Дағдарысқа қарсы бөлінген 6,9 трлн қаржының 355 млрд теңгесі негізсіз жұмсалғаны анықталған
Сәрсенбіде өткен пленарлық отырыста есеп комитеті төрағасы Наталья Годунова былтыр дағдарысқа қарсы, жағдайды реттеуге бөлінген 6,9 трлн теңгенің 355 млрд көлеміндегі бөлігін жұмсауда кемшіліктер анықталғанын мәлімдеді, деп жазады qazaqtimes.com.
«Дағдарысқа қарсы қаржыны пайдалану бойынша да мәселелер бар. 6,9 трлн теңгенің 4,5 трлн-ы тексерілді. Оның ішінде 2 трлн қаражатқа аудит жүргізілді. 355 млрд теңге қаржыны қолдануда заңбұзушылықтар анықталды. Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында тағы 243 млрд теңге жоспарланып, қайта бөлінді», – деді Годунова.
Сонымен қоса, Үкімет жұмыссыздық 4,9%-дан аспайды дегенімен елді жұмыспен қамту үшін бағытталған қаржының басым бөлігі уақытша еңбек орындарын ашуға кеткен. Көбіне бір және үш ай аралығындағы жұмыс орындары. Есеп комитетінің жетекшісінің сөзіне сенсек, министрлер кабинеті «мемлекеттік ресурстарды босқа ысырап етпеуге арналған» талаптар бекітіп, шара қабылдаған.
Десе де, экономист сарапшылар мен азаматтық қоғам белсенділері, азаматтар жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші шынайы жағдайдан әлдеқайда алшақтығын айтады. Пандемия басталғалы бірнеше миллиондаған қазақстандық табысынан қағылып, үкіметтік жәрдемақыға сұраныс берген. Содан бері де жұрттың әлеуметтік жағдайы оңала қойған жоқ.