Азапты Азғыр даласы азып барады
Азғыр. Құлазыған қу медиен дала. Тарихта ХІХ ғасырдың басында бұл жер бүтіндей бір елдің ата қонысы, құтты мекені болған деп айтады. Ертегі секілді. Жер-Ана жаралғалы осы мекен тап осы меңіреу қалыптан ажырамай тұрғандай көрінеді. Бөкей ханның інісі Шығайдан тараған дәулескер күйші Дәулеткерейдің болыстық құрған жері еді ғой бұл. Мұрағат құжаттары ХХ ғасырдың бас кезінде Азғыр өңірінде 14 ауылдық кеңес болғанын айтады. Қазақ жерінің бір бұрышындағы қазаны қайнап, бала-шағасы ойнап, атырабы жайнап тұрған мекен әлдекімдерге артықтау көрінді ме екен, КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 4 қараша күнгі жасырын қаулысы бойынша Нарын құмы «Ракета техникасы сынақтарын өткізу үшін» әскерилерге беріліп кетті. Тыныш өмірдің шырқы осылай бұзылды. Іргесі қалың ел ата күлдігін тастап, айдаладан қоныс іздеуге мәжбүр болды. Әрісі Ресей асты, берісі Қазақстанның оңтүстігіне ауды. Ал Азғырға «Оңтүстік сейсмикалық экспедициясы» деп аталған атом сынақтарының техникалық базасы орналасты. Осы базаның күшімен 20 жыл бойына 17 рет жерасты атом сынақтары жасалды. Жағдай тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түзелді. Полигон жабылды. Бірақ оның зардабын жергілікті жұрт әлі күнге тартып отыр.
Жақында...
...Үкімет басшысының тапсырмасымен сол Азғыр өңіріне құрамына облыс әкімінің орынбасары Серік Айдарбеков, аудан әкімі Аманжан Тәкешев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов және Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Мәжит Тұрмағамбетов, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігі СЭҚ Комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су қорлары комитетінің, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» РМК Ядролық физика институтының және осы институтқа қарасты экологиялық зерттеулер орталығының өкілдері енген арнайы комиссия барып, мән-жаймен танысып келді. Одан соң облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің төрағалығымен өткен басқосуда Азғырдың ахуалы жан-жақты баяндалды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Азғыр өңірінің геоэкологиялық жағдайы күрделі деп бағаланды. Айталық, жер қыртысы мен өсімдіктер радионуклеидтің көтеріңкі құрамымен залалданған. Ал жерасты суларында кадмий, литий, мыс, марганец сияқты элементтер мөлшері көп. Малды суаруға пайдаланып отырған жоғарғы деңгейдегі сулардың құрамындағы зиянды зат түрлері рұқсат етілген мөлшерден жүз есе артық болып отыр.
Дәрігерлердің дерегі
Азғырда болған 17 жарылыстың нәтижесінде, көлемі 1,2 миллион текше метрді құрайтын аса қауіпті тоғыз жерасты шұңқыры пайда болған. Радиация көлемі өте күшті. Жарылыстан көз ашпаған даланың жан жарасы әлі ауыр. Бұл жердің жұрты ажалынан бұрын өлім құшады, өйткені денсаулықтары облыстың өзге аудандарындағы тұрғындармен салыстырғанда екі жарым-үш есеге дейін төмен. Кішкене ғана елді мекеннің өзінде 350-ге жуық мүгедек бар. Күні кешегі арнайы медициналық тексеру 15-40 жас аралығындағы азғырлықтардың қан құрамынан ауыр металдар өте көп деңгейде табылғандығын көрсетті.
Бұған радиоактивті элементтердің ауыл адамдарының ағзасына әбден еніп кеткендігі себеп деген тұжырым бар. Сондай-ақ зерттеулер улы металдар мен радионуклеидтердің зардабынан 15 пен 40 жас аралығындағы тұрғындардың қан құрамындағы қорғасынның мөлшері нормадан 1,6 есе жоғары болса, 30-39 жас аралығындағы адамдардың қан құрамындағы кадмий 4 есеге көбейіп кеткенін көрсеткен.
Әкім айтады
Құрманғазы ауданының әкімі Аманжан Тәкешов арнайы зерттеулердің судың құрамында магний, калий, кальций, литий, никель және берилийдің көп мөлшері бар екендігін анықтағанын айтады. Бұл халық арасында асқазан-ішек аурулары, жүрек-қан тамырлары ауруларының кең тарауына себеп болып отыр. «Азғырдағы жер әлі күнге дейін радиациядан жапа шегіп келе жатыр, – дейді әкім, – өйткені цезий-137 33 жылдан кейін, стронций 90-100 жылдан соң ғана ыдырайды, ал 239-изотопты плутонияның ыдырау мерзімі – 242 жылдан 6000 жылға дейін екен».
Демек, жер тағдырын осы бастан қолға алмасақ, Азғырда дүниеге келетін әлі қанша ұрпақтың обалы мен сауабын кімге артамыз?
