Былтыр 68 елді мекеннің атауы өзгерген
2022 жылы 68 елді мекен мен 572 құрамдас бөліктің атауы өзгерген, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Мәселен, Ақмола облысы бойынша Южная көшесі Сәбит Мұқанов, Буденный көшесі Бауыржан Момышұлы, Ленин көшесі Абылай хан есімдерімен қайта аталды.
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет комитетінің ақпараты бойынша өткен жылы Республикалық ономастика комиссиясы 606 ұсынысты қараған.
«Бұдан бөлек, былтыр Мемлекет басшысының еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында жаңадан құрылған үш облысқа Абай, Жетісу, Ұлытау атаулары берілді. Ал Қапшағай қаласы – Қонаев қаласы болып қайта аталды. Айта кету керек, облыс атаулары тек мемлекеттік тілде бекітілді. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Қостанай халықаралық әуежайына ұлт ұстазының есімі берілді», деді Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ономастика басқармасының басшысы Елерке Төрехан.