы бар. Банк секторындағы кредиторларға қарызы бар банктерді шетелдік инвесторлардың өз бақылауына алу қаупі төңірегіндегі ахуалды қалай бағалайсыз?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Егер естеріңізде болса, біздің банк секторы осы жылдың қаңтар-ақпан айларында ауыр кезеңді бастан кешірді. Әсіресе, БТА банк банкротқа ұшыраудың алдында тұрды. Егер жұма күні Үкіметтен капитал бөлінбеген жағдайда, дүйсенбіде банкроттық жариялаған болар едік. 30-жылдардағы ұлы депрессия кезеңіндегі Американың тарихын зерттей отырып, мен бірінші банктің тоқырауға ұшырауы қоғамдық тұрақсыздықтың басты себепкері болғандығы туралы білдім. Сондықтан біз отандық банк жүйесін осы жағдайдан алшақ ұстауға тырыстық. Банктердің Батысқа қарыздарын өтеуге мүмкіндік беру үшін мемлекет төрт жүйе құрушы банкке Ұлттық қордан 480 млрд теңге қаражат бөлді. Қазіргі кезде еліміздің қаржы жүйесі тұрақтанды. Байқауымша, қазірдің өзінде ахуал жаман емес. Негізгі капитал – 1,5 пайызға, ал экономиканы несиелендіру 7,6 пайызға өсті. Банктер бас көтере бастады, ақша пайда бола бастады. Банктер бұдан әрі экономиканы несиелендіре бастайды. Біз қарыздарды қайта құрылымдау бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Сондықтан кезінде отандық банктердің капиталына кірген шетелдік инвесторлар жүйе құруды толығымен басқара алмайды. Бұған біз жол бермейміз. Себебі бұл Қазақстанның қаржы жүйесіндегі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне тікелей байланысты. Дегенмен елімізге шетелдік банктердің келуі жақсылық екенін қаржыгер ретінде жақсы білесіз, Бұл бәсекелестік тудырып, ставкалардың төмендеуіне мүмкіндік береді. Олар шектеулі түрде банк жүйесіне араласады.
Айдос ДЕМЕШОВ, Fattah Finanse АҚ басқарма төрағасы:
– Екі күннен кейін біздің елімізде қаржыгерлердің кәсіби мерекесі және ұлттық валюта күні аталып өтіледі. Сіз өзіңіздің «Дағдарыстан шығудың кілті» және «Бесінші жол» деген мақалаларыңызда жаңа валютаның сәулеті, жаңа аймақтық валюта туралы айтып келесіз. Ұзақ мерзімдегі теңгенің рөлі туралы айтып өтсеңіз. Екінші сауалым, егер негізгі сауда әріптесіміз Ресейде девальвация жүретін болса, бізде екінші мәрте девальвация жасауға тура келе ме?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Өткен жылы елдегі рецессия жағдайында біздің ұлттық валютамызды девальвациялауымыз өте дұрыс әрі ұтымды қадам болды. Біз осы шара арқылы экономикамызды нығайттық. Бұл шара әсіресе елімізден тауар экспорттайтын азаматтар үшін ерекше тиімді болды. Ал ұлттық валютамыз – теңге жөнінде сөз қозғайтын болсақ, алдағы қаржыгерлердің кәсіби мерекесімен және Ұлттық валюта күнімен құттықтаймын! Бүгінде әлемдік валюта жүйесінің өзінде біршама кемшілік бар екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Мен әлемнің өмір бойы бір валютамен ғана өмір сүре алмайтындығын айтып жүрмін. Дағдарыс әлемдік қаржы саласында ақау бар екендігін көрсетті. Осыдан 60 жыл бұрын іске қосылған жүйенің өмір бойы жұмыс істеуі мүмкін емес. Осы ретте аймақтық валютаны жасау тиімділігі көрінді. Мен бұл бағытта жарияланған өз мақаламды бірқатар елдердің президенттеріне ұсындым. Алайда мұның жүзеге асуына біраз уақыт керек. Сондықтан да мен осы мәселеге қатысты ақпарат құралдарында жариялаған пікірлерімді әлемнің көптеген саясаткерлеріне таратып бердім. Меніңше, АҚШ Президенті Барак Обаманың қол астында жұмыс істеп жүрген мамандар да осындай пікірде ғой деген ойдамын. Өйткені мен тілдескен Нобель сыйлығы лауреаттарының барлығы осы пікірді қолдап отыр. Осыған орай әлем елдері қазірдің өзінде аймақтық валюталар шығару мәселесін қолға алып отыр. Мысалы, Латын Америкасы, Парсы шығанағындағы елдер өз ақшаларын айналымға шығаруды жоспарлап отыр. Оңтүстік-Шығыс Азия да осы мәселемен бас қатыруда. Осы валюталардың барлығы қолданысқа енген соң, оларды қалай біріктіруге болатындығын ойластыруға мүмкіндік туады. Мұндай жағдай әлемде бүгін-ертең қалыптасайын деп тұрған жоқ. Қалыптасқан күннің өзінде, оған ұзақ уақыт қажет болады. Сондықтан да біздің валютамыз – теңгенің болашағы өте зор. Ал оның қайтадан құнсыздануына ешқандай себеп те, салдар да жоқ. Дағдарысқа қарамастан, еліміздің алтын қоры өсіп отыр. Инфляция деңгейі өткен жылғыдан төмен. Ал теңгенің құны кемиді деген пікір – тек ел арасында тараған әңгіме. Мен қаншалықты қиын болса да, елдегі жағдайды халықтан жасырған емеспін. Кейбіреулер мұны пайдаланып қалғысы келеді, ал Ұлттық банк девальвация болмайтынын үнемі хабарлауда. Сондықтан теңгені девальвациялауға негіз жоқ.
Жүргізуші:
– Алматылықтардың байланысқа шыққандарына рақмет айтамыз. Ендігі кезекте электронды порталға келіп түскен сұрақтарға назар аудара кетсек. Отандық кәсіпкерлер сіздің тексерулерге мораторий жариялағаныңызға, салықтардың төмендеуіне жағдай туғызып отырғаныңызға алғыс білдіреді. Алайда елімізде қызмет етіп жатқан кәсіпкерлер бизнесті жүргізуде көптеген әкімшілік кедергіге тап болуда. Осы орайда кәсіпкерлер бюрократиялық тосқауылдың тоқтатылуына қаншалықты үміт арта алады?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Осы сұраққа мен үнемі тікелей өзім мән беріп келемін. Мемлекет шағын және орта бизнес саласындағыларды өз өнімдерін өздері өндіре алатындай жағдайға жеткізіп, қолдап, дамытып отыруы керек. Күні кеше ғана кәсіпкерлерге «Алтын сапа» сыйлығын табыстап тұрып, осыған қатысты мәселелерді тағы қадап айттым. Бизнеске қарсы әкімшілік кедергілерді азайтуға қатысты шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді. Осындай шаралардың арқасында Қазақстан өзінің бизнес ахуалын айтарлықтай жақсарта бастады. Бүгінде осы мәселеде біз 71-орыннан 63-орынға көтерілдік. Бұл да – нәтижелі көрсеткіш. Осы төңіректегі түрлі проблемаларды шешу үшін біз соңғы жылдары кейбір заңнамаларды арнайы өзгертіп, көптеген жұмыстар атқардық. Соның нәтижесінде бизнес саласындағы қаптаған тексерулер мен әртүрлі лицензия 37 пайызға қысқарды, дәлірек айтсақ, тексерудің 348 түрі мен 117 лицензиялар қысқаруға ұшырады. Адвокаттық, аудиторлық, бағалау сияқты жекелеген қызмет түрлеріне де өзін-өзі басқаруды толық игергенше мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бақылауы күшейтіледі. Біз осы бағыттағы жұмыстарды бұдан кейін де жалғастыратын боламыз. Тікелей өзімнің бақылауымдағы бұл мәселелермен бүгінде Үкімет айналысуда. Бұл ретте кәсіпкерлер де бейқам отырмауы керек. Өйткені Үкімет «Атамекен» одағымен және Президент жанындағы Қазақстан Кәсіпкерлер кеңесімен бірлесе отырып елдегі бизнес ахуалдың жандануына қызмет етуде. Осындай жағдайдың арқасында қазіргі уақытта Қазақстанда 720 мың бизнес компания жұмыс істейді. Бұл өткен жылғыға қарағанда көбірек. Аталған компанияларда екі миллионнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – өте үлкен жұмыс.
Жүргізуші:
– Келесі сұрақтар легі бизнесті тартып алуға, жалпы редерлікке қатысты болып отыр. Солардың біріне тоқталсақ: «Мен өзім тұрған қалада автотұрақ салу үшін әкімшіліктен, жер комитетінен тиісті рұқсат алып, кәсіпкерлікпен айналыспақ едім. Бірақ бұған дейін маған ешқандай қарсылық білдірмеген әкімшілік, автотұрақтардың құрылысы аяқталып, салынып біткеннен кейін кейбір шенеуніктер кәсібімді тартып алғысы келді. Заңсыздыққа тап болғаннан кейін, әділдікке жете алмай жүрмін».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Рейдерлік – бұл қылмыс. Мемлекет жекеменшік мүліктің қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек. Бұлай болмаған жағдайда даму да болмайды. Біз нарықтық экономиканы құрап отырмыз. Осы мәселеге қатысты сұрақтарды біз заңды тұрғыдан қарастыруымыз қажет. Рейдерлікке қатысушылардың бірі – мемлекеттік шенеуніктер. Олай болмауы мүмкін емес. Бұл жерде коррупцияға негізделген айқын заңбұзушылық байқалып тұр. Сондықтан да осы мәселелерге жауап беру үшін Бас прокурор байланысқа шығуы керек.
