Атақты дизайнер әскерилердің киім үлгісін өзгертпекші
Жақын уақытта еліміздің әскери қызметкерлерінің киімі өзгереді екен. Белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова әскерилерімізге арнап заманауи форма үлгісін әзірлеген.
Жаңа тігілген киім үлгісі соғысты емес, елдің берік қорғанысын сипаттайтын мазмұнға ие болмақ. Бұл киім үлгісі ел егемендігінен кейін де қолданыста болып келген кеңестік армияның дәстүрлі формасынан мүлдем өзгеше, жаңаша қалыпта тігілген екен. Ал иық белгінің орнына ілмек қойылып, түймелерде Қазақстан Қарулы Күштерінің эмблемасы бейнеленеді. Құралай Нұрқаділованың жаңаша тігілген әскери киім үлгілерін алдағы Конституция күніне арналған шеруде көріп қалуымыз мүмкін. Жасыл орман түсінің орнына көгілдір түске боялған форма ел байрағын еске салады. Бір қызығы, жаз мезгілінде әскерилерге спорттық жеңі шолақ бейсболка мен жейде киюге рұқсат етілмек. Құралай Нұрқаділова бізге отандық әскери киім үлгісін әзірлегені рас екенін, бірақ оның қабылдану-қабылданбауы туралы ақпаратты Қорғаныс министрлігі әзірше жария ете қоймағанын айтты.