Дәрігерден ұялған: үйінде босанған келіншекке көмектескен ақтөбелік әйелдің әңгімесі
Қазақстанда биыл алғаш рет қиын сәтте батыл қадам жасаған азаматтар марапатталды. Әлия Назарбаеваның бастамасымен ADAM BOL сыйлығы табысталды. Халықтың дауыс беруі арқылы лауреат атанған 12 азаматқа 1 миллион теңгеден берілді. Әр батырдың оқиғасы әртүрлі. Бірі өрттен бір топ адамды аман алып қалса, енді бірі зорлық әрекеттің алдын алып, балаларға көмектескен. Соның бірі – ақтөбелік кәсіпкер Ақбота Аманғалиева. Ол 8 жыл бұрын үй ішінде әйел босандырып, жыламай туған нәрестенің бетін бері қаратқан.
Қазір сол баланың денсаулығы жақсы, екінші сыныпта оқып жүр.
Ақбота Аманғалиеваның бір ұл, бір қызы бар. Кенжесі мектеп жасына жеткен жылы отбасымен бірге Ақтөбеден 25 шақырым жерге көшкен. Қаладағы үйін бос қалдырып, жанындағы уақытша тұруға арналған үйді жалға берген.
2013 жылдың 3 наурызында әйел бос тұрған үйін жинау үшін қалаға келеді. Сол сәтте үйін жалдап тұрып жатқан Гүлбаршын Оразғалиеваның толғағы қысқан.
"2013 жылы 3 наурызда боран соғып, қар жауып тұрды. Үйде қызымыз екеуміз ғана едік. 43 жаста болған соң дәрігерге баруға ұялдым. Ауруханаға бармай, үйде босанып қалдым. Ақбота көршім ғой, бір аулада тұрдық. Үйін жалдап тұрдым. Кешкі сағат 7-8 шамасында толғағым келді. Жедел жәрдем жоқ. Күн суық. Хабарластық, келмей жатыр. Қызым жалаңаяқ жүгіріп барып, Ақботаны шақырды", – дейді Гүлбаршын Оразғалиева.
Бұл күнді Ақбота Аманғалиева да ұмытпаған. Оқиға күні кеше болғандай, бәрі де көз алдында.
"Ол күн әлі есімде. Бала жыламай туды. Сол оқиға болардан бір ай бұрын келінім босанған кезде жанына серіктес болып кірдім... Менің сол жерге барғаным да, көршілердің дәл біздің үйге көмек сұрап келгені – бәрі-бәрі баланың көрейін деп тұрған жарығы болар... Бала көкпеңбек болып туған соң перзентханада көргенімді істеп, екі аяғынан ұстап, табанынан шапалақпен ұрдым", – дейді ол.
Алайда ол кездегі жағдай оңай болмаған. Ақботаның айтуынша, келіншек қатты толғатып жатқанда қорыққан. Жедел жәрдем келгенше шыдайды деп үміттенген.
"Әйелдің ыңғайланып жатқанын байқаған соң босануға көмектесуден басқа амал жоқ екенін түсіндім. Өзімді қолға алдым. Оған оның алдында серіктес болып кіргенімнің көмегі тиді", – дейді Ақбота Аманғалиева.
"Баланың жыламағанын көріп, қатты уайымдадым. Қызым ол кезде кішкентай еді, ол да өліп қалған екен деп қорқып кетті. Ақбота сәбидің аузы-мұрнын сүртіп, екі аяғын аспанға көтерді де, табанынан ұрып, баланы жылатты. Сол сәтте "уф" дедім", – дейді келіншек.
Үйде босанған әйел бала дүниеге келген соң әлсірей бастаған. Ұйқы қысып, демалғысы келген. Алайда Ақбота Аманғалиева дәрігерлер келгенше ояу болуын қадағалаған.
"Менің ұйықтап қалмасын деп шапалақпен ұрып отырды. Содан жарты сағат өткен соң жедел жәрдем келіп, мені мен баламды алып кетті. Оны осы күндері "борандатып туған балам" деп айтамын", – дейді Гүлбаршын.
Боранда туған бала
Бала қазір 8 жаста. Ақтөбеде екінші сыныпта оқып жатыр. Аты – Ербол. Бір кездері пәтер жалдап тұрған отбасы 2 қабатты үй салып, көшіп кеткен. Алайда баласының өмірін сақтап қалған әйелмен байланыс үзілмеген.
"Анда-санда Наурыз секілді мейрамдарда рақмет айтып, хабарласып тұрамыз. Әр туған күн сайын Ерболдың фотосын жібереміз. Көшеде көріп қалса, "менің балам қалай?" деп сұрайды. Ақботаның үйінде 2016 жылға дейін тұрдық", – дейді ақтөбелік әйел.
Ақботаның айтуынша, екі отбасы телефон арқылы сөйлескенімен, бір-бірінің үйіне бармаған. Алайда кәсіпкер жақында баланы көріп қайтатынын айтты.
"Біз ол жерден көшіп кеттік. Олар да басқа жерде тұрады. Қаланың екі жағында тұрамыз, бірақ әлі күнге дейін хабарламыз. Басында 2-3 жыл баланың туған күніне шақырып, келіншегі хабарласып жүрді. Баруға бір реті келмепті", – дейді Ақбота Аманғалиева.
Ол баланы әлі көрмесе де, жыл сайын туған күнімен құттықтап тұрады.
ADAM BOL AWARDS
Айта кетейік, бірінші наурызда Алматыда ADAM BOL жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды. Сыйлық ерлік жасаған, басқа адамдардың өмірін құтқарған адамдарға берілді.
ADAM BOL AWARDS жүлдесінің құрылтайшысы – Қоғамдық маңызды бастамалар қорының жетекшісі, әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлия Назарбаева.