Болат Назарбаев сотқа арызданып, әйелінен фамилиясын тартып алды
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев сотқа арызданып, әйелінің тегін ауыстырғаны туралы жазбаны, оның жеке куәлігі мен төлқұжатын жарамсыз деп тануды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ratel.kz сайтына сілтеме жасап.
Болат Назарбаевтың талаптары өткен жылдың 28 қыркүйегінде сотта қаралды. Гүлнұр Уахапқызы сот отырысына келмеді және қатыспау себебін де хабарламады.
Гүлнұр Уахапқызы – Болат Назарбаевтың үшінші әйелі.
Бірінші әйелі Гүлжан Назарбаева 2020 жылы қайтыс болды. Олардың үш баласы бар: Гүлмира Әбішева (судья), Құндыз Назарбаева (бизнесвумен) және Нұрбол Назарбаев (прокуратура мен ІІБ лауазымдарын атқарды, бизнесмен).
Болат Назарбаевтың екінші әйелі Майра Құрманғалиевтен ұлы бар екені белгілі.
Ал Гүлнұрмен некесі ресми түрде расталмаған. Гүлнұр Назарбаева туралы жұртшылық Instagram-дағы парақшасында қымбат киімдермен түскен фотосуреттері мен видеоларын жариялаған кезде біле бастады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында зәулім сарайын да көрсетті. Әйел Болат Назарбаевтан үш баласы бар екенін мәлімдеді.
Ras aitamyn телеграм-арнасының ақпараты бойынша, Гүлнұр Назарбаеваның "Назарбаева Гүлнұр Уахаповна" ЖК-ны Алматы облысында сұлулық байқауын өткізу тендерін жеңіп алған. Аталған байқаудың құрметті қонақтарында Болат Назарбаев, Гүлнұр Назарбаева және сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов болды.
Ерлі-зайыптылар 2021 жылы наурызда 12 жылдық некеден кейін ажырасқан.
Айта кетейік, Елбасының інісі Болат Назарбаев Алматы мен Алматы облысындағы бірнеше ірі базарлардың, банктер мен басқа да ірі кәсіпорындардың меценаты әрі иесі ретінде танымал.