Қайрат МӘМИ, ҚР Бас прокуроры:
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің атыңызға келіп түскен арыз-шағым хаттарды қысқа мерзім ішінде шешеміз. Ол үшін арнайы тексерулер жүргіземіз. Егер де заңбұзушылық жағдай нақты ашылып, дәлелденсе, тиісті шаралар қолданамыз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Осы жағдайларға қатысты келген хаттардың бәрі менің тікелей тапсырмаммен Бас прокуратураға жіберілсін. Қайрат Әбдіразақұлы, сізге айтарым, барлық мәселелерге жақсылап қараңыз. Бірде-бір хат иесі ескерусіз қалмасын. Оларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы нақты жауабын беріңіз! Бұл бейбастақтыққа нүкте қою керек. Ал заңды өзгерту қажет болса, тиісті өзгертулер енгіземіз.
Сұрақ:
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз зейнеткерлер, елдегі жыл сайын зейнетақының көтерілуіне әбден үйреніп қалдық және ол үшін өзіңізге деген алғысымыз шексіз. Бірақ қаржы дағдарысына байланысты бюджеттік төлемдер қысқарады деген әңгіме естіп жатырмыз. Осыған орай менің білейін дегенім, бұл қысқарудың бізге – зейнеткерлерге әсері бола ма? Зейнетақы қысқара ма әлде жаңа жылдан бастап зейнетақы көлемі өсе ме?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Біз жылдан-жылға зейнетақыны көбейтіп келеміз. Ол тікелей экономиканың өсуіне байланысты мәселе. Біздің экономикамызда қаражат болса, оны халыққа бермегенде, кімге береміз?! Биыл біз мемлекет бойынша зейнетақыны – 25 пайызға, ендігі жылы да 25 пайызға көбейтіп отырмыз. Осылайша, 2012 жылға дейін зейнетақы 2,5 есе өсетін болады. Дүниенің көптеген мемлекеттері қазір қаражат болмағаннан кейін зейнетақыны азайтып, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын қысқартып жатыр. Біз керісінше оны көбейтіп жатырмыз. Әрине, бюджет саласындағылардың бұрынғы белгіленген жалақыларын ендігі жартыжылдықта кемітуге мемлекет мәжбүр болып отыр. Бірақ жыл басталғаннан кейін бұл мәселені жағдайға байланысты қайта қарауымыз мүмкін. Алайда бұл жағынан зейнеткерлер ешқандай қам жемесін.
Сұрақ:
– Биыл біздің елімізде астық молынан жиналды. Өзіңіздің тікелей қолдауыңыздың арқасында мемлекеттің аграрлық саласы даму жолына түсті. Соңғы уақыттарда ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер жаңа техникалар сатып ала бастады. Алайда бидайдың бүгінгідей нарықтағы бағасымен біздің шығындарымыздың өтелуі оңай емес. Осы жағдайда мемлекет бидайды өткізуде диқан шаруаларға көмек көрсете ала ма?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Мен барлық диқандарымызды астық жинаудағы рекордтық көрсеткішке жетулерімен құттықтаймын! Биыл біздің диқандар жалпы бункерлік есеп бойынша 23 миллион тоннадай астық жинады. Осы орайда екінші деңгейлі банктерден кредит болмаған жағдайда, мемлекет шаруаларға көмек қолын созып, барлық жағдайды жасады. Нәтижесінде өткен жылға қарағанда 600 мың гектарға артық жерге бидай егілді. Мұның сыртында біз ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге қаншама көмек көрсетіп отырмыз. Жаңа сүт өнімдері фермалары мен ет өнімдерін ұлғайту мақсатында да жаңа кешендер құрылуда. Әрине, биыл да қиындықтар жоқ емес. Мұны мен де жақсы біліп отырмын. Сондықтан да Азық-түлік корпорациясына жергілікті диқаншылардан 5 миллион тонна бидай сатып алу міндеттелген. Осы уақытқа дейін 1,5 миллион тонна бидай сатып алынған. Бұдан бөлек мемлекет жарты миллион тонна бидайды арнайы резервте ұстайды. Бұл бидай да диқандардан сатып алынады. Мұның өзі – үлкен қолдау. Қандай жағдайда болсын, мемлекет шаруаларға көмектесетін болады. Мысалы, сатып алынатын бидайды тасымалдауға кететін шығынның өтелуіне де мемлекет көмектесетін болады. Сондай-ақ менің жеке тапсырмам бойынша, Үкімет бидайымызды тиімді бағаға сатып алатын мемлекеттерге шығуда. Осы төңіректе Қытаймен келіссөздер жүргізілуде. Бұл мәселе менің Араб елдерінде, Италияда болған сапарымда да айтылды.
Павлодар облысынан Дина БАЛАҚАНОВАНЫҢ сауалы:
— Мен студентпін. Оқуды келесі жылы бітіремін. Алайда шынын айтқанда, бірден жұмысқа тұрып кете қоятыныма сенімсізбін. Кезінде жас мамандарға арнайы квота қарастырылатын, Мемлекет оқу орнын тамамдаған түлектердің жұмысқа орналасуына көмектесе ме?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
— Жалпы, жақсы маман болатын болса, әр уақытта оған сұраныс болады. Дүниежүзінде нарық экономикасында біз сияқты қазір ешқандай оқу бітірген студентті мемлекет жұмысқа орналастырумен шұғылданбайды. Мысалы, біздің өзімізден алатын болсақ, мына ҚМЭБИ-ден шыққан мамандар, анау ҚБТУ-дан шыққан мамандар, кейбір біздің университеттерден, мысалы, әл-Фараби атындағы университет, тағы басқалардан төртінші-бесінші курсында жұмысқа орналасып жатады. Ол жаңағы маманның мамандығы мен білімі сұранысқа сай болуы керек. Мәселен, инженер мамандарына жеке кәсіпорындар сұраныс беруі керек. Мемлекеттік грантпен білім алған студенттерге көмек көрсетіледі. Бұлар – бүгінгі таңда елімізде сұранысқа ие мамандық иелері. Олар: мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер. Осы мамандықты бітіргендердің жұмысқа орналасуымен мемлекет айналысады. Бұл заңда қарастырылған.
Врезка:
Call-center есебі:
— Осы уақытқа дейін 32 500 сауал келіп түсті. Бұл сұрақтарды қазақстандықтар телефон, смс, интернет арқылы және бейнесауалдар түрінде жолдаған. Ең көп сауал жолданған салалар:
1.Халықты әлеуметтік қорғау саласы.
2.Тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй шаруашылығы.
3.Заң және құқық қорғау саласы.
4.Ғылым және білім саласы.
5.Медицина саласы.
Сұрақ:
— Қазақстанда өндірілетін арзан дәрі-дәрмектер қашан ел нарығына шығарылады?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
— Қазақстан 2014 жылға қарай ішкі сұраныстың 50 пайызын отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл үшін мүмкіндіктер бар. Қазір Астанадағы еркін экономикалық аймақта фарм-фабриканың құрылысын, сондай-ақ дәстүрлі түрде дәрі-дәрмек өндірілетін Шымкентте осындай нысанның құрылысын салу мәселесі пысықталуда. Уағдаластықтар, арнайы келісімшарттар бар. Біз бұл жұмысты тезірек жасауды бақылап отырмыз. Алайда міндетті түрде сатып алатын дәрі-дәрмектер де бар. Оларды сатып алу кезінде сапасына бақылау болуы тиіс. Қазір Қазақстан сомасы 900 млн АҚШ доллар болатын препараттардың 90 пайызын импорттайды. Бұл жөн емес. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі қазір, ең алдымен, дәрілік препараттардың дистрибьюциясы бір орталықта болуы мәселесімен шұғылдануда. Бір-бірімен бақталас жүздеген дистрибьютерлер бағаны көтеруде. Бұл үшін арнайы логистикалық орталық құрылуда. Ол «Қазақстанның 30 көшбасшысы» бағдарламасы аясында еліміздің серпінді нысандарының қатарына еніп отыр. Бұл, ең алдымен, дәрі-дәрмектерді сатып алуда тәртіп орнатады, екіншіден, бағаның төмендеуіне ықпал етеді.
Жамбыл облысынан сұрақ:
— Мен Тараз қаласынан хабарласып тұрмын. Қаламыздың жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуалы туралы айтсам деп едім. Менің 15 жасар ұлым бар. Сол бала мектептен келгенше жанымды шүберекке түйіп отырамын. Өйткені Тараздағы мектеп оқушыларының көбі – жасөспірімдерден құрылған қылмыстық топтардың мүшесі. Мектеп, аудан болып төбелесіп жатады. Аты-жөнімді айтсам, балама кесірі тиіп кете ме деп қорқамын.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
— Дұрыс. Мұндай мәселелерді жергілікті атқарушы органдар қарауы керек. Әкімшіліктің мәселесі. Әрине, айтып отырғаныңыз дұрыс. Жас кезде ондай болады. Бірақ Таразда осынша орын алып, осындай жағдайға алып келді деп мен ойламап едім. Сондықтан қазір мені Жамбылдың әкімімен қоссын және Ішкі істер министрі дайын отырсын. Олардан сұрайық та, содан кейін жағдайды білейік. Тапсырма берейік.
Бөрібай ЖЕКСЕМБИН, Жамбыл облысының әкімі:
— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгінгі осы тікелей эфирге байланысты біз облыстан түскен барлық сұрақтарға жауап беретін боламыз. Ал мына сұраққа келсек, жақында ғана осы газеттердің бірінде жасөспірімдер қылмысы туралы мақала шыққан. Жаңағы сұрақ қойып отырған азаматшаны да түсініп отырмыз. Бұл туралы облыстық прокуратура жасаған сараптама бойынша, 2000-жылдармен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс екі есеге кемігендігін байқап отырмыз. Жаңағы азаматшаның беріп отырған сұрағы бойынша прокуратура тексеріп, жасөспірімдер туралы айтылған мәселелердің негізсіз екендігі дәлелденді. Біз барлық деңгейде бұл мәселелерді қарап жатырмыз. Балалар болғаннан кейін бірді-екілі фактілер бар. Оның барлығына қылмыстық істер қозғалған. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.
