Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі “Бәйтерек” холдингіне бағынысты "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және "KazakhExport" АҚ әрекеттерінен бірқатар заңбұзушылықты анықтаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, ірі инфрақұрылымдық жобаларға жеңілдікпен кредит беруді жүзеге асыратын "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ қарыз алушылардың кейбіріне банктік сараптама рәсімдерінен өтпесе де қаржыландырып отырған. Тіпті индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қаржыландырудың бекітілген, теңдестірілген схемаларының болуына қарамастан (50% бюджеттік қарыз, 50% өзге де көздер) бірқатар жобаны бюджет қаражаты есебінен толық кредиттеген. Ал өзгелеріне керісінше қолдау дұрыс көрсетпеген. Сонымен қатар өтінімдердің бірін 2-3 тәулік ішінде қарастырса, басқа жобалардың қарау мерзімін 300 күннен асырып жіберген. Бірақ талап бойынша жекелеген жобаларды келіп түскен сәттен бастап қарау мерзімі - 70 күнтізбені құрайды.
"KazakhExport" АҚ қызметін талдау барысында да мемлекеттік қолдау шараларын алушыларға қарсы міндеттемелерді белгілеу кезінде барлығына бірдей тең емес жағдайлар жасау белгілері анықталып отыр.
Осы фактілер бойынша агенттік "Бәйтерек" холдингінің атына бұзушылықтар белгілерін және оларға ықпал ететін мән-жайларды жою туралы нұсқама енгізді. Монополияға қарсы органның хабарламасын операторлар алған сәттен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде орындалуы тиіс. Хабарламалар белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, әрбір факт бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.