Бердіоңғаров Астанада бітпей жатқан құрылысты салушылардың жұмысын бақылайды
Астанада “Шығыс” тұрғын үй кешенін салушы мердігер құрылысты 2015 жылдың мамырында бітіруге уәде берсе, депутат Бердіоңғаров құрылыстың кестесін төсегінің үстіне іліп қоятын болды. Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
“АSI инвестициялық құрылыс компаниясының” директоры Сергей Котляров үлескерлер мен парламент мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаровпен кездесу барысында құрылыс аяқталатынына сендірді.
Келісімшарт талаптары бойынша құрылысқа қаржы салғандарға пәтерлері 2013 жылы берілуі тиіс болған.
“Содан бері құрылыстың аяқталу мерзімін үш рет кейінге шегерді”, – деп ескертті ынталы топтың мүшесі Айбек Сламбеков.
Келіссөз барысында тараптар пәтерлерді берудің жаңартылған кестесі бар қосымша келісім жасайтын болды.
“Құрылысты салушы тарап бұдан әрі мерзімді ауыстырмай, нақты кестемен уақытылы құрылысты өткізбеген жағдайда қаржылық санкциялар тағайындалады”, – деп мәлімдеді депутат Бердіоңғаров.
“Өз кезегінде, мен бұл құрылысты салушылардың жұмысын бақылауда ұстап, тіпті құрылыс кестесін өз төсегімнің үстіне іліп қоямын”, – деп сөз берді депутат.