Серік БАЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ішкі істер министрі:
— Бүгінгі таңда қылмыс сегіз пайызға төмендеп отыр. Жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыс саны да кеміп келеді. Дегенмен жастар арасындағы қылмыстық жағдай күрделі күйінде. Ішкі істер органдарының есебінде 18 мыңнан артық жасөспірім тіркеуде тұр. Олардың ішінде мыңнан артығы – бұрын сотталғандар. Төрт мыңға жуығы – нашақорлар. Екі мыңға тартасы – ішімдікке бой алдырғандар. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейтіп отырмыз. 50-ге тарта ұйымдасқан қылмыстық топтардың серкелері құрықталды. 200-ден артық қылмыстық топтардың мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда нық ұйымдасқан қылмыстық топтар жоқ. Тараздағы жағдайға келсек, орталық аппараттың арнайы тексеру бригадасы жасөспірімдердің ұйымдасқан қылмыстық тобымен күресте нақты көмек көрсетті. Ағымдағы жылы Жамбыл облысында жасөспірімдер тарапынан 140 қылмыстық оқиға тіркелді. Олардың 90-ы облыс орталығында орын алған. Жартысынан көбі – ұрлық жасағандар. Білім ордаларында мектеп инспекторлары жасақталған. Жасөспірімдердің кешкі сағат 22:00-ден, таңғы 6:00 дейін жүруіне тыйым салатын заң тамыз айында қабылданды. Өйткені жасөспірімдер тарапынан жасалынатын қылмыстың басым көпшілігі кешкі уақытта орын алады. Осы заң аясында 2 мыңнан аса ата-аналар мен 60-қа жуық ойын-сауық кешендерінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
— Түсінікті. Жақсы есеп бердің. Бірақ бізге есеп емес, нақты атқарылған іс-шара қажет. Нақты сауал берілді. Бұл жағдай барлық үлкен қалаларға тән. Сондықтан мен сізге тікелей тапсырма беремін және облыс әкіміне, Туризм және спорт министріне: «Жастар бір-бірімен спортта сайыссын». Жастардың қалада кешкі демалуына жағдай жоқ. Ешкім қарамайды. Екінші жағынан, ата-аналармен жұмыс істеу керек. Егер де балалары мұндай бұзақылықпен жүретін болса, ертең ол балалардың барлық өмір жолы қиылады. Түрмеге барып түседі. Ешқандай ата-ана мұны қаламайтын шығар. Сондықтан ата-аналар, мектеп, құқық қорғау органдары, әкімшілік барлығы жиналып қарасын. Тек Таразда ғана емес, басқа қалаларда қараңдар да, маған баяндаңдар.
Жүргізуші:
– Абат Иссанов әрбір облыста әскерге шақырылғандарды әскери қызмет туралы оқытатын алғашқы әскери дайындық пунктілерін ұсынады. Полковник Нұрғали Байтуов «әскерилерге арналған әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы қабылдана ма» деген сауалын жолдады. Ал Алматы облысы Панфилов қаласынан Алексей Новоселов деген азамат еліміздің қарулы күштеріне жалпы реформасы туралы ойыңызды білгісі келеді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Өте маңызды сұрақ. Еліміздің Қарулы күштері бұл – Қазақстанның қауіпсіздігі. Тәуелсіздікті қорғай білуіміз керек. Осыған орай Қарулы күштеріміздің жоғарғы қолбасшысы ретінде бұл мәселемен жеке өзім айналысамын. Ал алғашқы әскери дайындық пунктілеріне қатысты айтар болсам, бұрын біз мектеп қабырғасында әскери қызмет туралы жан-жақты оқитын едік. Егер керек болса, бұл сұрақты жауапсыз қалдырмаймыз. Екіншіден, реформалау біздің елде саны көп сапасы жоқ әскер емес, шағын әрі шұғыл әрекет ете алатын, жан-жақты дайын әскер ұстау үшін жүргіздік. Ондағы ең басты мақсат – әскеріміздің сапасын көтеру және әскерді соңғы технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету. Яғни жүйелі қару-жарақтармен қамтуымыз үшін жасадық. Үшіншіден, әскери саладағы мамандардың біліктілігін арттыру. Төртіншіден, әскери қызметтегі азаматтар үшін әлеуметтік бағдарлама жасау. Қазір менің тапсырмам бойынша Үкімет қорғаныс министрлігімен осы мәселемен айналысуда. Біз – ТМД елдерінің ішінде әскерилерге ең жоғарғы жалақы төлейтін елміз. Осы саладағы басымдықтарды сақтауымыз керек, оған біздің мүмкіндіктеріміз толық жеткілікті. Әскерімізге алаңдап отырғаныңызға көп рақмет, біздің әскеріміз халқымыз әркез мақтан тұта алатындай деңгейде болуы керек. Ол жерде біздің балаларымыз қызмет етуде. Сондықтан әскерилердің беделін көтерейік. Негізі, әскери шенді адамдар өздері беделдерін жоғарылату керек, ал біз оларды қолдап отырамыз.
Жүргізуші:
– Бізге Настья Завидованың әжесінен сұрақ келіп түсті. Көрермендерге түсінікті болу үшін айта кетейін, әңгіме ата-анасынан айырылған, әжесінің тәрбиесіндегі он жасар қыз туралы болып отыр. Настьяның халі өте ауыр. Қан жасушаларының қызмет атқармауына байланысты туындаған өте қиын дертті емдеуге өте көп уақыт пен қомақты қаржы керек. Сіздің осы мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне берген тапсырмаңыз бойынша, жұмыстар жүргізілуде деген мәлімет алдық.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Бұл мәселені мен жақсы білемін. Денсаулық сақтау министріне жеке тапсырма бердім, ол осы істі қадағалап маған есеп беріп отырады. Көмек беру керек. Кішкентай қыздың сауығып кетуіне тілектеспін.
Жүргізуші:
Интернеттің арқасында Ресейден де сұрақтар келіп жатыр. Оның ішінде бейнесұрақ бар екен. Бұл сауалды қоятын адам сізге жақсы таныс. Ресей саясаткері Евгений Максимович Примаков сізге өз сұрағын қоймақ.
Евгений ПРИМАКОВ, ресейлік саясаткер:
– Сәлеметсіз бе, Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Біз бұл оқиғаны асыға күтудеміз. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның жұмысын жандандыру үшін қандай жоспар жасауда?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Евгений Максимович, сіздің Қазақстанның алдағы жұмыстарына қызығушылық білдіргеніңізге көп рақмет! ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – біз үшін аса маңызды миссия. Қазақстан ТМД, Азия, жалпы мұсылман мемлекеттерінің арасында бірінші болып осындай беделді халықаралық ұйымға төрағалық етеді. Біз бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Менің тапсырмаммен осы жұмыстармен айналысатын арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Біз мемелекеттер арасындағы диалогты дамыта отырып, ұйымның негізгі үш міндеті – экономика мен экология, қауіпсіздік және адам құндылықтары бойынша жұмыс істейтін боламыз. Ұйымның кейбір мүшелерінен бізге деген көңілтолмаушылық байқалады. Қазақстанды төрағалыққа таңдауды еуропалық елдер мен біздің мемлекеттеріміздің арасында өзара түсіністік қалыптастырудың алғышарты деп түсінемін. ЕҚЫҰ-ның өзге мүшелері сияқты біз де ұйымның нығая түсуіне мүдделіміз. Қазақстан ядролық қарудан бас тарту мен жаппай қырып-жою қаруларын қысқартуға, жалпы қауіпсіздікке, Ауғанстан мәселесіне, экстремизм мен есірткі саудасы сияқты қасіреттермен күресуге басымдық береді. Біздің елімізге де қатысы бар экологиялық мәселелермен де шұғылданамыз. Экологиялық тауқыметті бастан кешіп отырған мемлекеттермен жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 1999 жылы Ыстамбұлда өткен саммиттен кейін мүше мемлекеттердің басшылары жиналып көрген жоқ. Мен барлық мемлекеттің басшыларына саммит өткізу туралы ұсыныс жасадым. Себебі уақыт өткен сайын бәрі өзгеріп жатыр. Мүмкін ортақ күн тәртібін жасау керек шығар. Барлық мемлекеттің басшыларының ұсыныстарына құлақ асуға дайынбыз.
Әділ ҚАЛДЫБЕКОВ, Астана қаласы:
– Теледидарлар арқылы сіздің жұмыс кестеңіз бірнеше айға жоспарланатыны туралы естіп жатамыз. Сізде «бұл кездесуге бармаймын, бүгін театрға немесе отбасыммен боламын» дейтін кездеріңіз жоқ па?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Мен де адаммын ғой. Менің де достарымның, отбасымның алдында міндеттерім бар. Бірақ мен – Президентпін. Сондықтан менде бұл сұрақтарға қатысты сәл ерекшелік бар. Бұл – өзімнің таңдауым. Мен кез келген адам сияқты уақытымды өзіме ғана жұмсауыма болады. Бірақ мен ондай қадамға бармаймын. Мен, біріншіден, белгіленген кездесуден кешікпеймін. Жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық форум өтті. Мен сол форумға бес минут ерте барып алыппын, оны өзім байқаған жоқпын. Қонақтар айтып жатыр Президенттің бес минут ерте келгенін бірінші рет көрдім деп. Жұмыс кестесіне қатысты айтатын болсақ, Президенттің халықаралық жұмысының кестесі бір жылға жазылып қояды. Мәселен, мен қаңтар айында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басталуына орай осы шараны ашу үшін Венаға баратынымды білемін. Сәуір айында АҚШ-та өтетін қарусыздану жөніндегі жаһандық саммитке қатысуым керек. Маусым айында ШЫҰ Мемлекет басшыларының саммиті болады және тағы сол сияқты шаралар бар. Ал ішкі іске қатысты айтатын болсақ, әрине, әрбір айдың өз кестесі бар. Ол кестені мен әсіресе қазіргі дағдарыс жағдайында жұмысымның, еліміздің қажеттілігіне қарай өзім жасаймын. Сондықтан менің мойнымдағы халық жүктеген жауапкершілік жүгі ауыр. Мен ең алдымен осы жайында ойлауым керек.
