Бас мүфти Мемлекет басшысына Ислам академиясын құру жұмыстары басталғанын айтты
Бас мүфти Мемлекет басшысыны елордада Ислам академиясын құру жұмыстарының басталғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеті бағыт бойынша биылғы атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспары туралы баяндады.
Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пандемия кезінде Оразаның ұйымдастырылу ерекшеліктері, жасап жатқан қайырымдылық шаралары жайында мәлімет берілді. Сонымен қатар елордада Ислам академиясын құру жұмыстарының басталғаны туралы айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бүкіл әлем бастан өткеріп отырған пандемия кезінде жамағатты сабырға шақырып, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынына, мешіттердің толық ашылатын күні алыс емес екеніне сенім білдірді.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Президентті Рамазан айының алғашқы күнімен құттықтап, «Муфтият» баспасынан жақында жарық көрген «Тәпсірлердің таңдаулысы» атты Құранның қазақ және орыс тілдеріндегі 8 томдық аудармасын табыстады.