Атыраудағы қайғылы жол-көлік оқиғасы Өзбекстанның төрт азаматының өмірін қиды, оның ішінде бір бала бар
"Доссор-Құлсары-Бейнеу" республикалық тас жолында Toyota Ipsum жеңіл көлігі мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысты. Жол апаты салдарынан Өзбекстанның төрт азаматы, оның ішінде бір бала қаза тапты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Toyota Ipsum көлігі апаттан кейін өртеніп кеткен. Жүргізуші мен үш жолаушы, оның ішінде бір бала қаза тапты. Тағы екеуі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
“Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – адам өмірін сақтаумен тең. Жүргізушілерге өзінің және өзгенің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау керектігін тағы да ескертеміз. Кеше түнде болған жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тапты. Олардың арасында 4-5 жастағы сәби де бар. Қаза болғандардың жеке басын анықтау жұмыстары жүріп жатыр, әзірге олардың Өзбекстан азаматтары екені белгілі”, – дейді Атырау облысы бойынша патрульдік полиция ротасының командирі полиция капитаны Әділбек Шахметов.
Айта кетейік, жыл басынан бері Toyota Ipsum жүргізушісіне қатысты 10 хаттама толтырылған. Белгілі болғандай, оның ішінде көлікті басқару кезінде жылдамдықты арттыруға 8 хаттама және қауіпсіздік белдігін тақпауға екі хаттама жасалған. Полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.