Сұрақ:
– Сіз адамдардың қателіктерін кешіре аласыз ба?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Яғни мен қаталмын ба, әлде жұмсақпын ба деген сұрақ қой. Жұмыс істейтін адамның қателеспеуі мүмкін емес. Бұл сұрақтың астарын түсініп отырмын. Мен егер еліме, жұмысыма кесірі тимесе, кешіре аламын. Кекшіл адам емеспін. Мен қатесін түсініп, өз қатесін түзетемін деген адамды кешіріп, мүмкіндік бере аламын. Мұндай оқиғалар болған. Мысал үшін айта кетер болсам, сіздерге есімі жақсы таныс Ғабдуллин деген журналист кезінде заңға қайшы әрекеттерге барған, құқық қорғау орган іздеу жариялағанда оның шетелде екені анықталды. Кейін біздің елшіміз арқылы ең дәулетті елде тұрғанша, кез келген жазаны өтеп, өз еліңде өмір сүргенің артық екенін айтыпты. Мен оған түсіністікпен қарадым. Қазір ол – елде, өз жұмысын атқарып жүр. Онымен жиі кездесіп тұрамын. Оған кешіріммен қарағаныма өкінбеймін. Кейде кешірген адамың көңіліңді қалдыратын кездері де болады. Шопенгауэрдің «сатқындықты кешіру мүмкін емес» деген нақылы есіме түсіп отыр. Егер сенің досың сатқын болып шықса, онымен әрі қарай бірге жүру мүмкін бе? Ондай адамнан теріс айналу керек. Бір рет сатқындық жасаған адамның оның қайталамауы мүмкін емес. Міне, осындай принциппен жұмыс істеймін. Қазақстан өз азаматтарын ешқашан қудалаған емес. Кейбіреулер бар, өздері шетел асып кетеді де, соңынан мемлекетті кінәлап шыға келеді. Қанша жасты тәрбиеледім. Өкініштісі, босқа кеткен уақыт болды. Солардың көпшілігі 90-жылдары өте жас болды. Университетті енді ғана бітірген кездері, тәжірибелері жоқ. Мен оларға қызметпен қатар, орасан зор мүмкіндік те бердім. Менімен бірге жұмыс істеп, тыныш қана басқа салаға кеткендер де бар. Сергей Терещенконың, Нұрлан Балғымбаевтың есімдерін атап өткім келеді. Өкпесі қара қазандай болып жүргендер кінәні өздерінен іздегісі келмейді. Менің кінәм – жоғары қызмет беріп, өсіргенім. Егер менен кешірім сұрап жатқандар болса, мен оларды тыңдауға тағы бір мүмкіндік беруге әзірмін.
Жүргізуші:
– Біз бүгін студенттерге арналған гранттар туралы айттық. Міне, порталға да осы тақырыпқа қатысты бір қызықты сұрақ келіп түсті. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз жақында Астанада жаңа халықаралық университет құру туралы айттыңыз. Осы оқу орнына 2010 жылы студенттер қабылданатын бола ма? Қандай мамандықтар бойынша? Біздің балаларымыз химиядан – Түркияда, физикадан – АҚШ-та, математикадан Францияда өткен халықаралық оқушылар олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылады. Олардың Астанада салынатын жаңа университетте грант бойынша тегін білім алуына мүмкіндігі бар ма? Әлде мұнда тек қана дәулетті ата-аналардың балалары ақылы негіздегі оқуға қабылдана ма?» Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл сұрақтың төменгі жағына «Дарынды балалардың кедей ата-аналары» деген қол қойылыпты.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Жақсы сұрақ. Естеріңізде болса, жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде баяндама жасаған кезімде мен біздің интеллектуалды қоғам құру мен Қазақстанның интеллектуалды элитасын дайындау дилеммасының алдында тұрғанымызды айттым. Сауатты, интеллектуалды адамсыздар, дамыған ғылымсыз Қазақстанның келешегі жоқ. Қазіргі таңда адамдардың, білімнің, ғылымның бәсекелестігі жүріп жатыр. Бұған дайын болу қажет. Сондықтан менің нұсқауым бойынша бүгінде талантты балалар іріктелетін 20 интеллектуалдық мектеп құрылып жатыр. Қазір осындай үш мектеп салынып болды: Астанада, Семейде және Көкшетауда. Таяу арада қалғандарының құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл мектептерді бітірген балалар білімдерін жалғастыруы үшін біз Астанада ерекше типтегі жаңа халықаралық университет құруды қолға алдық. Бұл университетті шетелдік профессорлардан құралған арнайы кеңес басқаратын болады. Оның әр факультеті Батыстың ірі университеттерінің бақылауына беріледі. Демек, мұны бітірген адам Қазақстанның және Батыстың екі дипломын алып шығады. Бұл адам әлемнің барлық түкпірінде жұмыс істей алатын болады. Мен тұңғыш рет бұл оқу орнының «Назарбаев университеті» болуына көндім. Мұнда «Назарбаев интеллектуалды мектебі» мен «Назарбаев ғылыми орталығы» болуы тиіс. Орталық нанотехнология, ақпараттық технология, биотехнология, математика, физика салаларының қазіргі заманғы жетістіктерінен тұруы қажет. Бұл үшін мен ғылым қорын құру керектігін хабарладым. Мен өзім осы уақытқа дейін қолдау көрсетіп келген кәсіпкерлерді осы қорды құруға атсалысуға шақырамын. Осы қаржыға Нобель сыйлығын алған шетел мен Ресейдің ірі ғалымдарын жұмысқа шақыруымыз қажет. Бұл университет бай ата-аналарға емес, талантты балалар үшін ашылады. Мұнда білім алудың ата-аналардың қалтасына қатысы болмауы керек. Кім байқаудан өтсе, сол оқи алатын болады. Біз енгізген Бірыңғай ұлттық тестілеу де жаман нәтиже берген жоқ қой. Ол адамның ұлтына, тіліне немесе діни көзқарасына қарамайды. Кімнің білімі мықты болса, сол өтеді. Демек, ата-аналар балаларын осы университетте терең білімді меңгеруге дайындаған болса, онда олардың дұрыс таңдау жасағаны. Бұл жағдайда баланы қыруар ақшаға шетелге оқытудың қажеті болмайды.
Шыңғысхан ШӘЙМЕНОВ, №3 Бешкөл орта мектебінің 11-сынып оқушысы:
– Біздің мектепте ғаламтор бар. Мен оны күнде пайдаланамын. Чат арқылы қарым-қатынас жасаймын. Қажетті ақпаратымды аламын. Білгім келетіні, сіздің интернетпен байланысыңыз қандай?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Құрметті солтүстікқазақстандықтар! Сіздер биыл облыс тарихы үшін рекордты көрсеткіш – 600 млн тоннадан артық астық жинадыңыздар. Шыңғысхан, мен интернетпен өте тату қарым-қатынастамын. Әрине, сен немесе менің немерелерім сияқты күндіз-түні виртуалды әлемде отыра алмаймын. Өйткені күн сайын ертеңгілік менің үстеліме көмекшілерім әлемнен жиналған қажетті ақпараттарды жиып қояды. Бірақ кейбір мәліметтерді нақтылау үшін және шетелде жүргенде елмен байланыс жасау үшін мен ғаламтордың көмегіне жүгінемін. Менің ойымша, сендердің барлықтарыңыз өздеріңіздің білімдеріңізді жетілдіру үшін, даму үшін ғаламторды пайдалана білулеріңіз қажет. Кейбір жағдайда оқушылар мұғалімнен артық біліп жатады. Бұған ұстаздар ренжімеуі керек. Біз баланың осылай дамуына мүмкіндік беруіміз қажет.
Алена, 2-сынып оқушысы:
– Нұрсұлтан аға, сіздің арманыңыз қандай?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Қазақша қалай жақсы сөйлейсің, Алена, рақмет саған. Армансыз адам болмайды. Армансыз елдің болашағы да болмайды. Адамның әр кез арманы болады. Жас кезімде мен жүйрік ат мінуді, есейген кезде дүниені аралап көрсем деп, балалы болғаннан кейін солар аяғынан тік тұрып, елдің азаматы болса екен деп армандадым. Халық мені Президент қылып сайлағаннан кейін мемлекетті құруды, оны алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосуды, оның астанасын сайлауды армандадым. Ол оңайға соққан жоқ. Қазір де менің арманым бар. Мына сен сияқты жас ұрпақ білімді де білгір болып өсіп, елінің көк байрағын асқақтатып жүрсе екен деген. Өмірде көп нәрсені көрген адаммын. Жалпы, арманым орындалды деп есептеймін. Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы бар ғой, соның көздегеніне жеткізсек екен деген де арманым бар.
