Азиада алауы – қазақ топырағында!

Қаңтардың 11-і күні Кувейттің әл-Кувейт қаласында тұтатылған Ақ Азиада алауы кеше оңтүстік астанамызға жеткізілді. Сөйтіп, спортшысы бар, шенеунігі бар, журналисі бар — барлығы 80 адам қатысып, Азиада алауы эстафетасын Алматы қаласында өткізді.
Елімізде бұрын-соңды болмаған шараға қалалық деңгейде ғана емес, мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінді деп айтсақ, асыра сілтегеніміз емес. Бұл мерекені қанша уақыт тосып, қанша рет дайындалдық десеңізші. Дайындық барысында талайдың жүйкесі жұқарғаны да жасырын емес. Міне, осыншама күттірген Азиада алауының эстафетасына ақыры жеттік-ау.
Негізі, Алматы тұрғындарына алау эстафетасы таңсық емес, осыдан екі жарым жыл бұрын оңтүстік астанамызда Олимпиада алауы эстафетасы ұйымдастырылған болатын. Міне, сол кездегі эстафетаны нағыз мереке деп айтуға болады. Ал Алматы қаласында өткен кешегі Азиада алауының эстафетасын екі жарым жылғы мерекемен салыстыра алмаспыз. Мұны Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Павел Новиков те мойындап отыр. Біздің «екі жарым жыл бұрынғы эстафета мен осы эстафетаның айырмашылығын айтып бере аласыз ба» деген сұрағымызға «айырмасы жер мен көктей» деп қысқа жауап қайтарған Павел Максимұлы аз-кем үнсіздіктен соң: «Ол кездегісі Олимпиада алауының эстафетасы ғой. Оған Олимпиада ойындарына қатысатын әлемнің барлық елі атсалысады. Алған әсеріміз де мүлдем басқаша болатын. Ал Азиада алауының эстафетасы – тек Азия деңгейіндегі шара ғана. Бірақ мәселе – мерекелік шараның деңгейінде емес, мұны толығымен қазақ халқының ұйымдастырып отырғандығында», – деп тоқ етерін айтты. Иә, расымен де, солай болса керек. Оның үстіне бұл Ақ Азиада алауы эстафетасының да өз құндылығы бар екенін айта кеткеніміз жөн.

Бұл эстафетаның құндылығы сол – тұңғыш рет алау дүбірлі доданы қабыл­дайтын елде емес, Азия олимпиадалық кеңесінің (АОК) бас штабы орналасқан әл-Кувейт қаласында тұтатылды. Яғни осындай игі бастамадан кейін болашақта екі елдің ынтымақтастығы бұдан әрі арта түсетіні анық. Тіпті қазірдің өзінде Қазақстанның бұл бастамасына ризашы­лығын білдірген АОК президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах алдағы уақытта елімізге арнайы іссапармен келетінін айтты. Ал бұрын Азиада алауы қалай тұтатылатын деп ойлап отырған болар­сыздар. Ендеше, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің айтқанына назар аударыңыздар.
–Осыған дейін Азиада ойындарын қабылдайтын елдің өздері алауды өз жерінде тұтата салатын. Біз бұл тұрғыда аздап өзгеріс енгізуді жөн санап, өз ұсынысымызды Азия олимпиадалық кеңесіне жеткіздік. Олар ұсынысымызды қуана қабылдады. Енді бұдан былай Азиада ойындарының алауы Кувейттің әл-Кувейт қаласында тұтанатын болады, – деді Алматы қаласының әкімі. Сондай-ақ Ахметжан Смағұлұлы неліктен Азиада алауының эстафетасы Астанадан емес, басқа қаладан емес, Алматыдан басталғанына да тоқталды:
«Азиада алауы эстафетасының Алма­тыдан басталып отырғаны – біріншіден, мақтаныш, екінші жағынан, заңдылық. Себебі VII қысқы Азия ойындарын өткізу құқын Астана емес, басқа қала емес, Алматы жеңіп алды».
Сонымен, Ахметжан Есімов пен ҚР туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамедовтің ақ тілегінен кейін қала әкімі Азиада алауын өзінің орынбасары Серік Сейдумановқа ұстатты. Тұғырдан секіру кешенінің алаңын бір айналып жүгіріп өткен Серік Сейдумановтан алауды шаңғымен трамплиннен секіруден КСРО чемпионы болған Андрей Вервейкин қабыл алды. Сөйтіп, Тұғырдан секіру кешенінен бастау алған алау эстафетасының шарықтау шегі ескі алаңда аяқталып, арты мерекелік концертке ұласты.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатамыз ғой. Жасыратыны жоқ, бұл жолы да ұйымдастырушылық тұрғыда кемшіліктер аз болмады. Мәселен, Азиада алауы эстафетасының барысында ешқан­дай салтанатты шараның куәсі бола алмадық. Рас, Кувейтке барып-қайтқан өкілдердің айтуынша, әл-Кувейтте бәрі тамаша болыпты. Керемет мерекелік концерт қойылып, Қазақстаннан арнайы барған эстрада топтары өз өнерлерін көрсеткен екен. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жоғары деңгейде болған. Мұны телетрансляция барысында өзіміз де көрдік. Дегенмен, өкінішке қарай, Алматыдан мұндай кереметтерді көре алмадық. Құдды бір, қарапайым қатардағы шаралардың бірін өткізе салғандай әсерде қалғанымыз да жасырын емес. Сондай-ақ алау шырағданының да бәріне ортақ біреу-ақ болғаны таңғалдырды. Салыс­тырмалы түрде айтар болсақ, Қытайда өткен XVI жазғы Азия ойындарының алау эстафетасы кезінде әрбір қатысушыда бір-бір шырағдан болып, отты бір-бірінен тұтатқан еді. Алайда ұнжырғамызды түсіруге болмас. Барлық кереметтер осындай кемшіліктерден, кемшіліктерді түзеуден басталатыны анық. Ендеше, Азиада алауы эстафетасының, жалпы Азия ойындарының есте қаларлықтай өтуіне сіз болып, біз болып атсалысқанымыз дұрыс болар.

Елдос ТІЛЕБАЛДИЕВ, көкпардан ҚР спорт шебері, Ақ Азиада алауы эстафетасына қатысушы:
– Досай деген сәйгүлігім екеуміз бұл шараға дайындықты бір ай бұрын бастағанбыз. Атымды толық дайындап келдім. Шынымды айтсам, қанша дайындалсам да қобалжып отырмын.
Екі секундтың ішінде алауды қолыма алуым керек болды. Ал одан кейін атпен өзіме берілген қашықтықты жүріп өттім. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе де алар емеспін.

• Ақ Азиада алауы сақталған құтымен бірге Кувейттен Қазақстанға аттанған ұшақ теңіз деңгейінен 11 мың метр биіктікте ұшқан. Ал жылдамдығы сағатына 900 шақырымға дейін жетіпті.
• Алматыдағы эстафетадан кейін Ақ Азиада алауы чартерлік рейспен Таразға аттанды.
• Алматыдағы эстафетаға қатысушылар­дың ең жасы 17 жасар мектеп оқушысы болса, ең егдесі 81 жасар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Михаил Горанько болды.
• Ақ Азиада алауы шырағданының авторы – Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста