Атыраулық дизайнер Лондонда халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді
Атыраулық дизайнер Лондондағы халықаралық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Атырауда тұратын баспа дизайнері Назерке Ищанова компьютердік графиканың Digital Art стилінде электронды қаламмен картина салып жүр.
Жақында оның сондай үлгіде салынған «Мұнар күн» картинасы Лондон қаласында өткен «Алтын таланттар уақыты» халықаралық байқауының бірінші жүлдесін иеленді.
Онлайн форматтағы байқауға әлемнің 39 елінен 200-ге жуық үміткер қатысқан.
«Халықаралық байқаудың жарнамасын әлеуметтік желіден көрген едім. Былтырғы қарашада бірнеше картинаның арасынан біреуін таңдап, бағымды сынап көру үшін жібердім. Бұл байқау 2007 жылдан бері тұрақты өтіп келеді», -дейді Назерке Ищанова.
Жергілікті дизайнердің айтуынша, 1836-1838 жылдары халық азаттық көтерілісінің көсемі Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл толуына орай дайындалған «Асқақ рух» кітабының беттеуші-дизайнері болған.
Сол кезде тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеу еңбектерімен танысқан.
Кейін батыр Махамбет Өтемісұлы мен ақын Ығылман Шөрекұлының Исатай туралы жырларын қызыға оқыпты.
Сол кезде қиялында батырдың кесек тұлғасы қалыптаса бастаған.
«Қазақ деген ұлы халықтың шынайы ғұмырдастаны әлі жазылып біткен жоқ. Ұлтымыздың ғұмырдастаны жазыла береді. Бұл картинамды азаттықтың ақ таңын аңсап күткен, өлшеулі өмірі ат үстінде жорықпен өткен Ұлы Дала батыры Исатай Тайманұлының асқақ рухына арнадым», -дейді дизайнер Назерке Ищанова.
Ол ел тәуелсіздігі үшін қанын төгіп, жанын берген ұлт батырлары мен респрессияға ұшыраған Алаш арыстары өмірін, еңбегін зерттеп жүр. Қазір оның қорында ұлт зиялыларының, батырлар мен арыстардың 50-ден астам картинасы бар. Картинаның бәрі Digital Art стилінде салынған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық суретші өзі тұратын ауылда галереясын ашқанын болатын.