Елбасы астықты өңірді аралады
Кеше Қостанай қаласына келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың іс-сапары «АгромашХолдинг» АҚ-дағы дизель зауытынан басталды. Зауытта ел Президенті жақында қолға алынған УАЗ автокөліктерін құрастыру жүйесімен танысты. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев вице-премьер Өмірзақ Шөкеевке аталмыш мекеменің кедендік мәселелерін шешіп отыруды тапсырды.
Одан кейін Мемлекет басшысы Санг йонг (SsangYong) маркалы автокөліктерін құрастыру конвейрін де тамашалады. Зауыттағы цехта «Агромаш Холдинг» Акционерлік қоғамының басшылары Елбасына УАЗ маркалы автокөліктердің модельдік қатарын көрсетті. Акционерлік қоғам басшыларының сөзіне қарағанда, аталмыш көлік Қазақстан және Ресей компанияларының бірлесіп жұмыс істеуі арқылы құрастырылатын болады. Қазақстандық тараптан «АгромашХолдинг» АҚ және «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы болса, Ресей елінен «Соллерс» жекеменшік компаниясы атсалысып отыр. Дегенмен қазіргі таңда, УАЗ автокөліктерін құрастыру жұмыстары Ресей және Қазақстан заңнамаларындағы қарама-қайшылық кесірінен кешіктірілу үстінде. УАЗ көліктерінің бес түрі, сонау Патриот маркасынан бастап, жүк және жолаушылар тасымалдайтын көліктері Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілді. Президент осы көліктердің құрастырылуына оң бағасын берді.
Дизель зауытынан кейін, ҚР Президенті Қостанай қаласындағы көпсалалы жаңадан салынған облыстық ауруханаға келді. Шамамен екі сағат бойы кездесуді күткен дәрігерлер, Елбасыны овациямен қарсы алды. Айта кетейік, аталмыш аурухана «100 мектеп,100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған болатын. Ғимараттың салынуына мемлекет бюджетінен 6,2 млрд қаражат жұмсалды. Жалпы аумағы 33,2 мың шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратта Мемлекет басшысын қаладағы түрлі емдеу мекемелерінен жиналған дәрігерлер қарсы алды. Кездесу барысында сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Шыңғысұлы Бектұрғановтың айтуынша, соңғы жеті жыл ішінде Қостанай облысына қарасты барлық аудандық орталық ауруханалар жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, облыс әкімі Сергей Кулагиннің айтып өткеніндей, енді жөндеусіз қалған бес аурухана кезекте тұр. Сергей Кулагиннің баяндамасын тыңдаған Елбасы жауабын былай қайтарды:
– Мемлекет қаражат жұмсауда, ал сіздер азаматтардың өмірін сақтап қалуларыңыз керек. Сол үшін ел экономикасын барынша дамытып отырмыз. Адамға ең бастысы не? Ең бастысы – тұрақты жұмыс, тиісті жалақы және денсаулық. Сонымен қатар балаларының сапалы біліммен қамтамасыз етілуі болып табылады. Осындай шарттарды мен қоюдамын. Ал сіздер тек қана еңбек етіңіздер.
Сапарының екінші күнінде Президент ат басын Қостанай ауданына қарасты Заречный ауылындағы жаңадан салынған мектепке бұрды. Айта кетейік, аталмыш мектеп толығымен заманауи техникамен жабдықталған. Кездесуге келген оқушылардың ата-аналары мен мектеп ұстаздары зәулім сарайға айналған мектеп үшін Елбасына алғыстарын білдірді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы барлық жиналғандардың жұмысына сәттілік тілеп, сапарын ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен кездесуде жалғастырды.
Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлы нөлдік қайта өңдеу технологиясына көшкелі бері қазақстандық аграрийлердің 700 миллион доллар көлемінде пайда тапқанын айтты. Осыған байланысты Елбасы барлық аграрийлерді нөлдік қайта өңдеу технологиясына көшуге шақырды. Мемлекет басшысының пікірінше, шаруа қожалықтары осы технологияның көмегімен шығындарын 1,5 есеге дейін төмендете алады.
– Егер біз ылғал сақтау технологиясына көшетін болсақ, егістік көлемі 1,5 есеге дейін көбейетін болады. Осы технология арқылы егістікке химиялық қоспалардың қажеті жоқ. Ал химиялық қоспалар дегеніміз қосымша шығын болып табылады.Менің есептеуімше, осындай технология арқылы аграрийлер 700 миллион доллар үнемдей алады.
Ауылдағы шаруа қожалықтарымен кездесуі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдағы еңбек көлемін көбейту Үкіметтің басты міндеттерінің бірі екендігін айтты. Қостанай облысына жасаған екі күндік сапары барысында объектілердің жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы, облыс басшыларының нәтижелі жұмысына ризашылығын білдірді.
Қостанай облысындағы сапары аяқталғаннан кейін Елбасы мінген ұшақ Солтүстік Қазақстан облысының орталығын бетке алды. Мемлекет басшысын әуежайда облыс әкімі Серік Біләлов қарсы алды. Президенттің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары еліміздің солтүстік аймақтарында мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Елбасы аралап көрген алғашқы нысан Қызылжар ауданындағы «Петерфельд Агро» ЖШС болды. Мұнда Президент егістік алқаптарын аралап, астық жинау науқанының барысымен танысты және егіннің шығымына назар салды. Бұл шаруашылық Елбасының назарын ерекше аударды. Себебі мұнда асылтұқымды ірі қара мал өсіретін репродуктор бар. Биылғы жылы серіктестіктің ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 4427 гектарды құрады, оның ішінде егістік алқаптары – 2961 гектар, дәнді дақылдардың егістік алқабы – 2878 гектар, картоп егістігі 182 гектарды құрайды. Шаруашылықта 860 бас ірі қара мал, 400 бас жылқы мен 800 бас қой бар. 2011 жылдың 1 тамызында Германиядан 400 бас симменталь тұқымды сиыр, оның ішінде 15 бұқа жеткізілді. Қазіргі уақытта серіктестікте 200 бас сиырға арналған қора салынуда, оның жеке төлдеу бөлімшесі мен бой жазу алаңы, сонымен қатар бордақылау алаңы мен санитарлық тексеруден өткізетін орын болмақ. ЖШС-ні мемлекеттік қолдау биылғы жылы 3,5 млн теңгені құрады.