Батыс Ніл безгегі қауіп төндіріп тұр
Әлемге қауіп төндіріп тұрған Батыс Ніл безгегі көрші Ресейдің 15 аймағында тіркеліп отыр. Сол себепті Қазақстанда індетті ел аумағына өткізбеуге бағытталған шаралар күшейтілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде Батыс Ніл безгегі инфекциясын алып келу және тарату жағдайларына жол бермеу үшін санитарлық-антиэпидемиялық шаралар кешені қолға алынды. Мамандандырылған мекеме қызметкерлері суқоймаларды өңдеуге, демалу-сауығу аймақтарын тазалауға, елді мекендерді көріктендіруге кірісті. Зертханалар мен тиісті ұйымдарда адамдар ұстап-тұтатын материалдарда Батыс Ніл вирусын анықтаудың әдістері қарастырылып жатыр. Қазір Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті жағдайды бақылауда ұстап отыр. Батыс Ніл вирусы – кулекс тұқымды масалар түрі арқылы таралатын аса қатерлі безгектің қоздырғышы. Оны жұқтырған адамның ми қабығы, жүйке және лимфа жүйесі зақымданады. Денсаулық сақтау министрлігі мамандары келтірген мәліметке қарағанда, Еуроодақ елдерінде жаз мезгілінде ауру жұқтырудың 115 дерегі тіркелген. Эпидемиялық ахуал Грекия, Израиль, Румыния, Сербия мен Италияда күрделі болып тұр. Көрші Ресей Федерациясы аумағында Батыс Ніл безгегінің 326 дерегі тіркелді. Індет елдің Волгоград, Астрахань, Ростов, Воронеж, Липецк облыстарында, барлығы 15 аймақта таралған. Бұл өңірлердің дені Қазақстанмен шекаралас.