Асыл тастан жасалған ұршық табылды
Тауы мен тасы тарихтан сыр шертіп тұрғандай көрінетін киелі Әулиеата өңірі расында да көне де құнды жәдігерлерге бай. Оған жыл сайын жер астынан табылып жатқан жәдігерлер дәлел.
Жуырда тағы да осындай өте көне заманда жасалған құмыра мен асыл тастармен көмкерілген ұршық табылды. Құнды экспонаттар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды. Мұражайда бұрын-соңды мұндай керемет жәдігерлер болған емес. Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылының маңынан табылған шар, конус тәріздес ыдыс пен жартылай асыл тастан жасалған ұршықты шамамен Х-ХII ғасырларда жасалған деп болжам жасалып отыр. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған ыдыс пен тұрмысқа қажетті ұршықты тарихшылар ерте ортағасырлыққа тән деп отыр.
Ғалия Әлімжанова, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары:
– Мұражайымызда осы уақытқа дейін оюланған шарконустық ыдыстар болған емес. Құнды жәдігерлермен толыққанына қуаныштымыз. Ерекше олжаны қызыға кеп тамашалаушылар көп. Көне жәдігерлерді мұқият зерттеген тарихшылар оларды философиялық мәнге ие ыдыс деп атап кетті, олай деуінің де өзіндік себебі бар. Олардың ерекше пішінінің өзі тылсым мағынаға ие.