Бүгін еліміз Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтеді
Бүгін – тәуелсіздігі тұғырлана түскен Отанымыз үшін ерекше күн!
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылдың 4 маусымында қабылданып, осымен тоғызыншы жыл қатарынан тойланып келеді. Егемендік пен біртұтастықтың нышаны болған рәміздер барша қазақстандықтың рухын асқақтатып, төл мәдениетіне негіз бола білді.
Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты, көгілдір түсті Туымыз бейбіт аспанда желбіреп тұр. Сабының тұсы ұлттық оюмен тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі – алтын түстес. Оның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Елтаңбамыз дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Арнайы байқау ұйымдастырылып, 250 нұсқаның ішінен таңдалған қазіргі елтаңбамызды белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов салды.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалған Әнұранымыз қашан да қазақтың намысын асқақтатып, әуелей түспек. Музыкасын Шәмші Қалдаяқов, сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазған.