"Бір адам 150 келі мақта тереді": Жетісайдағы қызу науқан қалай жүріп жатыр? (фото)
Жетісай ауданында мақта теру науқаны қызу жүріп жатыр. Ауа райының қолайсыздығынан мақта кеш егілді деген шаруалар күн сайын жауын-шашынның болмауын дұға етіп, тілеп отыр. Айтуларынша, жаңбыр жауса, мақта сорты төмендеп, еткен еңбектері ақталмайды. Нәпақасын егістік алқабынан тауып отырған тұрғындармен өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.
29 жастағы Жұлдызай бала күнімде мақта тергенім болмаса, терімші болып жұмыс істеп жүргеніме биыл үшінші жыл дейді.
«Мектеп бітірген соң білім алдым, үкіметтің жұмысын істедім. Бірақ мақта теріп, табыс табу - ол жұмыстың жалақысынан тәуір.
Содан терімшілер қатарына қосылдым. Біз қазір бір бригада болып, еңбек етудеміз. Жиырма шақты терімші бар.
Өзім 12 гектар жеріме мақта еккенмін. Әзірге пісіп жетілмеді.
Мен оны комбайнның көмегімен жинап аламын деп отырмын. Себебі ертең жауын жауып кетсе, қолмен теріп үлгермей қаламын», - деді келіншек.
Терімшілер таңғы сағат сегіз жарымда жиналып, жұмысты тоғызда бастайды.
- Түскі уақытта бір сағат астанып, тіпті кейбірі мызғып та алады екен.
Түскі асты терімшілердің көбі егіс алқабы басында ішеді. Ал жақын маңда тұратындары үйлеріне барып келеді. Жұмыс уақыты кешкі сағат алтыда тоқтайды.
Кейін маңдай термен тапқан еңбекақысын кезекпен алып, үйлеріне жетемін дегенше кеш те батып қалады екен.
«Мақта терудің де өз тәртібі бар» деген терімшілер ақ ұлпаны қауашағы мен жапырағынан бөліп алу уақытты ұстайтынын алға тартты.
Қолдары күстеніп кетпес үшін олар бірнеше қапталып тігілген қолғапты пайдаланады. Оның көбі тек бір реттік екен, келесі терімге жарамай қалады.
- Бір терімші күніне орташа есеппен 100-150 келіге дейін мақта теріп үлгереді. Ал шапшаңдары бір күнде жарты тоннаға дейін ақ алтын жинайды.
«Біздің ауылда Атабек деген бала бар, жасы 23-те. Ол былтыр бір күнде 450-500 келіге дейін мақта терді.
Осыдан екі жыл бұрын тағы бір бала 503 келі мақта теріп, рекорд орнатты.
Енді олар ұл балалар, шапшаң, бойында қуаттары бар. Ал біз шамамыз келгенінше қанағат етіп отырмыз.
Өзім бір күнде 100 келі мақта терсем, қолыма 3000 мың теңге алып қайтамын. Терген мақтамыздың ақысын күндегісін күніге алып отырмыз», - деді терімші келіншек.
Қазан айының ортасына қарай терімшінің еңбегіне деген сұраныс артады екен. Мәселен, қазір терген мақтаның әрбір келісіне 30 теңгеден төленсе, ол кезде баға 40 теңгеге дейін көтеріледі.
Себебі қараша айына созылып кетсе, жаңбыр жауып, мақта сортының бұзылып кету қаупі бар.
Жұлдызай еңбек ететін жұмысшы топ диқаншы Уәли Ахматтың жеріндегі мақтаны теріп жүр.
Осыдан 26 жыл бұрын Ираннан Қазақстанға көшіп келген ол сол уақыттан бері егін шаруашылығын қолға алып келеді. Әрбір ісін дұға етіп бастайтын қария жұбайы екеуі ғана тұрады екен.
"Алатын зейнетақымыз күн көруге жетпейді", - деген қарт жердің берген сыйымен күнелтіп отырғанын айтты. Ақ алтын науқаны басталғанда терімші жалдап, кейін мақта қабылдау орнына өткізеді.
«Күн сайын дұға етіп, Алладан күздің құрғақ болуын тілейміз. Әйтпесе маңдай термен еткен еңбегің заяға кетеді. Биыл шүкір, өнім жақсы шықты. Енді соны уақытында жинап үлгерсек болды», - деді Уәли Ахмат.
Жетісайда еңбек етіп жүрген терімшілер мақта теру науқаны аяқталған соң қол қусырып қарап отырмайды. Еңбекқор халық жылдың тек бір айы - желтоқсанда демаламыз дейді.
Қаңтардан бастап ерте пісетін орамжапырақ сынды көктемгі егістің жұмысы басталады. Сол кезде де олар жалданбалы жұмысшы болып күн көреді. Кейін жаздық, күздік өнім егіледі.
Ал диқаншылар болса, мақта түгелімен жиналып болған соң жерді жыртып, минералды тыңайтқыштар сеуіп келер жылдың қамына кіріседі.
Айта кетерлігі, диқаншылардың көбі әртараптандыру жайтын да ерекше назарға алып келеді. Айтуларынша, бір жерге жыл сайын бір өнімнің бір түрін егу жер құнарлығының жоғалуына алып келеді.
77 мың гектардан астам егістік алқабы бар Жетісай ауданында биыл 45 мың гектар жерге ақ алтын егілген. Мақта теру науқаны кеш басталғанына қарамастан қазіргі таңда 1100 гектар жерден мақта өнімі теріліп үлгерген.
- Егіс алқабында 94 бригада еңбек етуде. Оның әрбірінде 20-25 терімші бар.
Яғни, 2400 жергілікті тұрғын 835 гектар алқапта ақ алтынды қолмен теріп, нәпақа тауып отыр. Ал 200-ге жуық гектар жердегі мақта комбайнның көмегімен жиналуда.
Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Дастан Дүйсенбайұлы теру науқанының кеш басталуы орташа өнім алуға кері әсерін тигізбей қоймады деп отыр.
«Былтыр бір гектар жерден алынған орташа өнім 25,6 центнерді құраған болатын. Ал биыл - 21,6 ц. Мақта теру науқаны енді басталды, біткенше өнім көлемі артады деп жоспарлап отырмыз, себебі егу науқаны кеш басталғанымен ағын су жағынан проблема болған жоқ. Шитті мақтаның нарықтағы бағасы әлі нақтыланбады. Былтыр келісі 180 теңгеден бағаланған. Биыл одан кем болмайтын шығар деген үміттеміз», - деді бас маман.