Байқоңыр – бізге бақ анық, басқара алсақ, жарадық
Мамандардың бағалауы бойынша, «Байқоңыр» ғарыш айлағының технологиялық құрал-жабдықтарының табиғи және моральдық тозуының қалған мерзiмi шамамен тағы да 10 жылды құрайды. Оның Ресей аумағындағы «Восточный» ғарыш айлағы құрылысының белгiленген мерзiмiне сәйкес келуi кездейсоқ емес. Ендеше, Ресей қанша жерден «біз Байқоңырдан кетпейміз» деп мәлімдеп жатса да, ғарыш айлағын түбінде өзіміз игеруге (басқаруға) дайын болғанымыз жөн сияқты.
Қазақстанның стратегиялық жоспары өзгерді
Иә, тура он жылдан кейін Ресей өз жеріндегі «Восточный» атты жаңа ғарыш айлағының құрылысын толығымен аяқтайды. Биыл осы ауқымды жоба үшін Амур облысында жер бөлініп, Углегорск деген жабық қаланың маңайында зымыран ұшыру кешенінің құрылысы басталды. 2015 жылы бұл жерден алғашқы пилотсыз зымыран тасығышын, ал үш жылдан кейін ғарышқа адам ұшыру жоспарланып отыр. Демек, бүгінде орыстар бар күш-жігерін «Восточный» ғарыш айлағына салып жатыр деген сөз. Енді олар үшін Байқоңырдың техникалық жағдайын дамыту тиімсіз болуы мүмкін. Сол себепті еліміздің Ұлттық ғарыш агенттігі биыл 2011 – 2015 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарға өзгерістер енгізіп, Байқоңырға бөлінетін бюджет қаржысын көбейтті. Мәселен, Ресейдің жалдау құзыретінен шығарылған нысандарды сақтауға биылдың өзінде 78,4 млн теңге бөлінсе, келесі жылы бұл қаражаттың көлемі 104,5 млн-ға артады. Ал байланыс және хабар тарату ғарыш аппараттарын басқару саласына бөлінетін бюджет қаржысы үш есе артады: 2011 жылы «Байланыс және тарату аппараттарының басқаруын қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында 1,3 млрд теңге жұмсалса, 2014 жылда оған 2,9 млрд теңге бөлінеді. Осылайша, Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағына ақша салып, оның техникалық жағдайын сақтап қалуға тырысады. Ал Ресей біртіндеп «Восточныйға» көшіп кетсе, таңғалмаңыз. Дегенмен «жаңа ғарыш айлағының басты мақсаты – Байқоңырдың орнын алмастыру емес, оның жүктемесін төмендету» дейді ресейлік мамандар. Себебі бүгінде Байқоңыр зымыран тасығыштарды ұшыру жағынан әлемдегі 30 ғарыш айлағы ішінен бірінші орынға шықты.
Роскосмостың бұрынғы басшысы Анатолий Перминовтің сөзіне сенсек, «Восточный» ғарыш айлағы Байқоңырды алмастырмайды. «Ресей Президенті Владимир Путиннің жаңа ғарыш айлағын құру жөніндегі шешімі Байқоңырды жалға алу мерзімін уақытынан бұрын тоқтатуға себеп бола алмайды. Аталған халықаралық келісім 2050 жылға дейін ұзартылған болатын. Біз оны бұзбаймыз», – деп атап көрсеткен еді А.Перминов мырза қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында. Ал енді бір жағынан қарасақ, 2050 жылға дейін Байқоңырды жалға алу орыстар үшін тиімді деп айта алмаймыз. Бүгінде Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алғаны үшiн – 115 млн АҚШ долларын, ал ондағы нысандарды ұстап тұрғаны үшін жыл сайын 100 млн доллар төлеп тұрады.1994-2010 жылдар аралығында Байқоңырдан ел бюджетiне 1,9 млрд доллардан астам қаржы түскен. Ал жаңа «Восточный» ғарыш айлағының құрылысы шамамен 9 млрд долларға бағаланып отыр. Демек, 2050 жылға дейін Ресей тағы 4 млрд долларға шығындалуы тиіс. Бұл – «Восточныйға» бөлінетін қаржының жартысы.
Олег АХМЕТОВ, ғарыш саласының сарапшы-маманы:
– Бүгінгі таңда Ресейді жайлаған сыбайлас жемқорлықтың ауқымын ескеретін болсақ, ол жерде аз уақыттың ішінде жаңа ғарыш айлағы салынады деп айта алмаймын. Біздің жағдаймыз да оңып тұрған жоқ. Дегенмен Ресейде жемқорлықтың деңгейі тым жоғары болып тұр. Сондықтан болашақта Байқоңырға деген сұраныс төмендейді деп айту әбестік болар. Ресей – Байқоңырсыз Ресей емес, Қазақстан да Байқоңырсыз Қазақстан бола алмайды.Ондай кешен еш жерде жоқ. Бүгінде ол ғарыш аппараттарын ұшыру жағынан әлем бойынша бірінші орында келеді. Байқоңыр Ресей мен Қазақстанға ғана емес, Франция, АҚШ сияқты дамыған елдерге ғарыш саласындағы ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Себебі Байқоңыр баға жағынан арзан әрі қауіпсіз. Біздің ғарыш айлағымыз әлі талай жылдарға жетеді. Өйткені екіжақты келісімге сәйкес, Ресей әрбір ұшырудан кейін қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Бұған олардың өздері мүдделі.
