Оралда егіз босанып, көз жұмған келіншектің өліміне қатысты дәрігерлер пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап.
30 сәуір күні 35 жастағы келіншектің көз жұмғаны белгілі болды. Жүктілер патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Наталья Кочегарованың айтуынша, Эльвира Әшімова 27 сәуірде ауруханаға түскен.
"Әйел көп бала босанған. Бұл төртінші жүктілігі. Өзі №6 емханада тіркеуде болып, кейін отбасылық жағдайлармен №1 емханаға ауысқан. Біріншіден, әйел алдыңғы босануынан кейін көп уақыт өтпестен, бала көтерген. Небәрі 5 ай. Басқаша айтқанда, әйелдің қалыпқа келуі мен келесі жүктілігінің кедергісіз өтуі үшін қажетті интервал сақталмаған. Кемі екі жыл өтуі керек еді. Екіншіден, әйелдің бүйрегінде инфекция болған. Оны жүктілік бойы емдеді. Үшіншіден, анемиямен ауырған", - дейді Наталья Кочегарова.
Анықталғандай, Әшімова 11 сәуір күні ауруханаға бүйрек инфекциясымен және төмен гемоглобинмен түскен (литрге 70-80 грамм). Дәрігердің айтуынша, екіқабат келіншек үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Мұндайда қан кету қаупі жоғары.
"Әйелдің жатыры созылып үлкейіп кеткен, себебі егіз көтеріп жүрді. 27 сәуір күні ауруханаға түскенде қан қысымы жоғары, несебінде ағуыз, денесінде ісік болды. Бұл жүктілікті ауырлататын тағы бір фактор. Науқас басының айналатынын айтып, әлсіздікке шағымданды. Оған қан құюымызға тура келді, өзі келісім берді. Емханалық хаттама бойынша, егіздерді 38 аптада босандырып алуымыз керек. Біз консилиум өткізіп, әйелге жоспарды таныстырдық. Қан құйған соң гемоглобині көтеріліп, жағдайы тұрақталды. Келесі күні оны босану бөлмесіне жібердік. Тез босанды. Балалары жетілген, әр баланың салмағы үш келі шамасында. Балалардың жалпы салмағы мен суды қосқанда барлығы 8-10 келі болды. Жатырдың қаншалықты созылғанын елестете аласыз ба? Әлі алдыңғы босанудан кейін қалыпқа келмеген әйелдің ағзасы үшін бұл өте үлкен ауыртпалық болды", - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, қан кету қаупі жоғары болған кезде кесарь тілігін жасамаған жөн. Себебі табиғи жолмен босанудан қарағанда, хирургиялық ота кезінде әйел көбірек қан жоғалтады. Алайда соған қарамастан, босанғаннан кейін, Эльвира Әшімовадан қан кеткен. Наталья Кочегарованың айтуынша, дәрігерлер оны тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған: қан, плазма құйған, қанның ұйығыштығын арттыратын препарат еккен, облыстық бас анестезиологы мен гинекологын көмекке шақырған. Алайда қан тоқтамағандықтан, дәрігерлер жатырды алып тастауға шешім шығарған.
"30 сәуір күні түнде ота жасап, жатырды алып тастадық. Бірақ өкінішке қарай, әйелді құтқара алмадық. Сағат 11:00-де науқас көз жұмды. Жағдайды ауырлататын факторлар әсер етті. Бес баланың анасы екенін түсініп тұрдық, тырыстық, бірақ қанның кетуін тоқтата алмадық. Өлімнің себебі - шамадан тыс қан кетуден. Патологоанатомиялық сараптама мұны растады. Бұл жағдай бойынша бірнеше рет тексеріс жүргізілді. Жақын күндері республикалық комиссияны күтіп отырмыз. Ана өлімі қатаң түрде бақыланады",- деді Наталья Кочегарова.
Эльвира Әшімованың балалары аман-сау, оларды туыстары алып кетті. Жаңа туған егіздерден бөлек, әйелдің 1.5, 5 және 10 жасар үш баласы қалды.
Бұған дейін Оралда егіз босанған келіншектің көз жұмғанын жазған едік.