Дәрігерлер мен мұғалімдер қызылшаға қатысты арнайы оқудан өтті
Ел дәрігерлері мен ұстаздар қауымы қызылшаға қарсы екпеге байланысты оқудан өтті, - деп хабарлайды Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Жалпы саны 4 мыңнан аса медициналық қызметкер мен мектеп директорлары және олардың орынбасарлары, мұғалімдер қауымы арнайы оқудан өткен. Оқу барысында вакцинадан кейінгі клиникалық жағдайларда болуы ықтимал асқынулар мен екпеден кейінгі жанама көріністер және кездейсоқ сәйкестіктерге ерекше көңіл бөлінген, - делінген баспасөз хабарламасында.
Ағымдағы жылдың 26-сы мен 4-ші сәуір аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы даярлаған, медициналық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының профессорлық-оқытушылар құрамынан жасақталған мамандар еліміздің барлық өңірлерінде медициналық қызметкерлер мен педагогтарға арналған қызылшаға қарсы қосымша иммундау шарасы бойынша 32 оқыту семинарын өткізген. Семинарлардың бағдарламасы қызылшаға қатысты республикадағы және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал, балалар мен ересектер арасында аурудың клиникалық ерекшеліктері, медициналық қызметкерлер, ата-аналар мен балалар арасында коммуникативтік машық мәселелерін қамтылған.
Айта кетейік, бүкіл әлемдегі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдайлар ескеріліп, еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен 15 және 19 жас аралығындағы тұлғаларды қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялаудан өткізу туралы шешім қабылданған болатын.
Алайда, иммунизациялау барысында республиканың 5 облысында жасөспірімдерді қызылшаға қарсы вакциналаудан кейін 396 өтініш тіркел.п, жасөспірімдердің 264-і ауруханаға жатқызылған. Десек те, олардың барлығы емделіп шықты. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 19 ақпандағы қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау тоқтатылған болатын және 2 наурыздағы қаулысымен иммунизациялауды тоқтатудың мерзімі 4 мамырға дейін ұзартылған.