Лондон Олимпиадасында толағай табысқа кенеліп, айды аспанға бірақ шығарған қазақстандық спортшыларды күтіп алу Алматы мен Астана әуежайларында жақсы үрдіске айналды. Бұл жолы алып шаһарлардың әуежайлары боксшылар мен балуандарды күтіп алды.
Кеше түн ұйқысын төрт бөлген астаналықтар халықаралық әуежайда бүгінгі батыр ұл-қыздарын – Лондон Олимпиадасының төрт бірдей жүлдесін жеңіп алған боксшылар құрамасын күтті. Әуежай ғимаратының ішінде де, сыртында да ине шаншар жер болмады. Халық өз чемпиондарын құшақ-құшақ гүлдермен қарсы алып, астыларына қымбат көліктер мінгізіп жатты.
Ұшақтан түскен бойда Олимпиаданың бас қаһармандары – құраманың капитаны, алтын медаль мен Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев, күміспен күптелген Әділбек Ниязымбетов, сондай-ақ қола жүлдені жеңіп алған Иван Дычко мен Марина Вольнова баспасөз мәслихатын өткізіп, жеңіс жолындағы естеліктері мен болашақ жоспарларымен бөлісті. «Әрине, мен өз жеңісіме аса қуаныштымын. Бұған дейін екі әлем чемпионатын бағындырдым. Ал Олимпиада чемпионы болу кез келген спортшының арманы ғой. Осы жетістікке қол жеткізгеніме шексіз бақыттымын. Әлбетте, қарсыластарым мықты болды. Бірақ мен бұл Олимпиадаға жақсы дайындала білдім. Оның бәрі жаттықтырушылар құрамы мен жеке бапкерімнің арқасы деп білемін», – дейді С.Сәпиев.
Оның айтуынша, Олимпиададан кейін ол бір-екі айдай демалуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы Астанада өтетін бокстан әлем чемпионатына қатысу жайын әлі ойланбапты. «Мен әлем чемпионаты жайлы әлі ойланамын. Алдымен демалып, тынығып алған жөн. Өз бабыма келейін. Дәл қазір ол додаға қатысамын, я қатыспаймын деп нақты айта алмаймын», – деді Олимпиада чемпионы.
Мырзағали АЙТЖАНОВ, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Бас кезінде жоспарлағандай, біздің жігіттер үш бірдей медальға қол жеткізді. Дегенмен белгілі бір жағдайлар болмағанда, біз одан да көп жүлде алатын едік. Олимпиада ойындары – бұл үлкен мектеп. Біздің боксшылар тиісті тәжірибе жинап алды. 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиадада кем дегенде екі алтын аламыз деп ойлаймын.
Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алған Әділбек Ниязымбетов болса финалдық жекпе-жекте жеңетініне сенімді болған екен.
«Бұл жекпе-жек тең аяқталған кезде алтын медальді бізге береді деп ойладым.Алайда төреші ресейліктің қолын көтерді. Әрине, мен үшін күтпеген жағдай болды. Дегенмен күміс жүлдеге де шүкіршілік етемін», – дейді Ниязымбетов. Маңғыстау облысы өз чемпионына Тoyota Camry көлігін сыйлауға шешім қабылдапты.
Ал Олимпиаданың қола жүлдегерлері Иван Дычко мен Марина Вольнова осымен тоқтамаймыз дейді. БАҚ өкілдері М.Вольнованың таза қазақ тілінде сөйлеу мәнеріне ерекше қызығушылық танытты. «Қазақ тілін оңай үйреніп алдым, – дейді Марина қыз. – Мен өзім Қазалыда туғанмын. Ол жерде қазақтар көптеп шоғырланғанын жақсы білесіздер ғой. Соның арқасында қазақ тілін еркін меңгеріп шықтым. Астанаға көшкеніме екі жылдай болып қалды. Дегенмен қазақ тілін ұмытқан жоқпын».
Ақжүрек Алматыға келді
Лондон Олимпиадасында толағай табысқа кенеліп, айды аспанға бірақ шығарған қазақстандық толағайларды күтіп алу Алматы әуежайында жақсы үрдіске айналды. Бұл жолы алып шаһардың әуежайына Стамбулдан Алматыға бет алған ұшақ келіп қонды.
Бортында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров бар. Қазақ үшін алтынмен пара-пар болған қола медальді иеленген Ақжүрек Лондон бозкілемінде еркін күрес шеберлерінің абыройын жалғыз өзі сақтап қалған. Қазақ ұлдарының арасынан Мәулен Мамыровтан кейін Олимпиада жүлдесіне ілініп отырған еркін күрес шебері – осы Ақжүрек. Бүкіл еркін күрес балуанын ұяттан сақтап қалды. Дегенмен екі бірдей қазақ жігіті 5-орыннан көрінді. Біз үшін бұл да – үлкен жетістік. Алматы әуежайында Ақжүрекке жылы лебізін білдіргісі келетіндер көп жиналды. Дәстүр бойынша баспасөз мәслихаты өтіп, журналистер көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Бәрінің де білгісі келетіні құлақ тістегенде төрешілер неге көз жұмды деген сауал болды.
– Төрешілердің қайда қарағанын білмеймін. Кілем үстінде айқайлай алмайсың. Бәлкім, көргілері келмеген шығар. Басқа не айтамын?! Марапаттау рәсімінен кейін тіпті оны күміс медаль алғанымен құттықтадым. Ең бастысы, Олимпиада ойындарында жүлдеге ілініп, ел сенімін ақтағаннан басқа бақыт жоқ менде. Рас, өзегімді өкініш те өртейді. Тіпті Олимп шыңын бағындыру мүмкіндігім де мол еді. Чемпион атанған жапонды да, құлақ тістегіш Кумарды да жеңген едім ғой. Тіпті Кумарды биылғы Астанада өткен лицензиялық турнирде ұтқан болатынмын. Бұл жолы да одан шеберлігім басым екендігін байқадым.
– Лондон бозкілеміндегі белдесулерге кеңірек тоқтала кетсеңіз...
– Неге екені белгісіз, алғашқы айналымда кішкене сылбырлық танытамын. Үзілістен кейін бойыма күш-қуат бітеді де, атой саламын. Соңғы шешуші екі белдесуде сондай күй кештім. Көп салмақ қуғаныма қарамастан, бойымда күш-жігерім басым болды. Ел абыройы үшін барымды салдым. Соңғы белдесуде қолдан қола медаль сусып бара жатқандығын түсініп, аянбадым. Соның нәтижесінде мен үшін аса бағалы медальға қол жеткіздім. Арманым Олимпиадаға қатысып, Қазақ елінің намысын абыроймен қорғау еді. Оған да қол жеткіздім.
– Енді алда қандай жоспарың бар?
– Құлағымды күтемін. Егер өзі жазыла қоймаса, тіктіруге тура келеді. Содан кейін ғана жаттығуға кірісемін.
Чемпионның табаны туған жеріне тиді
Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті Қарағандының «Сарыарқа» әуежайынан күтіп алған халықта қисап жоқ. Ел намысын қорғаған жігіттің табанын қарағандылықтар жерге тигізбеуге бар. Әсіресе чемпионның туған жері – Абай қаласының тұрғындары түгелдей көшіп келгендей әсер қалдырды. Жиналған қауымның чемпионға деген ілтипатын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Көптің көзайымына айналған чемпион бұл жеңістің барша қазақстандыққа ортақ екенін атап өтті. Өзінің чемпион екенін әсіресе туған елге келгенде халықтың ыстық ықыласы анық сездіргенін және жеткізді.