Банк есепшоттарынан жүздеген миллион ұрлағандар сотталды
Алматы қаласында ірі кәсіпкерлік құрылымдардың банк есепшоттарын бұзып, ақша ұрлағандар сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Үкімді Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылғасова шығарды. Еске салсақ, бірнеше компанияның банк есепшоттары бұзып ашылып, сотталушы Андрей Кудинов пен Мырзахан Дөненбаев жүздеген миллион теңге ұрлаған болатын.
Сот отырысында сотталушы Кудинов өз кінәсін ішінара, нақты айтқанда, банк есепшоттарынан аса қомақты сомада ақша тонағанын және құжаттар мен штамптарды қолдан жасағанын мойындады. Десе де ол ұйымдасқан топты құру мен басқарғанын мойындамады, сонымен қатар, қылмыстық іске Дөненбаевтың еш қатысы жоқтығын айтты. Кудиновтың сөзінше, ұрлықты ол жалғыз жасаған.
Сот екі айыпталушыны да айыпты деп тауып, Кудиновке 8,5 жылға бас бостандығынан айыру, Дөненбаевқа мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимдегі түзеу колониясында 6 жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Банктегі есепшоттардың бұзылғаны жайлы 2014 жылдың 28 қаңтарында белгілі болған еді. Хакерлер салық органдарының атынан пошта адрестеріне вирусы бар хаттар жіберген. Содан кейін зиянды бағдарламаның көмегімен парольдерді тартып алып отырған. Кейін арнайы дайындалған тұлғалар жалған құжаттармен банктен есепшот ашып, есепшотқа аударылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып алады.
Тергеушілердің дерегі бойынша, қаскөйлердің жеке куәліктер жасайтын арнайы станогы болған. Қолдан жасалған құжаттар арқылы жасанды есепшорттарға шамамен 300 миллион теңге аударылды. Бастапқы кезде қылмыстық іс "Алаяқтық", "Ұрлық", "Компьютерлік ақпараттарға заңсыз ену, ЭЕМ-ге арналған зиянды бағдарламаларды құру, қолдану және тарату" баптары бойынша қозғалса, кейін "Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару" бабы қосылды.