Дәрігерлер салмағы 4,5 келі болатын алып миоманы алып тастады
Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасының хирургтары 46 жастағы әйелдің жатырындағы салмағы 4,5 келі миоманы алып тастау операциясын сәтті жасады. Науқас ауруханаға келген кезде ішінің ұлғайып, етеккір циклінің бұзылғанына шағымданған. Гинеколог науқасты тексеру барысында «Жатыр миоматозы» диагнозын қойған. Дәрігердің айтуынша, миома салмағының артуы, жатырға жақын орналасқан органдардың қызметінің бұзылуына себепші болған.
-Науқастың жатырынан футбол добының өлшеміндей салмағы 4,5 келі миоманы алып тастадық. Барлық хирургиялық ем-шара сәтті аяқталды. Бүгінгі таңда науқас үйіне шығарылып, амбулаторлық ем қабылдап жатыр», – дейді хирург Өсербай Әлібекұлы.
Айта кету керек, жатыр миомасы ең көп таралған гинекологиялық аурулардың бірі болып табылады. Жатырда миома түйінінің белсенді өсуі салдарынан қатерсіз ісік дамиды. Миоматозды түйін жатыр денесінің ішінде де, сыртында да өсуі мүмкін. Бұл ауру симптомсыз дамығандықтан ерте анықтау қиындық тудырады және көп жағдайда профилактикалық тексеру кезінде анықталады.
Күрделі операцияны белгілі хирург, «Алтын скальпель» атағының иегері Мәулен Сансызбайұлы Малғаждаров және Өсербай Әлібекұлы Әлібеков, Максим Александрович Стадников және жас хирург Айдос Мэлсұлы жасады.
Аталған ауруханада 2022 жылдың 11 айында барлығы 3203 отаның 152-сі гинекологиялық аурулар бойынша жасалған.