Еділбай қойы ұлттық бренд болуы тиіс
Түрікмендер ақалтекесімен мақтанады. Америкалықтар линкольн тұқымын көкке көтереді. Біздің бренд – дүниежүзіндегі қой тұқымдарының ішінде ең көп салмақ беретін және күтіп-баптауы аса көп қиындықты қажет етпейтін еділбай қойы. Десек те, XIX ғасырдың аяғында Еділ-Жайық бойынан тараған еділбайды елеп-ескеріп тұрғанымыз шамалы, тіпті оған «ұлттық қой тұқымы» деген мәртебе беруді де кешіктіріп келеміз.
Бір қуанарлығы, атакәсіп – мал шаруашылығы бүгінде де өз мәнін жойған жоқ. Бұл салаға мемлекет қамқорлық танытып-ақ жатыр. Соның нәтижесінде асылтұқымды мал шаруашылығы қанатын кеңге жайды. Алайда шаруашылық көбейгенімен, шаруа әлі де болса шатқаяқтап тұр. Мал шаруашылығындағы асылдандыру ісінің мемлекеттік инспекторы Ж.Қойбақов бес жыл бұрын Атыраудағы 12 асылтұқымды шаруашылықта 88 мың қой болса, бүгінде 16 шаруашылықта 69 мың қойдың барын айтады. Бұл – көңіл көншіте қоймайтын көрсеткіш.
Ұлттық қой тұқымы мәртебесіз қала бере ме?
Атырау облысындағы мал тұқымын асылдандырумен айналысатын «Құрманғазы» өндірістік кооперативінде бүгінде қазақтың етті-майлы, құйрықты еділбай қойларымен қатар, асылтұқымды айыр өркешті түйе малы да өсіріледі. «Құрманғазылық» қошқарлардың орташа салмағы 110 келіні құрап отыр. Ұжымдағы тағы бір жаңалық – жергілікті мал шаруашылығы мамандарының ОМжҒИИ ғалымдарымен бірлесе отырып, ақ жүнді, ақ қарабас еділбай қойының екі желісін жасақтап шығарғаны.
Әдетте еділбай қойының түсі 95 пайыз қара, қоңыр, қызғылт болып келеді, алынған жүнді басқа түске бояуға келмейді, ал ақ жүн өзінің физикалық-химиялық қасиеттерін жоймастан бояла береді және нарықта қара жүнге қарағанда 40 пайызға қымбат тұрады. Ақ және ақшыл түсті қылшық жүндерге шетелдіктердің де сұранысы жоғары, олар бұдан еденге төсейтін линолеум жасап шығарады екен. Ал Иранда шығарылатын кілемдердің 8 пайыз материалы осы ақ түсті қой жүнінен алынады.
Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Атырау филиалының ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Елемес Абдошев: «Дүниежүзінің сауда ұйымдарында әсіресе қозы еті көп сұранысқа ие», – дейді. – Бұл ретте еділбай қозыларының алатын орны бөлек. Өйткені еділбай қозылары тез өсіп-жетіледі. Төрт айлығының өзінде салмағы 23 келіні тартады. Және еті дәмді, құнарлы, құйрық майы бағалы келеді».
Бұл саладағы бір қиындық – қойдың жүні мен терісін өткізетін жердің болмауы. Жемшөп базасын нығайтудағы жұмыстар да жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Харес Биляшев шөп алу маусымы кезінде жанар-жағармайдың және екпелі егіс тұқымдарының қымбаттап кетуі біраз проблема туғызатынын айтады. Соның кесірінен көпжылдық ақуызға бай беде егісі қолға алынбай келеді. Мал азығы – жемнің бағасы да арзан емес. Осының бәрі айналып келгенде мал өнімінің нарықтағы құнының қымбаттауына әкеп соғады. Өнімнің толық өтпеуі, арзанға сатылуы біраз шаруашылықтың жұмысына кері әсерін тигізуде. Және бір мәселе – ауыл шаруашылығы саласына жастардың аз баруы. Әсіресе мал дәрігерлерінің жетіспеуі ел ішінде ауру малдың көбейіп кетуіне әкеп соғуда.
Дәурен ҚАБДОЛОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық инспекциясының бастығы:
– Қазір ветеринария саласында жұмыс істеп жатқан мамандардың орта жасы 50-ді еңсерген. Жас мамандар аз, кейбір ауылдарда зейнет жасындағы мамандар қызметте жүр. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, мал дәрігерлерінің әлеуметтік жағдайы, жалақысы көтерілмесе, бұл мамандықтың шал-шауқанның кәсібі болып қалары анық.
Қойшының таяғы иесіз қалды
Шынында да, ауыл-елдегі малдың айналасында жүрген жастар бүгінде өте аз. Мектеп бітірген түлектердің арасында да атакәсіпті алға қоямын деп құрық ұстап кететіндері жоқ десе де болады. Тәжірибелі шопан кадрлар жайы бөлек әңгіме. Мал бағуға жаңаша көзқарастың қажеттігі осындайдан туындайды.
Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Жәнібек Аралбаев та асылтұқымды малдың азайып бара жатқанына қапалы. «Шаруашылықтарда тіпті өсімге мал қалмай барады, – дейді ол, – көршілес елдер еділбай қойын бізден 25 мың теңгеге сатып әкетіп жатыр. Ал өзіміз Беларусь елінен әкелінген етпен қоректеніп отырмыз. Олардың еттерінің құрамында макроэлементтер аз кездеседі. Біздің еділбайдың етінде холестерин аз, жеңіл қорытылады, диеталық тағам саналады. Бұл саладағы қожалықтардың жұмыстары кенжелеп қалғаны өкінішті жайт. Осы қалыпта жүре беретін болсақ, барымыздан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан да еділбай қойына ұлттық бренд, мәртебе беру мәселесін күн тәртібіне шығарған дұрыс».
Мәліметтерге көз жүгіртсек, әлемдегі 14 түрлі қойда еділбай қойының қаны бар екен. Бұл оның бар қойдың атасы екенін тағы бір қырынан айғақтайды. Әрі жыл санап қой етіне деген сұраныстың артып келе жатқанын есепке алсақ, бұл саланы дамытуға әзірден көңіл бөлгеніміз, тіпті инвесторлар тарту жайын көтергеніміз жөн.