Ғалымның уәжі
Азғыр полигоны 1995 жылдан бастап Ұлттық ядролық орталықтың құзырына берілген еді. Ядролық физика институтының директоры Әділ Төлеуішовтің айтуынша, 2001 жылдан бастап ол жерде радиациялық бақылау, 2002 жылдан радиоактивті дақтарды жою жұмыстары жүргізіліп келеді екен. Бізді ойландырған бір жайт, Азғырға радиоэкологиялық және радиациялық мониторинг жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Ұлттық ядролық орталықтың Ядролық физика институты зерттеулерінде полигон орталығының тұрғындары үшін басты проблема таза ауыз су екендігі айтылады, алайда «дәл қазір олар пайдаланып отырған жерасты суындағы радиоактивті қауіпті элементтердің көлемі шамадан тыс емес» деген деректер келтіріледі. Ал Батыс Қазақстандағы жер қойнауы мекемесінен келіп түскен ақпараттарда Азғырдағы жерасты суларында литий, калий, магний сынды радиоактивті элементтердің жүз есе көп екендігі жазылған. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі осы департаменттің тұжырымымен келісіп отыр. Осыдан-ақ, аталған институт жұмысының қаншалықты дәрежеде екенін бағамдауға болатын шығар. Тағы бір жайт – аса қауіпті деп танылған Азғырдағы тоғыз алаң сыммен ғана қоршалып тұр. Дұрысында мұндай қауіпті алаңдар темір бетонмен қоршалуы керек еді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сүтін ішіп, етін жеп отырған төрт түлік малдары қазір сол қоршауларда жайылып жүр. Өйткені қоршау сымнан ары өту малға аса қиындық әкелмейді. Бірақ мұны да институт басшылығы жоққа шығарды: «Кезінде мұның бәрі республикамен де, облыспен де келісілген, сым қоршаулар барлық нормативтерге сай жүргізіліп отыр», – деді Төлеуішов мырза өзіне сауал қойған облыстық төтенше жағдайлар басқармасының өкіліне.
Депутат не дейді?
Азғыр жайы Мәжіліс мінберінде көтерілгелі де аз уақыт болған жоқ. 2007 жылы халық қалаулысы Тоқтар Әубәкіров: «Азғыр полигоны Семей полигонынан да қауіпті» деп дабыл көтерсе, Ұзаққали Елеубаев та өз кезегінде туған жерінің жанайқайын жоғарыдағыларға жеткізуге күш салып еді. Күні кеше ғана ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің атына сенатор Сәрсенбай Еңсегенов былай деп сауал жолдады: «Азғыр ядролық сынақ полигонында соңғы үш сынақ 1979 жылы А-8, А-10 және А-11 технологиялық алаңдарында жүргізілген. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, А-8 алаңындағы сынақ кезінде улы заттар жер қабатын жарып шығып, саңырауқұлақ тәрізді шаң-тозаң жер бетінде тұрған. Ал А-9 алаңы аумағындағы жер опырылып төмен түсіп кеткен, нәтижесінде диаметрі – 600 метр, тереңдігі 35 метр шұңқыр пайда болып, іші суға толып тұр. Мұндай белсенді ядролық сынақтардың өткізілуі Азғыр аймағының табиғатына және сол жердің тұрғындарының пайдаланып отырған ауызсуы мен мал суаратын суларының сапасына әсері жоқ деп айтуға болмайды. Сынақ барысында пайда болған тоғыз жерасты қуыстарының барлығына су жиналған, бұл жерасты суларымен байланыстың болуын көрсетеді».
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Ал халыққа қара су мұң
Аймақтағы тоғыз елді мекенді Қоянды топтық су жүйесіне қосу 1995 жылы басталып еді. Бірақ бұл жобаның 2-нші және 3-кезеңдерін жүзеге асыруға Үкімет тарапынан жеткілікті қаржы бөлінсе де, соңғы 15 жыл бойы шешімін таппай келеді. Бұл жайлы Еңсегенов мырза депутаттық сауалында да атап өтті: «Мемлекеттен екінші және үшінші кезеңге бөлінген 816 млн 806 мың теңгенің игерілуінде түсініксіз жайттар көп. Атқарылған жұмыстар сапасыз, мемлекет қаржысы талан-таражға түсіп, құрылыстың аяқталуы жылдан-жылға ауыстырылуда. Уақытында жоба әкімшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің су комитеті тарапынан бақылау жеткіліксіз болған. Осының бәрі маңызды әлеуметтік жобаның созбалыққа салынуына себебін тигізіп отыр. Сонымен бірге бұл табиғи жағдайы қатал, ядролық сынақ өткізілген аймақта тұратын сегіз мыңға жуық адамдардың орынды реніштерін туғызуда». Азғыр аймағын мекендеушілердің ең басты мұқтаждығы осы таза ауызсуы. Мұндағы жерасты суын ішу өте зиянды. Алайда басқа амалдың жоқтығынан жергілікті тұрғындар сол суды күнделікті тұрмыста пайдалануға мәжбүр.
P.S.
Құм төсіндегі ахуал, осылайша, күн санап күрделеніп барады. Елдің бір шетіндегі мекеннің зобалаң зардабынан айыға алмауы – тек Атыраудың ғана емес, күллі қазақтың проблемасы. Бесіктегі баласынан төрдегі қариясына дейін улы ауа жұтып, лас сумен шөл қандырып, ауру малдың етімен қоректеніп отырғаны, ал аулада XXI ғасырдың салтанат құрып тұрғаны қарама-қайшылық емей не? Ауыл тұрғындарын сауықтыру, полигон зардаптарын жою мәселесі сол үшін де ұзаққа созылмай, шешімін тапса екен дейміз. Үкіметтің осы жолғы бетбұрысынан ел сондықтан да үмітті.