Ел Президентінің «Қазақстан – 2030» Жолдауындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» тармағында азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген. Осы бағытта Қазақстан мектептеріне жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан дара тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған.
Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын ынталандыру туралы Елбасының Жолдауын егемендіктің кілтін ұстар жастарды болашаққа апарар алтын сүрлеу десе болады.
Қазір қоғамымызда халықтың табиғи өсімі төмен, сырқаттанушылық және өлім-жітім деңгейі жоғары. Әсіресе балалар мен жастардың денсаулығы алаңдатарлық. Олардың арасында темекі тарту, ішімдік ішу, есірткіге әуестік, ерте жыныстық қатынасқа бару сияқты келеңсіздіктер кеңінен етек алуда.
Есірткінің медициналық-әлеуметтік проблемалары республикалық орталығының мәліметіне қарағанда, 1,5 млн адам есірткі дәмін тартқан болса, олардың 250 мыңы осы дертке тәуелді болғандар екен. Әсіресе кәмелетке толмағандардың осындай қатерлі дертке әуестенуі әркімді де ойландыруы тиіс. Республика бойынша есірткіні тұрақты пайдаланатындар саны жыл санап өсіп келеді.
Сонымен қатар нашақорлар тарапынан жасалатын қылмыс саны артып, олардың арасында СПИД ауруына шалдыққандар қатары да артып отыр. Мысалы, Теміртау қаласында өткен жылдың тоғыз айы ішінде нашақорлардың қолымен 111 заңбұзушылық жасалғаны анықталып, істері сотта қаралған. Сондай-ақ Қызылорда облысында 20 732 нашақор тіркеуге алынған болса, олардың 637-сі СПИД ауруына шалдыққаны анықталып отыр. Ал олардың 48 пайызы қылмыс жасап, қолы былғанғандар көрінеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының дерегі бойынша, халық денсаулығының 49-50%-ы өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді, 17-20%-ы қоршаған орта ерекшеліктеріне байланысты екен. Сондықтан жастарымыз адам денсаулығына зиянын тигізетін жат әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысқаны абзал.
Сөз соңында қайыра айтарымыз, халық денсаулығы тек медицина қызметкерлерінің кәсіби тірлігі ғана емес, бүкіл қоғамның денсаулық сақтауға және нығайтуға арналған үйлескен іс-қимыл әрекеттерінің жемісі екенін баршамыз ұғынуға тиіспіз. Салауатты өмір салтын қалыптастырсақ, сонда ғана ол болашақтың жарқын кепілі болмақ.
Гүлайым МАМАДОСОВА, №171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, Қызылорда қаласы
Дені сау ұрпақ – кемелді болашақ
Последние статьи автора