Жүргізуші:
– Президент мырза, порталға келіп түскен хат-хабарларда мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін кейбір шенеуніктердің адамдарды дұрыс қабылдамай жататыны, дөрекілік көрсететіні жазылған. «Жекелеген қызметкерлер бүкіл биліктің абыройына кір келтіруді қашан тоқтатады?» Рахимова Сәуле Жұмабекқызы, Ілиясова Айткүл, Павлова Галина Николаевна, Сабыров Олег деген азаматтар.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Біздің мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бастап, кез келген мемлекеттік қызметші азаматтардан келіп түскен хаттарды заңда көрсетілген уақытта қарап, заңда көрсетілген уақытта жауап беруі керек. Ал егер бір азаматтың хатына уақытында жауап берілмейтін болса, ол адам сол мемлекеттік органның басшысына арыздануы қажет. Ол басшы дереу қимыл жасауы керек. Мұның бәрі «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдар мен нормативтік-құқықтық актілердің барлығында айтылған. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлерге айтатыным, біз халыққа қызмет істеуіміз қажет. Мен біздің шенеуніктеріміз туралы көп нәрсе айтқым келеді. Өздеріңіз білетіндей, мен оқуды бітірген жастарды ауылға барып қызмет етуге шақырамын. Ал Павлодар облысының Май ауданы әкімінің орынбасары Айтқұлов басқаша ойлайды екен. Оған медициналық жоғары оқу орнын бітірген екі қыз бала, фамилияларын әдейілеп өзіме жазып та алғанмын, Тоқсанбаева мен Тұмарбекова жолыққан кезде, ол былай депті: «Кетіңіздер, біздің өз жұмысшыларымыз толып жатыр». Менің ойымша, мұндай шенеунік осыдан кейін жұмысында отырмауы тиіс. Мен жастарды ауылға шақырамын, ал ол – қарсы. Облыс әкімі қайда қарап отыр? Екінші айтарым, қазір ел мен бұқаралық ақпарат құралдарының аузында – біздің олимпиада чемпионымыз Илья Ильиннің мәселесі. Ол туралы айтылмай жатқан сөз жоқ. Илья чемпион болған кезде, басымызға көтердік, табындық, риза болдық. Қазір ол ауырып қалған кезде, отбасылы, кішкентайлы болған кезде споршыны жаттығу тапсырмаларын орындай алмады деп итке талатқандай болып жатыр. Бұл – дұрыс емес. Ол спорт саласы шенеуніктерімен келісе алмаған. Мен кеше сала министрі Досмұхамбетовке дереу арада бұл бассыздықты шешуді тапсырдым. Менің білуімше, Илья – жас, бірақ тәртіпті жігіт. Мүмкін қателескен болар, ал біз, ересектер қайда қарап отырмыз? Ол жаттығуы қажет, мен оның Лондонда өтетін Олимпиададан алтын медаль әкелетініне сенемін. Міне, бұл – біздің шенеуніктеріміздің қалай жұмыс істейтіндігінің бір дәлелі. Үшінші айтарым, республиканың Кедендік бақылау комитеті бізге Қазақстан импорттайтын тауарлардың шекарадағы бағасын хабарлап тұрады. Қараңыз, картоптың бір келісі кеденнен өткен кезде 24 теңге болады, ал бөлшек сауда нүктелерінде 85 теңге тұрады. Пияздың 1 келісі – 47 теңге, ал дүкенде немесе базарда – 96 теңге. Қиярдың 1 келісі кеденде 60 теңге болса да, саудаға 250 теңгеден болып шығады. Кеденде алма – 44 теңгеден, ал базарда 240 теңгеден сатылады. Баға 5,5 есеге көтеріледі! Мұны кім талдайды? Біздің монополияға қарсы комитетіміз қайда? Неге үкімет бұл істен аулақта жүр, айтыңыздаршы? Павлодарда 15-17 теңгеден сәбіз өсіріледі. Сол жерде ол 60 теңгеден сатылады. Әкімдер, монополияға қарсы ұйымдар қайда қарап отыр? Сол жердегі ашкөз алыпсатарларға ешқандай шара қолдана алмай ма? Ол үшін арнайы мемлекет өнімді өзі сатып алып, тікелей халыққа қайта сата алатындай қоймалар, мұздатқыштар салу керектігін айтқан болатынбыз. Мен Кәрім Қажымұқанұлы қазір теледидар алдында отыр деп ойлаймын. Бұл мәселемен тез арада, шұғыл түрде айланысуларыңызды талап етемін. Сонымен қатар бұл салада оңды мысалдар да бар. Мен Алматыда «Райымбек» тобына қарайтын «Арзан» дүкендеріне кірдім. Олар алыпсатарларды айналып өтіп, тікелей өндірушілермен келісімдер жасау арқылы бағаны 15-20 пайызға түсіруге тырысып отыр. Олардың қазір 10 дүкені бар. Енді оларға қолдау көрсетіп, республика бойынша осындай дүкендер ашуына мүмкіндік беруіміз керек. Демек, егер шенеуніктер халыққа қызмет еткісі келсе осындай нақты істер арқылы көмектессін.
Тағы бір мәселе – әр күз сайын жанармай бағасы көтерілуі үйреншікті болып барады. Жүргізушілер – жапа шегушілер, өндірушілер – нашар адамдар, ал шенеуніктер ештеңемен ісі жоқ желбуаздар болып отыр. Менің мұндай спектакльге қатысқым келмейді. Әлемде мұнай бағасы түсіп келеді, ал бізде жанармай қымбаттап отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Кім қолын майлап отыр бұл жағдайда? Мұнымен шындап айналысу керек. Бидай бағасы да арзандады, ал дүкендердегі нан өнімдеріне баға түсті ме? Сондықтан да Үкімет жұмыс істеуі керек, бұл мәселеде тәртіп орнату – әрбір әкімнің, әрбір министрдің жұмысы. Халық үшін, халықтың игілігі үшін жұмыс істеу дегеніміз де – осы. Бұл мәселелермен айналысып, маған баяндауларыңызды өтінемін және баспасөзге де анықтама беріңіздер.
Владимир БУЛЕР сауалы:
– Мен «Қуат» корпорациясымен Алматы қаласы, «Сайран» шағынауданы, 20-кварталдағы құрылыс бойынша үлескерлік келісім-шартын жасасқан едім. Құрылыс тоқтап қалды. Қазір Үкімет құрылыстың аяқталуы үшін 20 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Мені және тағы да 1561 отбасын осы құрылыс жұмыстары қашан басталып, қашан аяқталады деген сауал мазалайды. Қандай ведомство құрылысқа бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуын қадағалайтын болады?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Бұл – Қазақстанға тән ерекше жағдай. Мемлекет алаяқтар мен ұрылар қымқырған қаржының жауапкершілігін өз мойнына алып, оны халыққа қайтарып беріп отыр. Үлескерлер келісімшарттарды мемлекеттің қатысынсыз жасады, мердігерлерді мемлекетсіз-ақ тапты, ал олар алаяқтар мен ұрылар болып шықты. Енді мына қиын жағдайға қарамастан, мемлекет бәрін өзі төлеп отыр. Сондықтан да өз мемлекетіңізге, өз еліңізге және мемлекет қорынан қаржы бөлдіруге пәрмен берген – маған алғыс айтыңыздар. Мен бұл саладағы қалыптасқан жағдайды білемін және қадағалап отырмын. Биыл 33 мың үлескер пәтерлерін алды, жыл соңына дейін тағы 15 мың адам алады, яғни, биыл 48 мың үлескер пәтерлеріне ие болады. Қалған объектілер келесі жылдың соңына дейін бітуі тиіс.
Өмірзақ ШҮКЕЕВ, ҚР вице-премьері:
– Аталып отырған жай – біздің тұрғын үй нарығындағы ең бір күрделі жағдай. Алматыда Сайран көлін қоршай үлкен мега-жоба құрылысы басталған болатын. Осы жобаны орнынан қозғау үшін компания алғашқы пәтерлерді өзіндік құнынан арзан бағаға сатты. Құрылыс тоқтап қалған кезде осы үйлердің құны сатылған бағасынан арзан болып қалды. Демек, пәтерлердің 95 пайызы сатылды, ал қаржыландыру 60-70 пайыз деңгейінде қалды. Сіздің тапсырмаңызбен 5 қазанда мемлекеттік комиссия отырысын өткіздік, осы жайларды қарастырып, бұл процеске қатысушылардың барлығы да шығындарды бірлесе көтеруі керек деп шештік. «Қуат» компаниясы мұндағы барлық активтерін – жер телімдерін, аяқталмаған құрылыстарды арнайы құрылған «Глобал Контракт» компаниясына береді. «Қазкоммерцбанк» бұл жобадағы 100 миллион доллар шығынды мойнына алады. Алматы әкімдігі бұрын үлескерлердің есебінен салынуы тиіс коммуникацияларды салады. Үкімет Ұлттық қордан арнайы бөлінген қаржыны банктегі депозитке орналастырып, сол арқылы қатысушылар қаржыланатын болады да, осылайша құрылыс кешені тиімді жобаға айналады. Шындығында, 2007 жылдың қазанында біз тұрғын үй нарығында қиын да күрделі жағдайға тап болдық. Заңнамаларда қарастырылған, нарық заңдылықтарына жауап беретін вариант ойынша – біз бұл құрылыс компанияларын банкроттап, олардың мүлкі мен аяқталмаған құрылыстарды жинап-теріп, оларды 2-3 жылда сатып бітіріп, жиналған қаржыны кредиторларға қайтаруымыз керек болатын. Бұл жағдайда үлескерлер ең соңғы кезекте тұруы керек еді. Жағдайды бағамдай отырып Сіз басқа жолды қарастыруды, дәлірек айтқанда, Ұлттық қордан қаржы бөліп, бірақ ол қаржы қорға қайтып келуі тиістігін талап ете отырып, құрылысты аяқтауды ұсындыңыз. Үкімет құрылыстарды толық аяқтау жұмысын қаржыландырудың тоғыз түрлі жобасын ұсынды. Бұл шараға жалпы алғанда, 550 миллиард теңге бөлінді. Оның 95 миллиард теңгесін құрылысшылардың өздерін тікелей қаржыландыруға бөлдік. 208 миллиард теңге салынып жатқан пәтерлерді Жылжымайтын мүлік қоры арқылы сатып алуға бағытталды. Тағы 83 миллиард теңгені әкімдіктер арқылы қараусыз қалған, иелері сотталған не қамалған проблемалық объектілерді бітіруге салдық. 120 миллиард теңгені Сіздің тікелей тапсырмаңыз бойынша ипотекалық несие шарттарын жеңілдетуге бағыттадық. Осы мәселелерді күнделікті қадағалай отырып, әлемнің ешбір елінде үлескерлерге мұндай белсенді де әлеуетті қолдау көрсетуді байқамадық. Іс жүзінде біз үлескерлерді сақтап қалдық. Сондықтан да кейде мемлекет тарапына айтылып жататын өкпе, ашу, талаптар негізсіз болып табылады деп білемін.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе туындайды. Мен мынаны атап өткім келеді – біздің ел, жұрт, алған несиелерін банктерге қайтаруы тиіс. Заң бойынша не несие, не кепілге қойылған мүлік қайтарылуы тиісті. Құқық қорғау органдарына бұл саладағы заңбұзушылықтарды қадағалауды міндеттеймін. Мен мұны неге айтып отырмын? Егер несиелер қайтарылмайтын болса, банктер сіздерді қалай қаржыландырмақ? Экономиканы, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға, сіздерге несие беруге қаржыны қайдан алмақ? Демек, бұл мәселеге жеңіл қарамау керек.