Ресей үшін Байқоңырдың орны бөлек
Бүгінде «Восточный» ғарыш айлағының құрылысы басталып кетсе де, Ресей үшін Байқоңырдың экономикалық әлеуеті зор. Біріншіден, жаңа ғарыш айлағына жүк тасымалдайтын аэродром қажет я болмаса жақын жердегі аэродромнан теміржол желісін тарту керек. Байқоңырда ондай екі бірдей аэродром бар. Екіншіден, ғарыш саласындағы негізгі өндірістік ошақтар Мәскеу, Самара және Железногорск қалаларында орналасқан. Ол жерден ғарыш аппараттары, зымыран-тасығыштар және басқа да құрал-жабдықтар теміржол (2500 км) және әуе қатынасы (1500 км) арқылы Байқоңырға жеткізіледі. «Восточный» ғарыш айлағына дейін бұл қашықтық 5500 шақырымға дейін созылып кетеді. Үшіншіден, зымыран тасығыштардың бөлшектері тайгаға түсіп, орман өртіне себеп болады. Ал өрт онсыз да аймақтың күрделі проблемасына айналып отырғаны мәлім. Ең бастысы, «Восточный» ғарыш айлағы салынып жатқан жерде қажетті инфрақұрылым мен тұрғын үй жүйесі жоқ. Онда мамандар мен олардың отбасыларын қосқанда, 100 мың адамға арнап баспана салу қажет. Қазіргі кезде Углегорск қаласының өзінде 5-ақ мың адам тұрады. Демек, жаңа ғарыш айлағы үшін тұтас бір облыс орталығына шақ келетін қала тұрғызу қажет-ақ. Міне, осының бәрі қосымша қаржыға тіреледі. Соған қарамастан, Ресей жаңа ғарыш айлағының құрылысын бастап кетті. Себебі Ресей тәуелсіз ғарыш державасы болуға мүдделі.
Ресейсіз де күн көруге болады...
Қалай болғанда да, біздің Ғарыш агенттігіміз Ресейдің «Восточный» ғарыш айлағына кетуін болжап, Байқоңырдың болашағына қатысты өз ұстанымын білдірді. «Ресей «Восточный» ғарыш айлағына кеткен жағдайда Байқоңырдың жұмысы коммерциялық ұшыруларға тапсырыстар орындаумен ғана байланысты болады. Коммерциялық iске қосулар бойынша негiзгi жүктеменi «Протон» зымыран тасығышы көтередi. Алайда «Протон» улылығы өте жоғары зымыран отынын пайдаланады, сондықтан 2017 жылдан бастап оның орнына экологиялық жағынан қауiпсiз «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешені келуi тиiс», – делінген агенттіктің Стратегиялық жоспарында.
Ұлттық ғарыш агенттігі елімізде толыққанды ғарыш инфрақұрылымының жоқтығын мойындап отыр. «Байқоңыр» ғарыш айлағы табысты жұмыс iстеуі үшiн ондағы нысандарды дамытумен қатар, жеке өндірістік базаны қалыптастыру қажет деп санайды. Осының арқасында ғана Қазақстан отандық жерсеріктерін құру жұмысына толыққанды қатысып, келешекте спутник жүйелерiн өзі құрастыра алады.
Сейіл САУЫТБЕКОВ, Еуразия ұлттық университетінің ғарыштық техника және технологиялар кафедрасының меңгерушісі, профессор:
– Меніңше, Ресейдің жаңа ғарыш айлағын салуға күші жетеді. Себебі оның тәжірибесі мол. Әрине, Байқоңырға қазақстандық мамандарды көптеп жинау қажет. Бірақ Ресей оған біздің мамандарды оңай кіргізе қоймас. Себебі әрбір мемлекеттің өз құпиялары болады ғой. Мәселен, ғарыш саласындағы бір жаңалыққа 20 жылға дейін уақыт кетеді. Оны өз қолымен немесе тапсырыспен жасайтындар болады. Міне, осындай тапсырыстарды да ресейлік ғалымдар орындайды. Ал оның астарында әскери бағдарламалар тағы бар. Меніңше, Ресей Байқоңырдан кеткен жағдайда Қазақстанның аталған ғарыш айлағын игеріп кетуі екіталай. Сондықтан бізге барынша дайындалу қажет. Олар кеткен кезде біз Байқоңырдың озық технологиясын игеріп әкете алатындай болуымыз қажет.