Дөңгелектен жол жасаймыз
Астанада ескiрген көлiк дөңгелектерiн жоятын зауыт iске қосылды.
Зауыт бiр жылда 20 мың тонна дөңгелектi жоятын болады. Жоба «Қазақстан даму банкi» қаржысы есебiнен жүзеге асырылды. Инвестиция мөлшерi – 8 миллион доллар. Қазiр жиырма адам жұмысқа алынды, болашақта тағы 35 жұмыс орны ашылмақ. Жоюға жiберiлген дөңгелектерден резеңке ұнтағы шығарылады. Бұл ұнтақты тасжолдарға төселетiн асфальт битумы құрамына қосса, төсенiштiң қызмет ету мерзiмi екi есеге артады. Қазiрдiң өзiнде Германия, Қытай және Ресейдегi бiрнеше кәсiпорынмен осы ұнтақты өткiзуге байланысты келiсiмшарт бекiтiлген. Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң Автожолдар комитетi де ұнтақты сынап көрмек. Осы мақсатта Ақмола облысындағы республикалық маңызы бар тасжолдың екi кесiндiсiне тәжiрибе ретiнде резеңке ұнтағы қосылған битум төселедi.