Гүлзат ЕСЕНБАЕВА сауалы:
– Әкімдер мен министрлерді қалай басқарасыз? Парламентпен қалай бірлесе әрекет етесіз? Бәрі де Сіз ойлағандай жүзеге асып жата ма?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Жалпы алғанда, Президенттің Үкіметке, Парламентке, Атқарушы билікке ықпал етуі Ата Заңымыздың «Президент» тарауында нақты көрсетілген. Бірақ сұраққа жауап бере кетейін. Президенттің жұмысы халықтың көз алдында. Президент – елдегі барлық жайға жауап береді, бұл оның міндеті. Ол оны Ата заң аясында, заңдарға сүйене отырып жүзеге асырады. Президент мемлекеттік бағдарламалардың лидері болып табылады. Мемлекетті дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бар. Одан қазір 2020 жылға дейінгі уақытты қамтитын елді индустриализациялау бағдарламасы бөлініп шығып отыр. Осыған сүйене отырып, біз үшжылдық бюджетті қабылдаймыз. Осы мақсаттар талқыланып, зерттеліп, оны Президент бекіткеннен кейін, ол Үкіметке, әкімдерге орындалуға беріледі. Президенттің өз аппараты арқылы осы жұмыстардың қалай жүзеге асып жатқанын қадағалап отыру құқы бар. Қадағалау барысында кімнің қойылған шепте тапсырылған істі атқаруға қабілеті бар екендігі белгілі болады. Қабілеттілер табысқа жетеді, қабілетсіздер орнын босатуға мәжбүр болады. Бұл – басқарудың жалпы тәртібі. Егер мемлекеттік шенеунік, лауазымды қызмет иесі өз қызметін мүлтіксіз атқарып жатса, мұндай адамдардан айырылмау керек, бұл – бізге керек адам. Керісінше болса, олармен қоштасуға тура келеді. Қарасаңыздар, 2007 жылы дағдарыс басталды. Алғашқы қаржыны, 4 миллиард долларды біз сол кезде бөлдік. Осыдан аттай бір жыл бұрын, 13 қарашада мен Үкіметтің кеңейтілген отырысында дағдарыспен күресу міндетін қойдым, бұл шараға Ұлттық қордың есебінен 10 миллиард доллар бөлінді. Қазір қорытынды жасай отырып, біздің Үкіметіміз, әкімдеріміз негізінен алғанда, бұл мақсаттардың үдесінен шықты деп айтуымызға болады. Мен оларды міндеттелген жұмысты атқара алатын, табыс әкелетіндер деп санаймын. Мұны бәріміз де көріп отырмыз. Қазір бүкіл ТМД-да экономикалық құлдырау орын алып отыр. Мен биылғы жылды рецессиясыз, тым болмаса, былтырғы деңгейде аяқтай аламыз деп сенемін. Біз қаржы жүйесін сақтап қалдық, шағын және орта бизнес жұмыс істеп тұр, көріп отырғандарыңыздай, үлескерлер мәселесі шешілуде, ауыл тірлігін көріп жатыр. Бұл күрделі де қиын жағдайда Үкіметтің ынтымақты да табысты жұмыс істеп отырғанын көрсетеді. Мұндай Үкіметтің ары қарай жұмыс істей беруге қақы бар.
Сергей КЛЕЩЕНКО, Алматы облысы Кербұлақ ауданы Кастан ауылының тұрғыны:
– Менің ұлтым – орыс. Қазақстан халықтар ассамблеясының соңғы отырысында сіз ұлт бірлігінің жаңа бағдарламасы жөнінде айттыңыз. Оның ерекшелігі неде? Осы мәселені жіті түсіндіріп бере аласыз ба?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Елімізде әртүрлі ұлттың, діннің өкілдері достық пен ынтымақта, тіпті сүйіспеншілікпен өмір сүріп жатыр дер едім. Бұл біздің қоғам қол жеткізген үлкен жетістік деп айтудан өз басым ешқашан жалыққан емеспін. Айналамызда қантөгістер болып жатқанда, дінаралық, ұлтаралық, еларалық қақтығыстар орын алып жатқанда, Қазақстан өзінің 18 жылдық ғұмырында бейбіт келбетін жоғалтқан жоқ. Міне, сондықтан да, Қазақстанның әлемдегі беделі жоғары. Осы себепті Қазақстанда әлемдік діндердің бас қосуы өтіп жатыр, осы себептен біз өркендеп жатырмыз. Болашақта еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің, оның ішінде қазақ халқының тарихы мен тілі мәселесі де басқалай емес, дәл осы жолмен шешілетін болады. Егер біз өзгеше ұстанымға көшетін болсақ, біздің де елімізде өзге мемлекеттердегідей келеңсіздіктер орын ала бастайды. Сондықтан достық пен ынтымақ – негізгі ұстын. Мен ұлт бірлігінің доктринасын жарияладым. Ол үш сұраққа негізделеді. Біз ұлт бірлігі дегенді қалай түсінеміз? Ұлт біртұтастығының негізі қайда жатыр? Және оны алдағы уақытта қалай ұстап қала аламыз? Міне, осы сұрақтарға біз жауап бере алуымыз керек. Сондықтан, бұл доктринаны мүмкіндігінше көп халық біліп, кең талқыға салу керек. Біз осы доктринаның негізінде бірлігіміздің алдағы болашаққа арналған жалпықазақстандық ортақ үлгісін жасап шықтық. Біздің жеріміз үлкен, еліміз бай. Бұл доктрина үш ұстынға сүйеніп тұр. Бұл біріншіден, біздің тарихымыздың ортақтығына қатысты. Барлық ұлт өкілдері кемінде соңғы жүз жыл бойы бірге өмір сүріп келеді. Бұл – біздің тарих, бұл – біздің тәжірибе. Екіншіден, Қазақстандықтарға ортақ құндылықтар. Бізде өзгелерде жоқ, өзімізге ғана тән ерекшеліктеріміз бар. Біз құрбан айтты бірге қарсы аламыз, Жаңа жыл мен Пасканы, басқа да мерекелерді бірге қарсы аламыз. Бізде «халық бірлігі» мерекесі бар. Бізде үлкенді құрметтеу, көршілерді құрметтеу, әйел адамды, баланы құрметтеу деген ортақ қасиет бар. Бұл біздің дәстүр, мұндай ерекшелік Америкада, Еуропа да жоқ. Үшіншіден, біздің басымызды ортақ болашағымыз біріктіреді. Қазақстан өз алдына ел болғалы бірлік біздің құндылығымызға айналды. Сондықтан барлығыңнан сұрайтыным: доктринамен егжей-тегжейлі танысыңыздар. Үкіметтік емес ұйымдар, саяси қозғалыстар мен партиялар, мәдени орталықтардың барлығы өз пікірін білдіру керек. Және оны біз ұлттық кеңесте, мүмкін, тіпті Парламентте, Үкімет отырысында талқылап, бір-бірімізді одан әрі де жақсы түсіну үшін өзара келісіп қабылдауымыз керек. Бұл біздің өркендеуімізге, болашағымызға қажет.
Бес жасар Қарағанды тұрғыны:
– Құрметті Президент! Мен 5-сыныптың оқушысымын. Мектепті тәмамдаған соң, Астанада оқуымды жалғастырып, тұрғыны атанып, сол жерде жұмыс істегім келеді. Сіздің ойыңызша он жылдан кейін Астана қандай болады?
– Міне, он жыл өтті, біз бұл қаланы жоқтан бар еттік. Бұл – бізді де біздің қонақтарымызды да таңғалдырып жүрген оқиға. Астана біздің орталығымызға, мақтанышымызға айналды. Астана іс жүзінде құрылып бітті. Барлық мемлекеттік құрылымдардың орталығы осы жерде. Оқу орындары жеткілікті. Медициналық қызмет жоғарғы сатыда. Көңіл көтеру, басқа да қызмет көрсету салалары бар. Қала әлі де дами түседі. Қазір оның халық саны 700 мың, ал болашақта тұрғындары миллионнан асатын үлкен мегаполиске айналады деп ойлаймын.
ШОШАНБАСОВ Әділет Тұрысханұлы, инженер-технолог, Атыраудан:
– Біздің облысымызда көптеген шетелдік компаниялар жұмыс істейтін-ді. Осы уақытқа дейін Қазақстандық жұмысшылардың жалақы мөлшері жағынан және басқа да әлеуметтік кепілдіктер бойынша, құқықтары бұзылып келгені жасырын емес. Сіз Қазақстандық өнім көлемін ұлғайтуды тапсырған едіңіз, бұл отандық кадр мәселесіне де қатысты ма?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Қазақстанда шетелдіктермен бірлескен 5 мыңнан астам кәсіпорын бар. Оларда 380 мың адам жұмыс істейді. Соның отыз бес мыңы, яғни 9 пайызы ғана шетелдіктер. Қалған 91 пайызы – қазақстандық жұмыскерлер. Кейбір кәсіпорындарда бұдан көбірек көрсеткіш болуы мүмкін. Себебі технологиясы өте үздік. Қазақстанда соған сай мамандық дайындалмайтын болса, оны шетелден әкелуге мәжбүрміз. Біз Қазақстандық бөлімдерді көбейту мақсатында көп жұмыс істедік. Биылдың өзінде шетелдік компаниялар 1 трлн теңгеден артық қаражатпен біздің Қазақстанда жұмыс жасап жатыр. Қанша адам жұмыс алды,сол мекемелерден жалақы алып жатыр. Соның ішінде оларға қоятын талабымыз, Қазақстандық мамандарды дайындау болып табылады. Ол жылдан-жылға көбейіп отырады. Шетелден келетін адамдардың квотасын, біздің тиісті министрлігіміз қарап, жылдан-жылға азайтып отырады. Сондықтан бұл мәселе әр уақытта мемлекеттің назарында болады. Ойлап қарасаңыздар, осы күнге дейін олар Қазақстанға 100 миллиардқа тарта тікелей инвистиция салған екен. Соның арқасында өсіп-өркендеп отырмыз. Екіншіден, мұнай өңдейтін орындардың жалпы жұмыс істеу жағдай өте үздік технологияны талап етеді. Мұнайды атмосфераның 700-800-ге дейінгі қысымымен шығаратын технология бүкіл Кеңес одағында да болған жоқ. Үшіншіден, біздің мамандар солардың қасында жүріп үйренсе, болашақта оның барлығы өзіміздің қолымызға келеді.
