Бағдат Мусин YouTube қолданушылары үшін жағымды жаңалықты бөлісті
Биыл Қазақстанда YouTube Premium іске қосылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Kznews.kz тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге сілтеме жасап жазады.
«Кремний алқабында YouTube компаниясының өнімді басқару жөніндегі вице-президенті Адам Смитпен келіссөздер жүргіздім. Ынтымақтастық перспективалары мен компанияның Қазақстандағы түрлі сервистеріне қолжетімділікті кеңейту мәселесі талқыланды. YouTube өкілдері биылғы жылы Қазақстанда YouTube Premium іске қосылатынын ресми түрде жариялады. Бұл біздің нарықтың ірі технологиялық компаниялар үшін барынша тартымды болып келе жатқанының көрсеткіші», — дейді министр.
Бағдат Мусиннің айтуынша, Premium-ге өту мүмкіндігі Қазақстанда бұрын қолжетімді болмаған YouTube сервистеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Premium-аккаунт иелері видеоларды жарнамасыз көре алады және оларды жүктеп алып, интернетсіз де қарай алады және т. б. мүмкіншіліктер бар», — деп атап өтті министр.