Бұзақылар облыс әкімі отырғызған шыршаларды түбімен жұлып тастаған
Облыс орталығындағы Жеңіс саябағына өткен сенбі күні отырғызылған жас шыршалар түбімен жұлынып тасталған.
Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбі күні Павлодарда жалпықалалық тазалық шарасы ұйымдастырылып, оған 40 мың тұрғын қатысқан болатын.
Сенбілік аясында Жеңіс салаңына шыршаларды облыс әкімі отырғызған. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әсия Закарьянованың айтуынша, көшеттер қалалық питомниктен әкелінген. Бойы екі метрге дейінгі ағаштардың жасы шамамен 12-14 жылды құрайды. Жуық арада бұл іске жауапты «Дендро» ЖШС мердігер ұйымның қызметкерлері өсімдіктерді қайта отырғызу жұмыстарын қолға алмақ.
- Шыршалар түбімен жұлынып алынғандықтан, оларды қайта отырғызуға мүмкіндік бар. Сондықтан ағаштар өмір сүреді деуге болады. Жас көшеттер құрғап кеткен жағдайда олардың орнына жаңа ағаштар отырғызылады, - дейді Ә. Закарьянова.
Маманның сөзінше, ағаштардың жұлынып кетуіне қатты соққан жел себеп бола алмайды. Өйткені желдің екпінімен үш ағаш емес, одан да көп өсімдік зардап шегер еді.
- Сенбі күні отырғызылған 70 ағаштың үшеуі ғана «ұшып» кетуі мүмкін емес. Сондықтан бұл жайтты вандализм фактісі деп білеміз. Жалпы, бұл аумақты тәртіп сақшылары бақылап, күзету керек. Дегенмен көшеттер қараусыз қалған. Әрине, қала әкімдігі әкімшілік полицияға өтініш түсіреді. Жеңіс саябағында бейнебақылау камералары болмағандықтан, бұзақыларды табу қиынға соғары сөзсіз, - дейді Ә. Закарьянова.
Мамандардың айтуынша, аталмыш қоғамдық орынды бақылау үшін кем дегенде 6 камера қажет.
Аталмыш жағдайға орай түсініктеме алу мақсатында облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Алайда тілшілер мардымды жауап ала алмады.