Даниал Ахметов иммундық плазма доноры болды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов иммундық плазма доноры болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл жайлы аймақ басшысы Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды. Барлық қажетті талдаулардан өткеннен кейін плазма доноры болдым.
Қан орталығы дәрігерлерінің қадағалауымен 600 миллилитр плазма тапсырдым. Орталық мамандарының жоғары кәсібилігінің арқасында процедура жағымсыз әсерлерсіз әрі жеңіл өтті. Мені бұл қадамға не итермеледі? Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде бұл иммундық плазма COVID-19 инфекциясының ауыр түрімен сырқаттанған науқастарды емдеудің тиімді құралы ретінде дәлелденген. Біздің облыс - плазма банкін құрған бірінші аймақ», - деді Даниал Ахметов. Тек осы аптада өңірде 234 доза дайындалған. Донор болғысы келетіндер саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. «Қанымдағы антиденелер титрі өте жоғары екен. Сондықтан, мен бүгін тапсырған плазма дозасы ауыр хәлде жатқан үш науқасқа көмектесе алады. Құрметті шығысқазақстандықтар, біз біріккенде ғана коронавирус инфекциясының таралуын тоқтата аламыз және қазір жағдайы өте қиын жақындарымызға көмектесе алатынымызға сенімдімін. Денсаулықтарыңыздың мықты болуын және ауырмауларыңызды тілеймін!», - деп жазды облыс әкімі.
inform.kz