Дін туралы заңнамалардың қатаңдатылуына қатысты заң жобасы Мәжілістің қарауына жіберуге әзірленіп жатыр, - деп хабарлады 24 kz.
Құжатта кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни ағымдарға тартқандар мен жат ағымды насихаттайтын азаматтарды жазалауды күшейту мәселесі көтерілген. Аталған шаралар діни ахуалды тұрақты ұстауға бағытталып отыр. Бұл туралы қоғамдық кеңес жиынында еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.
Сонымен қатар, биыл жат діни ағымдардан зардап шеккендерге арналған сайт іске қосылады. Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың қоғаммен байланысын арттыру үшін әлі де қыруар шаруа атқарылуы керек. Оған үкіметтік емес ұйымдар, дәстүрлі діни бірлестіктер мен қоғамдық мекемелер атсалысады.
Юлия Денисенко, дін істерін зерттеу орталықтары қауымдастығының директоры: - Бізге келетін ата-аналардың басым бөлігін бір-ақ нәрсе алаңдатады – баласы жат ағымдарға еріп кетпесе екен деп қорқады. Егер ондай жағдайлар бола қалса, бәрін қоғамнан көреді. Бәрін тиісті органдар қадағалап отыру керек деп санайды. Айтқандары дұрыс қой. Бірақ олар азаматтық қоғамда, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандарын түсінсе екен деймін.