Сағынаев АМАНЖАН, Атырау мұнай және газ институтының профессоры:
– Жуырда ғана сіз Атырауда болып, бұл жерде мұнай-химиялық өндірісінің болашағы бар екендігін айтып өттіңіз. Жаңа индустрияландыру бағдарламасында мұнай-химиясына қай орын тиімді болады деп есептейсіз?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Келесі жылдың алғашқы күнінен бастап, Қазақстан 10 жылдық индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жұмыстарын бастайды. Оның алғашқы бөлімі біздегі шикізатты, оның ішінде мұнай мен газды өңдеу мәселесі қарастырылады. Сол үшін Атырау өңірінде салынатын жаңа Мұнай-химиялық кешен құрылысы жоспарланып отыр. Ол өте ауқымды көлемде өнім шығаратын болады. Тек мұнай мен газ өңдеп қана қоймай, протилен, этилен және басқа да көптеген өнімдерді шығаруы керек. Қазір оның жобасын Үкімет инвесторлармен келісуде. Бұдан бөлек, Атырау мұнай өңдеу зауытын кеңейту мәселесі де қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, өнім сапасын арттыру мәселесі де нысанаға алынып, халықаралық нарыққа да сай келетіндей деңгейге көтеру жоспарда тұр.
Қабылда ШУБАЕВ, кәсіпкер, Омбы қаласынан:
– Сіздің Орынборға жасаған сапарыңыз кезінде Кедендік құру туралы айтқан едіңіз. Бұл одақ қарапайым халыққа, шағын және орта бизнес өкілдеріне не береді?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Ең алдымен айтарым, бұл одақтың шағын және орта бизнеске тікелей көмегі болады. Иә, келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап, біздің келісіміміз бойынша Қазақстан, Ресей және Беларуссия арасында Кедендік одақ құрылады. Біз 27-қарашада Минск қаласында соңғы келісімге қол қоямыз. Бұл бізге не береді? Біріншіден, одақ ортақ инвестицияға қолайлы жағдай тудырады, бірлескен кәсіпорындар құруға, бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Екіншіден, кедендік тарифтер жеңілдетіледі. Кедендік бекеттер осы кедендік одақтың ішкі шекарасына ауыстырылады, нәтижесінде, кәсіпкерлер көптеген құжаттар дайындауға уақыттарын жібермейді. Үшіншіден, жанама салық өндіру реті жеңілдетіледі. Ең бастысы, 170 миллион халық және 2 триллион ортақ ІЖӨ үшін үлкен нарық ашылады. Бүгінде мұндай нарықта жүру кез келген кәсіпкердің арманы деп айтуға болады. Мен қазақстандықтарға Кедендік одақ бойынша дос мемлекеттердің тауарлары енді біздің елге келеді, егер олардың тауарлары сапалы әрі арзан болатын болса, халық олардың тауарларын сатып алады. Бұл бәсеке, мен ол біз үшін керек деп жиі айтамын. Біз ең алдымен, бәсекелестікті осы ТМД елдерінің арасында дамытуымыз керек, содан барып әлем елдерімен бәсекелестікке түсу қажет. Біз осыған дайын болуымыз керек. Бұл біздің бизнесмендеріміз үшін, тауарларымыздың сапасын алдағы уақытта жақсарту үшін қажет. ТМД, Еуразия одағы, кеден одағын құруды ең алғаш мен ұсындым. Мына жаһандану заманында интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес. Қандай да бір мемлекет іштей кідіріп қалатын болса, мұны өзін-өзі балталап жатыр деп есептеуге болады.
Айша ЕРҒАЛИЕВА, британиялық студент:
– Жақынды біз сіздің Қазақ ұлттық университетінде оқыған дәрісіңізді тыңдадық. Сіз біздің жастарды ғылымға батыл қадам жасауға шақырдыңыз. Британияда жетекші оқу орындарының базасында ғылым, бизнес, ғылыми-зерттеулерден құралған ғылыми-техникалық парктер жұмыс істейді. Оларда көптеген жастар жұмыс атқаруда. Біздің білгіміз келгені: сіз қазақстандық оқу орындарының базасында осындай орталықтар құруға қалай қарайсыз?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Мен мұндай шараны қолдаймын. ҚазҰУ-де дәріс оқығанымда, интеллектуалды ұлт құру туралы айтқан едім. Менің ойымша, қазір Қазақстан ілгері ғылымдарды меңгеріп келеді. Бұл мәселе төңірегінде қандай шара қабылдап жатырмыз? Біріншіден, біздің елде менің тапсырмам бойынша, барлық облыстық орталықтардағы негізгі универсиеттерде 15 зертхана құрылды. Мұны университеттер өз зертханасы деп санамауы керек, бұл – барлық зерттеушілерге ортақ зертханалар. Әрбір зерттеуші өзінің жаңа ісін аяғына дейін жеткізе алатын бес ұлттық зертхана бар. Қазір жаңа университеттің салынып жатқанын айттым. Бұл университетте ең алдымен интеллектуалды мектеп құрылады. Сондай-ақ университеттің жанынан ғылыми қызметкерлерді дайындайтын ғылыми орталық ашылады. Бұрынғы Ғылым академиясының барлық институты Лондон және басқа да қалалардағы сияқты ғылым жасау үшін көптеген университтерімізге берілді. Сондықтан да зерттеулер, ғылыми жұмыстар және бизнес бір жерде болса, мен бұл шараны толық қолдаймын. Білім алып болғаннан кейін елге қайтыңдар, бұл жұмысты бірлесіп атқарайық. Мен сіздерді осы үшін «Болашақ» бардаламасы бойынша шетелдерге жібердім.
Оңтүстік Қазақстан облысынан сұрақ:
– «Нұрлы көш» бағдарламасы жалғасын таба ма?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, жер бетіне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды елге көшіруге көп күш салдық. Соның арқасында 1 млн-нан астам қандасымыз елімізге келіп, туған халқымен қауышып жатыр. Отандастарымызға айтарым, соларға қол ұшын беріп көмектесейік. Ал «Нұрлы көш» бағдарламасына келер болсам, тиімділігін көрсеткеннен кейін 2011 жылға дейін ұзарттық. Яғни өз жалғасын табатын болады. Елімізде оралмандармен жұмыс істейтін 14 орталық жұмыс жасауда. Өз бетімен келем деген азаматтарға да есік ашық. Алғашқы қиындықтарға шыдау керек. Ештеңе де бірден бола қоймайды. Сондықтан, дағдарысқа қарамай, осы бағдарламаны ұзарта беретін боламыз. Себебі ол бізге қажет.
Гайдар ДӘНЕШҰЛЫ, Оңтүстік Қазақстан облысынан:
– Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылының тұрғындары біраз уақыттан бері ауыз су тапшылығын сезініп келеді. Осы мәселе қашан шешімін табады?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Бұл мәселені жергілікті атқару органдары шешу керек. Сондықтан облыс әкімі Асқар Мырзахметовке сөз берейік. Мәселені қалай шешуге болатынына жергілікті әкім жауап берсін.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облысымызда ауызсу мәселесінің күрделі екенін ескере отырып, биыл кең көлемде көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде 900 елді-мекеннің 450-інде шешімін табады. Аталған сұраққа келер болсақ Темірлан және тағы басқа елді мекендерге 1, 134 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдың аяғына таман аталған ауылдарда ауызсу мәселесі шешіледі.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Рахмет, Асқар. Бұл жұмысты жергілікті ақпарат құралдары өз назарына алсын. Су жеткізілгенде маған баяндама жасалсын.
Жүргізуші:
Интернет арқылы берілген сұрақтар:
1. Ақмола облысына қарасты Берсуақ елді мекендегі су құбырларын салуға бюджеттен 150 тг бөлінген. Алайда су құбырын салу жұмысы жүргізілмеген. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
2. Қарағанды облысының Александр Труно атты тұрғынынан. Оның жасы 56-да. 5 разрядтағы токарь. Шахтада қызмет еткен. Бірнеше ай бойы жұмыс таба алмай отырған көрінеді. Көп жағдайда жас мөлшері келмейді деп қайтарады екен. Адамның жасына байланысты жұмысқа алмау дұрыс па?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– 56 жастағы адамды жұмысқа алмау дұрыс емес. Бізде ер адамдар зейнеткерлікке 63 жасында шығады. Бұл жасқа дейін егер денсаулығы мүмкіндік беріп тұрса, жұмыс істеуге құқылы. Мені осы облыстардың әкімдерімен байланыстыруды өтінемін.
Альберт РАУ, Ақмола облысының әкімі:
– Кеш жарық, аса мәртебелі Президент мырза! Облыстағы ауызсу мәселесі биыл 220 елді мекенде өз шешімін тапты. Тағы 30 жоба бойынша жұмыс істеудеміз. Соның ішінде облыс орталығы, Степногрск қаласы да бар. Сіздің Үкіметке тапсырмаңызға байланысты төрт айдың ішінде Көкшетаудан Кенесары елді мекеніне дейін жететін су құбыры тартылды. Бурабай курортты аймағында да осы мәселелер реттеліп жатыр. Берсуақ ауылындағы жұмыстар тоқтатылғанмен, келесі жылы Үкіметтен қаржы бөлінетін болады. Бұл мәселе кешікпей, нақтырақ айтқанда, келесі жылы шешімін табады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Жақсы, осыны қадағалап, маған есеп беретін болыңыз! Сіз 56 жасқа келгенде жұмысқа алмай қойса қайтесіз? Нұрлан Зайруллаұлы, неге 56 жастағы адамға жұмыс табылмайды?
Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН, Қарағанды облысының әкімі:
– Бізде «Жол картасына» байланысты жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ал енді ол кісіге айтар болсам, оның тағдырына байланысты шығар. Бірақ бұл мәселені міндетті түрде реттейтін боламыз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Александр Труно деген азаматты тауып оның жұмысқа орналасуына қол ұшын беріңіздер! Егер соншалықты жұмыс орындары ашылып жатса, бір кісіге жұмыс табылатын шығар.
Айзат МҰҚАТАЕВА, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге көрсетілетін әлеуметтік көмек жалғасын таба ма?
– Кеңес Одағы кезінде жарылған ядролық сынақтардың салдары маған белгілі. КСРО құлады, барлық қиыншылық біздің басымызда қалды. Осы уақытқа дейін Семейде бірнеше емдеу, сауықтыру орындары салынды. Оған 34 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. 2003-2009 жылдың арасында 10 млрдқа жуық ақша бөлінді. Биылдың өзінде 400 млн-нан астам қаражат қарастырылды. Сынақтан шын мәнінде зардап шеккендерге мемлекеттің ақшасының жетуін қадағалайтын боламыз.
Михайл ПАНИН, халықаралық Ғылым академиясы және педагогикалық білім беру экологиялық орталығының өкілі:
– Өзіңізге белгілі, біздің өлкемізде қарағай орманы бар. Осы табиғи кешенді қалпына келтіруге көмек көрсетіле ме?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Мен бұл мәселені жақсы білемін. Мемлекет бұл орманды сақтап қалу үшін қолдан келген барлық көмекті көрсетіп жатыр. 2003 жылы бұрынғы орман шаруашылығы базасында «Семей орманы» резерваты құрылған. Қазақстанда соңғы жылдары ормандарды қалпына келтіру жұмыстары 50 пайызға өскен. Осы ормандардың көлемі 9 мың гектарға ұлғайды. Ал өрттің аумағы 5 есеге азайды. Ал орманды отау көлемі 4,5 есеге азайды. Мен Астанада орман отырғызуға тапсырма беріп жатырмын. Астана ормандары Бурабай орман массивімен жалғасуы керек. Қазір Астана төңірегінде 50 мың гектар орман жайқалып өсіп келеді. Мен бұл ормандарды сақтап, одан әрі дамыту мақсатында қандай шара қабылдау қажеттігін анықтау үшін Ауылшаруашылық министрлігіне, облыс,қала әкіміне тапсырма беремін.
Спорт жанкүйерлері, Павлодардан:
– 2011 жылы Қазақстан қысқы Азия ойындарын өткізеді. Еліміз мұндай ірі көлемдегі ойындарды өткізуге қаржы таба ала ма?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Иә, қысқы Азия ойындарына дайындық пен оны өткізу қиын жағдаймен қатар келіп отыр. Бірақ мен күрделі кезеңге қарамастан, барлық құрылыс кешендерін салып, толық аяқтауға тапсырма бердім. Бұл бірінішіден, қала тұрғындары, халқымыз үшін керек. Өз уақытында керемет трамплин салынып, «Медеу» мұз айдыны, «Балуан шолақ» спорт сарайы күрделі жөндеуден өтеді. Ал Астанада жабық мұз айдыны соғылады. Мұның барлығы келер ұрпақтың игілігіне жаратылады. Бұл ақшаны желге шашу емес. Мемлекет жарнамадан, арендадан, туристерден ақша түсіреді. Жұмсалған ақшалар толық қайтарылады.
Жүргізуші:
– Мәдениетке қатысты бірер сұрақтар. Жалпы елімізде театрлар салына ма? Театрлардың фестивальдерін өткізуге жағдай бар ма? Мәдениетті қолдауда қандай шаралар атқарылады?
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– «Мәдени мұра» сияқты бағдарламаны жасап отырған бірден-бір ел біз шығармыз. Себебі өткенін ұмытқан елдің болашағы да бұлыңғыр болады. Сондықтан өткенімізді ұмытпайық деп, «Мәдени мұра» бағдарламасын жасауды ұсындым. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінді. Екінші кезеңіне 4 млрд теңге бөлінді. Осының арқасында тарихи маңызы бар 35 сәулет ескерткіші бой көтерді. 30-дан астам зерттеулер жүргізілді. Тарихымызды түгендейміз деп Еуропаға, Қытайға, Иранға т.б. жерлерге бардық. 5 мыңға тарта жәдігерлерді елімізге алып келдік. Театр саласына келсек, бүгінде 60-қа жуық республикалық және облыстық деңгейдегі театрлар халыққа қызмет етіп жатыр. Американы алатын болсақ, ол елдің театрларының барлығы жеке меншік. Ал бізде мемлекет театрларды өз қамқорлығына алып отыр. Ұлттық идеологияға да қатысты сұрақтар да болды. Ұлттық идеяны, басқа да бір идеяны тыныш кабинетте тудыру мүмкін емес. Ұлттық идея қоғамның дамуынан туындайды. Аға буын өкілдері, менің замандастарым марксизм, ленинзм идеясымен ғұмыр кешті. Яғни, коммунизм құру туралы міндет қойылды. Бұдан түйгеніміз: қолдан жасалған идеяның ғұмыры болмайды. Сондықтан біздің қоғамымыз дамитын болса, өзіміз ұлттық идеямызды қалыптастырамыз. Ол үшін, меніңше, ұлттық бірлік доктринасын жүзеге асыруымыз керек. Екінші, бәсекеге қабілетті, мықты экономиканың дамуына күш салуымыз қажет. Үшінші, интелектуалды қоғам құру. Ол үшін ғылым, білім арқылы өзіміздің өнімдерімізді шығаратындай дәрежеге жетуіміз керек. Төртіншіден, біз бүкіл әлем сыйлайтын мемлекет құруымыз шарт. Осы төртеуін біздің ғалымдарымыз түсінулері қажет. Бұл төртеуі ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының дамуына негіз бола алады.
Жүргізуші:
– Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге алғысымызды білдіреміз!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Сөзімді аяқтай келе, халқыма айтатыным, мен елді аралап, халықтың көңіл күйін біліп қайттым. Халқымыз ұстанып отырған саясатымызды қолдап отыр. Күндіз-түні халықтың қамы үшін қызмет етіп, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, осы егемендігімізді мәңгілік ету үшін еңбек етіп жатқан жағдайым бар. Оған Үкіметтің де, өзге де басшылық органдардың үлесі бар. Бүкіл ТМД елдері, анау Американың да экономикасы құлдырап жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан экономикасын төмендетпей алып шығуда. Бұл – өзіміз үшін де, әлем алдында да үлкен абырой. Егер де біз бірлігімізді жазбай жүретін болсақ, бұл қиыншылықтан да өтетін боламыз. Аз ғана уақытта барлық сұраққа жауап бере алмайтыным белгілі. Алайда еліміздегі ақпарат құралдары министрлерді, әкімдерді телеарна бағдарламаларына, газетке шақырып, халықтың барлық сұрақтарына жауап берілсін! Сұрақтарыңызға рақмет!
Тікелей толқын бүлкілі
Хронометраж
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық телеарналар бойынша өткен тікелей желідегі сұхбаты бас-аяғы 2 сағат 50 минутқа созылды. Осынша уақыт ішінде Елбасы өзін сергек ұстап, мәселелердің кеңінен талқылануына ынта танытып отырды. Сөз соңында Н.Назарбаев тілшілерден өзі рұқсат сұрап, 10 минут ұлттық идея мен дағдарысқа төтеп берудің жөн-жобасына тоқталды.Ақсақал мен Алена
Тікелей сұрақ қоюшылардың «ақсақалы» Ресейдің белгілі саясаткері, 15 күн бұрын сексенге толған Евгений Примаков болса, ең жасы кішісі қызылжарлық 2-сынып оқушысы Алена Серазитдинова болды. Қазақша сұрақ қойған Алена орыс мектебінде оқиды.Елбасы және ел іші
Тікелей сұхбатта Қазақстан бойынша бір облыс орталығынан (Атырау), екі аудан орталығынан (Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан кенті, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл кенті), екі қаладан (Алматы, Семей), ал сырттан Мәскеу және Лондоннан тікелей бейнежелі арқылы сұрақ қойылды. Екі облыс орталығы (Қостанай, Тараз), бір ауданнан (Алматы облысы Кербұлақ ауданы) және сырттан бір қаладан (Омбы) телефон арқылы сұрақ қойылды.Құланның қасынуына – мылтықтың басуы
Мемлекет басшысы ел ішінен қойылған сұрақтарға сәйкес сол сәтінде тікелей желі арқылы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке, Бас прокурор Қайрат Мәмиге және төрт облыстың әкіміне (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды) нақты тапсырмалар берді.Басшылық пен болашақ
Тікелей желідегі сұхбат басталған сәтте арнайы орталыққа келіп түскен сұрақтар саны 32 мың болса, сұхбат соңына дейінгі сауалдар 34 мыңға жетті. Сұрақтардың ішінде ең көп рейтингіге ие болғаны Гүлден Әбілдинаның балабақшалардың аздығына байланысты қойған сауалы болды. Бұл сұраққа 25 мың дауыс берілді.Философтар мен президенттер
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында Артур Шопенгауэрдың, Шарль де Гольдің және Сократ хәкімнің қанатты сөздерін еске алды. Сондай-ақ үш мемлекет қайраткерінің (әкелі-балалы Дж.Буш және С.Берлускони) атын атап, естелік айтып берді.